АЭС салу мәселесі референдумға шығарылмайтын болды

Ғалиасқар Думан

Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов атом электр станциясы бойынша мәселе референдумға шығарылмайтынын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Оның сөзінше, болашақ станцияның қайда салынатыны, қашан салынатыны әлі анықталмаған.

«Бұл мәселе (АЭС құрылысы туралы) референдумға шығарылмайды. Бірінші мәселе станцияны орналастыратын жерге қатысты болып тұр. Екіншіден, технология мен қаржылық-экономикалық модель маңызды тақырып», - деді Жандос Нұрмағанбетов Сенат кулуарында.

Ол осы салада жұмыс істейтін компаниялардың барлығы Қазақстанмен ынтымақтасуға дайын екенін атап өтті. Мәселен, жақында келіссөздерге Оңтүстік Кореядан өкілдер келген. Сонымен қатар, Қытай жағы да тиісті ұсыныс жасауы мүмкін.

«Біз әлі де АЭС салынатын жер мен құрылыс жұмыстарының уақытын нақтылаған жоқпыз. Енді заңнамаға сәйкес қоғамдық тыңдаулар ескерілген. Бізге жаңа министр келді және осы мәселемен айналысып жатырмыз», - деді вице-министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым–Жомарт Тоқаев АЭС салынатын болса, міндетті түрде, халықпен санасатынын айтқан еді. 

Жуырда Қазақстанда АЭС құрылысына қарсы петиция жарияланған. Оның авторлары елімізде АЭС салу жобаларына мораторий енгізуді талап етті.