Қазақстан экономикасының үш айы: өстік пе, кері кеттік пе?

Ғалиасқар Думан

Үкіметтегі кеңесте сөз сөйлеген премьер-министр Әлихан Смайылов сыртқы қысымдарға қарамастан, экономикада оң өсім барын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Үкімет басшысының сөзінше, жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан экономикасы 4,9% өскен.

"Бүгінде ұлттық экономика қолайсыз сыртқы жағдайларға бейімделіп, тұрақты өсу жолына түсті. Сонымен қатар әлемде санкциялық саясаттың шиеленісуі, жеткізу тізбегінің үзілуі, инфляция мен азық-түлік бағасының өсуі жаһандық экономиканың баяулауына үлкен әсер етіп жатыр. Атап айтқанда, Халықаралық валюта қоры жаһандық инфляция болжамын 2023 жылы 7 пайызға дейін көтерсе, жаһандық экономикалық өсу болжамын 2,8 пайызға дейін төмендетті", – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр бағаны тұрақтандыру үшін үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырып жатқанын айтты.

"Нәтижесінде биылғы наурыз айында жылдық инфляция 18,1%-ға дейін баяулады. Соңғы 4 аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша инфляция тіркелген жоқ. Біздің алдымызда биыл инфляцияны 2 есеге дейін төмендету міндеті тұр", – деді Әлихан Смайылов.

Естеріңізге сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Үкімет алдына қойған маңызды міндеттердің бірі – инфляцияны екі есеге төмендету. 

Бұдан бұрын Серік Жұманғарин журналистердің "Елдегі инфляцияны екі есеге төмендету туралы тапсырманың орындалатынына кепілдік бере аласыз ба?" деген сұрағына жауап берген.

Үкімет мүшелерінің бағаны төмендету туралы уәделеріне қарамастан елде азық-түліктің көп түрі қымбаттап келеді. Мәселен, өткен айда елімізде ауыл шаруашылығы өнімдеріне өндірушілер бағасы біршама өсті.