Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы Гейдар Әлиев көшесінің бойына егілген шыршаның орнынан алыну себебін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның сөзінше, шырша көшеттерінің қайта қазылғаны рас. Оның орнына басқа ағаш егіліпті.
«Әзербайжан Республикасы президентінің ресми сапары аясында Гейдар Әлиев көшесі салтанатты түрде ашылған болатын. Бұқар жырау көшесінің Гейдар Әлиев көшесімен қиылысқан тұсында бес шырша отырғызылды. Кейін агрономдар бізге бұл шыршаларды қылқан жапырақты ағаштардың өсуіне әлдеқайда қолайлы орынға – Ботаникалық бақтағы Әзербайжан президенті өз қолымен еккен ағаштан 100 метр жерге ауыстырылды. Ал олардың орнына жөке мен арша егілді. Өйткені жөке магистральдік жолдың бойында жақсы өседі және эстетикалық көрініске сән қосады», - деп түсіндірді әкімдік өкілі.
Еске салсақ, Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Астанаға 10 сәуірде келген болатын. Сапар барысында Қазақстан және Әзербайжан президенттері Гейдар Әлиев атындағы көшенің салтанатты ашылуына қатысты. Кейін президенттер Ботаникалық бақта ағаштар отырғызған болатын.