Қазақстанның тағы бір қаласының тұрғындары жаз бойы ыстық сусыз отырады

Ғалиасқар Думан

Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай қаласында жаз бойы ыстық су болмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Алтай ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қала бойынша жылыту маусымы 5 мамыр күні аяқталған. Енді жылу желілеріне жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жаз бойы тұрғындар ыстық сусыз отырады.

«1 маусымнан бастап үйлерде ыстық су болмайды. Сол кезде қазандықтар толық өшіріледі. Жоспар бойынша ыстық су ыркүйек айында қосылады. Осы уақыт аралығында қазандықта, жылу желілерінде жоспарлы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі», - делінген ақпаратта.

Еске салайық, бұдан бұрын Риддер қаласында жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарына байланысты тұрғындар жаз бойы ыстық сусыз отыратынын хабарлағанбыз.