Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Орталық сайлау комиссиясы отырысында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезіндегі заңбұзушылықтар туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Сайлауалды науқан барысында прокурорлар 11 бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 114-бабы бойынша мәслихат депутаттығына кандидаттардың үгіт материалдарын бүлдіргені үшін 6 азаматқа айыппұл салынды. Алматыда пәтер иелері кооперативінің төрағасы қалалық мәслихат депутаттының кандидатына тұрғын үйлердің кіреберісінде үгіт материалдарын орналастыруға рұқсат беріп, басқа кандидатқа тыйым салған. Осылайша ПИК басшысы кандидаттың үгіт-насихат жұмысына кедергі келтірді. Айыпты жауапқа тартылды», - деді Жандос Өмірәлиев.
Сондай-ақ, Қарағанды облысының тұрғыны учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі бола отырып, аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттың үгіт материалдарын таратқаны анықталыпты.
«Бұған заңмен тыйым салынған. Осыған байланысты оған айыппұл салынды. Одан бөлек, Түркістан облысында қалалық мәслихат депутаттығына кандидат сайлау алдындағы үгіт жүргізу шарттарын бұзды. Ол құм-қиыршық тас қоспасын төсеу бойынша тегін қызмет көрсеткен. Сот оған әкімшілік құзықбұзушылық кодексі 122-бабының 2-бөлігі бойынша айыппұл салды», – дейді Бас прокурордың орынбасары.
Бұдан бұрын хабарланғандай, сотқа Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардан 166 арыз түскен.
Еске салайық, елімізде Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 19 наурызда өтеді.
Ертең – сайлау алдындағы тыныштық күні, яғни кандидаттарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады.