ДСҰ әлемде азық-түлік қаншалықты қымбаттағанын анықтады

Ғалиасқар Думан

Өткен жылы әлемдегі азық-түлік тауарларының бағасы 18 пайызға өсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

dela.ru

Бұл туралы Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) баяндамасында айтылған.

"Азық-түлік бағалары да 2022 жылы айтарлықтай өзгерді, қаңтар мен мамыр аралығында бұл көрсеткіш 19 пайызға өсті, ал мамырдан желтоқсанға дейінгі кезеңде 15 пайызға төмендеді. Сонымен бір жыл ішінде азық-түлік бағасы 2021 жылмен салыстырғанда 18 пайызға өсті, оның ішінде астық бағасы  21 пайызға көтерілген", - делінген хабарламада.

Ең көп қымбаттаған тауар – тыңайтқыштар, оның бір жылдағы құны 63 пайызға өсті.

ДСҰ азық-түлік бағасының өсуі ауыл шаруашылығы өндірісінің өсуін ынталандырады деген сенімде.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, өткен жылдың соңынан бері елімізде инфляция қарқыны үдеді. Ұлттық банктің мәліметінше, 2023 жылғы қаңтарда елдегі жылдық инфляция 20,7%-ды (2022 жылғы желтоқсанда – 20,3%) құрады. Өңірлер бойынша 19 облыста инфляция үдеп, тек 1 облыста ғана (Қарағанды ​​облысы) бәсеңдеген.

Бір жыл ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 26,2%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,5%, ақылы қызметтер құны 15% өсті.

Өткен аптада Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында сөз сөйлеген президент Үкіметке елдегі инфляцияны кемінде 2 есе төмендетуді тапсырды.