Петропавл тұрғындарының "тәуелсіздік жариялауы": депутаттар Бас прокурорға хат жолдамақ

Ғалиасқар Думан

Мәжіліс депутаттары өздерін Қазақстаннан «тәуелсізбіз» деп мәлімдеме жасаған Петропавл тұрғындарына қатысты Бас прокурорға хат жолдамақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видеодан кадр

Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында депутат Абзал Құспан мәлім етті.

“Петропавлдағы жағдай бойынша Бас прокурор атына хат дайындалды, енді депутаттардың қолын жинап, түстен кейін жолдайтын боламыз”, – деп жазды ол.

Еске салайық, өздерін Петропавл тұрғындарымыз деп таныстырған бір топ адам Қазақстаннан «тәуелсізбіз» деп мәлімдеме жасап, Халық Кеңесі құрылғанын жариялады. Олар Қазақстан Республикасын «корпорация» деп атап, оның құқықтық негіздерін жоққа шығарды.

«Біз азат және еркін халықпыз, ерлер мен әйелдер, СҚО Петропавл қаласының тұрғындары Қазақстан Республикасы корпорациясының құқықтық негізінің жалғандығына, халықтың өміріне қолайсыз жағдайлар туғызуына, сонымен қатар, оның агенттерінің әрекетке қабілетсіздігі мен абыройсыздығына байланысты игілігіміз бен ресурстарымызды басқару жүйесінің барлық құрылтайшысы мен қызметшілеріне толық сенімсіздік білдіреміз. Біз халық, өз тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді жариялаймыз», - дейді қатысушылар әлеуметтік желілерде тараған видеода.