Үш жылда президенттің атына жазылған арыз-шағымдар 2 есе көбейген

Ғалиасқар Думан

Президенттің атына жазылған арыз-шағымдардың саны үш жылда 2 есе өсті. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

әлеуметтік желіден

«Әрбір аймақтың өз ерекшелігі және «әлсіз тұстары» бар. Өкінішке қарай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақтылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады.

Жаңа жылдан бері Президент Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауында 811 адам болды. Соның 730-ын кестеден тыс, яғни табан астында жедел түрде қабылдауға тура келді. Олардың арасында барлық аймақтың тұрғындары бар. Президенттің атына жазылған арыз-шағымдардың саны үш жылда 2 есе өсті», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, мемлекеттік қызметшілердің, басшылар өз жұмысына селқос қарайтыны, жауапкершілік алудан тартынатыны, әсіресе, бюджет қаржысын игеру ісінде қатты байқалады.

«Олар жұмысты сапалы орындауға емес, тапсырманы дер кезінде бақылаудан алуға баса мән береді. Соның зардабын бәріміз тартып отырмыз. Жария етілген көптеген реформа әлі де баяу жүріп жатыр. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан Үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жою үшін ерік-жігер танытуға тиіс», – деді президент.