Атырауда шетелдік инженерге жергілікті маманға қарағанда 10 есе көп жалақы төленген

Ғалиасқар Думан

Бірдей қызмет атқаратындығына қарамастан қазақстандыққа шетелдіктен аз жалақы төлеген кәсіпорындар жазаланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы  Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлім етті.

«Облыстардағы прокурорлар былтыр мемлекеттік еңбек инспекторларымен бірлесіп, шетелдік жұмыс күшін тартатын 64 кәсіпорынға тексеру жүргізді. Оның барысында еңбекақы төлеудегі диспропорцияның 179 жағдайы анықталды. Мысалы, Алматы облысында «CITIC Construction» ЖШС-де Қытайдан келген инженердің жалақысы сол лауазымдағы жергілікті маманға қарағанда 2,5 есе көп болған. Қытайдан келген маман 750 мың алса, қазақстандық айына 300 мың алып келген. Сол сияқты Атырау облысында «Фиркрофт Инжиниринг Сервисез Лимитед» ЖШС-де Англиядан келген жоба инженерінің жалақысы сол лауазымдағы жергілікті маманға қарағанда 10 есе көп болғаны анықталды. Атап айтқанда, шетелік маман айына 15 млн 760 мың теңге, ал жергілікті жұмыскер 1 млн 927 мың теңге алып келген», - деді ол ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оспанқұловтың сөзінше, анықталған құқық бұзушылықтар негізінде 263 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 64,3 млн теңге айыппұл салынған.

Айта кетейік, Қазақстанда 3,5 мыңнан астам шетелдік басшылық қызмет атқарады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 640 жұмыс беруші бар. Оларда 409 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 411 адам, Үндістан – 1 685 адам, Түркия – 1 523 адам, Ұлыбритания – 1 073 адам, Өзбекстан – 769 адам.