Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елімізде мұнай өндірісінің көлемі айтарлықтай азайғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жоспар бойынша Қазақстанда биыл 90,5 миллион тонна мұнай өндірілуі тиіс еді. Алайда, министрдің сөзінше, жыл соңына дейін мұнай өндірісі 1,5-2 миллион тоннаға дейін төмендеуі болжанып отыр.
«Мұнай өндірудің жоспарлы көлемі қысқарды. Өздеріңіз білетіндей, біз 90,5 миллион тонна мұнай өндіруіміз керек еді. Бұл жерде мәселе тек қана МАЭК-тегі апаттан емес. Кен орындарында жоспарлы және жоспардан тыс жөндеу жұмыстары жүрді. Сондай-ақ жөндеу жүргізудің қосымша көлеміне байланысты да мәселелер туындады. Осы орайда қазір электр энергиясын күніне 12 мың тоннаға дейін шектеуге байланысты біз жоспардан ауытқып отырмыз. Яғни электр энергиясын жеткізудегі шектеулерге байланысты тәуліктік мұнай өндірісі төмендеді», - деді Сәтқалиев.
Оның айтуынша, жыл қорытындысы бойынша шамамен 89,4 миллион тонна мұнай өндіріледі деп күтілуде.
Еске салайық, өткен демалыстарда МАЭК-те тағы да апат болды. Салдарынан үшінші энергоблок өшіп қалды. Маңғыстау облысындағы бірнеше ауылдың тұрғындары жарықсыз қалды.
Одан бұрын, 3 шілдеде МАЭК-те №1 энергетикалық блоктың жұмысы апатты жағдайда тоқтап қалған болатын. Апат салдарынан "Атырау мұнай өңдеу зауытының" жұмысы да тоқтады.
МАЭК қызметкерлері сәуір айында кәсіпорында жабдықтардың тозғанын, сондай-ақ жалақының төмендігіне байланысты кадрлар жетіспейтінін айтқан. Ulysmedia тілшісі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен неге бұл ескертуді ешкім елемегенін сұрады.
Министр МАЭК-тегі жағдайдың күрделі екенін растады. Онда толық көлемде күрделі жөндеу жүргізілмеген, қаржыландыру жеткіліксіз болған.
Ал үкімет басшысы Әлихан Смайылов Атырау зауытындағы апат салдарынан елде жанармай тапшылығы туындамайтынына сендірді.
13 шілдеде Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) және Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) тексерудің алдын ала қорытындысы жарияланды.
Дәл сол күні “ҚазМұнайгаз” басшысы мен Энергетика вице-министріне сөгіс жарияланды.