Бұхара соты Қарақалпақстандағы наразылыққа қатысты екінші іс бойынша 39 айыпталушыға үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Өзбекстанның Жоғарғы сотының мәліметінше, адвокат Оралбай Досназаров 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Прокуратураның айыптауына сәйкес, 2022 жылғы 27 маусымда ол "Өзбекстан Конституциясына ұсынылған өзгерістерге қарсы шығу тақырыбында адвокаттармен Нүкістегі "Ташкент" қонақ үйінде кездесу өткізді, сондай-ақ заңгер Дәулетмұрат Тәжімұратовты ұстау кезінде 2022 жылғы 1 шілдеде жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушыларды тергеу изоляторы алдына жинады және оларды басқара отырып, әріптесін босатуды талап етті".
Жеке кәсіпкер Өмірбек Құрбанов 10,6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Дауранбек Раманов пен Шарапат Әшірбеков сәйкесінше 9 және 8 жылға сотталды.
Жеке кәсіпкер Асылбек Өмірзақовқа, такси жүргізушісі Азамат Алланазаровқа, Рустам Досымбетовке, Ұлттық ұланның Нүкіс қалалық күзет бөлімінің әскери қызметшісі Нұратдиин Хабиповқа және Замирбек Тәжімұратовқа 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Нұрсұлтан Дүйсенбаев пен Нұрет Бауетдинов әрқайсысы 7,5 жылға сотталды.
Заңгер Дәулеткелді Надирбаев, Әділбек Сариев, "Берди-Транс" компаниясының жүргізушісі Конгратбай Бекполатов, "Давлет-Транс" компаниясының жүргізушісі Руслан Байыбетов, жеке кәсіпкерлер Қуанышбай Бахиев және Ислам Сапаров, Президенттік мектептің жүргізушісі Зайырбек Піржанов, такси жүргізушісі Рахымжан Жұмабаев, Айдос Есемұратов, сондай-ақ, "Зарқанд" кондитерлік кәсіпорнының сауда агенті Манас Рахманов әрқайсысы 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Жүргізуші Нұрсұлтан Байлепесов, Алпамыс Жұмабеков, Камал Ешжанов, "Күнград" вагон депосының тексерушісі Исламбек Айтмұратов және "Өзбекстан темір йюллари" вагонының кондукторы Полат Есенгелдиев әрқайсысы 6 жыл түрмеде отырады.
Ислам Полат 5 жылға сотталды.
Журналистер Әбдімәлік Қожаназаров пен Есімқан Қанатовқа 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы берілді.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 1 шілдесінде Нүкіс, Мойнақ және тағы да бірнеше қалада Қарақалпақстанның егеменді мәртебесін жоятын конституциялық түзетулерге қарсы наразылықтар басталды. Бірақ билік демонстрацияларды билікті басып алу әрекеті ретінде қарастырды және акцияларға қатысушыларға көзден жас ағызатын газ, резеңке оқтар мен түтін бомбаларын қолданды.
Ресми мәліметтерге сәйкес, наразылық білдірушілерді тарату нәтижесінде 21 адам қаза тапты. Барлығы 243 адам жарақат алды.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің Нүкіске сапарынан кейін Өзбекстан Парламенті Қарақалпақстанның егемендігі туралы бапты Конституцияға енгізілген түзетулер жобасынан алып тастады.
Бұдан бұрын, Бұхара соты Қарақалпақстандағы наразылық ісі бойынша 22 айыпталушыға үкім шығарған.