Халықтың мойнындағы проблемалық несие 820 млрд теңгеден асып жығылды

Ғалиасқар Думан

Ақпан айында қазақстандықтардың төлем мерзімі 90 күннен асқан несиелерінің жалпы көлемі 827 млрд теңгеге жеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлім етті.

Ведомство дерегінше, қаңтар айында бұл көрсеткіш 815 млрд теңге болған еді. Осы 827 млрд теңгенің 504 млрд теңгесі – жеке тұлғалардың мойнында.

Қалған 323 млрд теңгесі – заңды тұлғалардыкі. Мұның ішінде шағын және орта бизнестің де «үлесі» бар.

«1 наурыздағы жағдай бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің кредит портфелінің жалпы көлеміндегі үлесі 3,4%-ды немесе 827 млрд теңгені құрады (2023 жылдың басында - 3,4% немесе 815 млрд теңге). Жеке тұлғалар портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі 3,8%-ды немесе 504 млрд теңгені (1 қаңтар 2023 жыл – 3,7% немесе 493 млрд теңге) ШОБ-ты есептегенде заңды тұлғалар портфелінде – 3,0% немесе 323 млрд теңге (1 қаңтар 2023 жыл – 3,0% немесе 321 млрд теңге)», - деп жазылған шолуда.

Агенттік мәліметінше, мерзімі 90 күннен асқан кредиттерді арнайы резерв есебінен өтеу деңгейі 76,5% болған. Бұл жылдың басындағы көрсеткіштен 0,4% аз.

Айта кетейік, бұдан бұрын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк алдындағы қарызын 90 күннен аса төлемеген азаматтарға несие бермеуді ұсынған.