160 мың доллар пара берген "Қазферросталь" басшысы 10 жылға сотталды

Ғалиасқар Думан

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында пара берді деп айыпталған "Қазферросталь" ЖШС Бас директоры Аида Бекмановаға үкім шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

әлеуметтік желіден

Сот мәліметінше, Бекманова кәсіпорынды әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін Алматы экология департаментінің лауазымды тұлғаларына 160 000 доллар көлемінде пара берген.

"Қазферросталь"  балқытудан кейінгі қожды заңсыз көмгені және қара металл қалдықтарын аса ірі көлемде жинағаны үшін жауапкершілікке тартылуы тиіс еді.

Мұның бәрі Кіші Алматы өзенінің су қорғау белдеуіндегі мемлекеттік қордың жер учаскелерінде сақталған.

Сотта Бекманова пара беру фактісін жоққа шығармай, экология департаментінің лауазымды тұлғалары тарапынан арандату әрекеттері туралы дәлелдер келтірді. Алайда сотта бұл дәлелдер расталмады.

"Сонымен қатар, ол пара беруге мәжбүрлік туған жағдайда болған жоқ, өйткені кәсіпорынның жабылуы мен банкроттығы туралы мәселе тұрған жоқ және оның әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға шағымдану мүмкіндігі болды", - делінген сот хабарламасында.

Бекманова полицияға жүгінудің орнына параны өз еркімен шенеуніктерге бергені анықталды.

Кінәні ішінара мойындауы және асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуы жазаны жеңілдететін жағдайлар деп танылды.

"Сот үкімімен айыпталушы лауазымды адамдарға аса ірі мөлшерде пара бергені үшін кінәлі деп танылды және 10 жылға бас бостандығынан айырылды, мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды", - деп хабарлады сотта.