"Жолаушылармен диалог орнату мәдениеті төмен": Смайылов FlyArystan-ға шүйлікті

Ғалиасқар Думан

Үкімет отырысында премьер-Министр Әлихан Смайылов әуе компаниялары жолаушылардың сын-ескертпелерін елемейтінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

«Отандық авиакомпанияларға қатысты жолаушылар тарапынан орынды сын-ескертулер айтылуда. Мәселен, рейстердің кешігуі немесе мүлдем орындалмай қалуына байланысты шағымдар көп. Айталық, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында «Fly Arystan» компаниясы Қостанай әуежайынан Астана мен Алматыға ұшуы тиіс рейстердің жартысына жуығын орындаған жоқ. Сондай-ақ, 25 ақпанда дәл осы авиакомпанияның жолаушылары «Астана-Шымкент» рейсінің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жанжал шығарды. Ақыр аяғында, ол рейс мүлдем орындалмай қалды», - деді Смайылов.

Оның айтуынша, компаниялардың жолаушылармен диалог орнату, мән-жайды түсіндіру мәдениеті төмен.

«Әуекомпаниялардың жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен. Рейстердің кешігу себептерін уақтылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды. Осыдан барып, баға саясатында да көптеген сұрақтар туындайды», - деді үкімет басшысы.

Айта кетейік, бұдан бұрын Fly Arystan қызметкерлері ұшаққа домбырамен кірмек болған айтыскерді жұрт көзінше жұлқылаған.

Оқиғаның қалай болғанын ақын Айшолпан Тілеутай порталымызда берген сұхбатында толыққанды айтып берген еді.