Бензин қымбаттаса, азық-түлік бағасы да шарықтай ма – Смайылов жауап берді

Ғалиасқар Думан

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бензин бағасының қымбаттауы елдегі инфляцияға қаншалықты әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

«Жанар-жағармай бағасының өсімі белгілі бір деңгейде инфляцияға әсер етеді. Тікелей ықпалын алып қарасақ, 0,4 мөлшеріндегі дизель отыны мен АИ-92 бензинінің тұтыну үлесін ескере отырып, орта есеппен жан басына шаққанда, инфляцияға әсері шамамен 0,35% болады. Бұл - тікелей әсер»,- деді Әлихан Смайылов.

Премьердің сөзінше, жанар-жағармай бағасы өсуінің инфляцияға жанама әсері де болады.

«Дизель мен бензин өндірушілердің шығындарын ескерсек, инфляцияға белгілі бір мультипликативті әсер болады. Дегенмен Мемлекет басшысы бізге жыл соңына қарай инфляция деңгейін екі есеге төмендету міндетін қойып отыр. Сондықтан Үкімет инфляциялық процестерді тежеу бойынша жүйелі және жедел шаралар қабылдап жатыр», – деп атап өтті премьер-министр.

Смайылов өткен айда Қазақстанда инфляция қарқыны айтарлықтай баяулағанын атап өтті.

«Егер ақпан айында жылдық инфляция - 21,3% болса, наурызда көрсеткіш - 18,1% Бұл үрдіс одан әрі жалғасады, инфляциялық процестерді тежеуге бағытталған шаралар кешенін белсенді түрде іске асырамыз»,  – деді ол.

Еске салсақ, Болат Ақшолақов Қазақстанда АИ-92 бензині 11 пайызға қымбаттайтынын мәлімдеді.

Бұдан бұрын Үкімет басшысы жанармай бағасының қымбаттауына не себеп болғанын түсіндірген.