Мұндай оқиғалар көп, бірақ ешкім тіс жармайды – секс-құлдықта болған оқушының анасы

Мөлдір Бақыт

Тамыз айының басында Қызылорда қаласында мектеп оқушысының анасы сыныптастары қызын есірткі қолдануға мәжбүрлеп, күштеп ұстағанын, ақша бопсалап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр еткенін мәлімдеген. Кейін оқиғаның егжей-тегжейі арнайы өткен брифингте баяндалды. "Не молчи" қоғамдық қорының араласуымен сұмдық деректердің беті ашылды. Сол күні белсенді Айсана Әшім «16 жастағы қызды 1000 еркек зорлағанын» айтып дабыл қақты. Бұдан бұрын оқушыны секс-құлдыққа салған 13 адам бары айтылған. Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында жәбірленуші қыздың анасы қазір іс бойынша 200 адам тергеліп жатқанын бөлісті.

сурет ашық дереккөзден

– Қызыңыз қазір қайда, хәлі қалай?

– Қызым қазір үйде, жағдайы жақсы. Бірақ екеуміз де ем алып жатырмыз. Психиатрмен жұмыс жасадық, неврология бөлімінен ем алдық. Ақырындап жағдайы оңалып келеді.

– Қала тұрғындары, таныс жандар, араласатын орталарыңыз бұл оқиғаны қалай қабылдады?

– Танитын-танымайтын адамдар, туған-туыстарымыздың бәрі бұл оқиға жайлы естігенде шошыды. Қызымызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіргенімізді, жақсы тәрбиелегінімді таныс-тамырдың бәрі біледі. «Бұл қалай болды?» деп сене алмады жұрт. Құдайдың бізге берген сынағы шығар, бұдан да өтерміз...

Қазақстандықтар бас көтеріп, дауыстарын қаттырақ шығармайынша мұндай іс-әрекеттер тоқтамайды. Бұл бастамасы деп ойлаймын. Мұндай оқиғалар көп адамның басынан өтіп жатыр, бірақ ешкім тіс жарып айтпайды. Бәрі жасырады, баласын алып басқа жаққа көшіп кетеді. Мен жасырған жоқпын, мейлі бетім ашылсын, атым шықсын, күдіктілердің бәрін жауапқа тартқызам.

– Күдікті оқушылардың ата-аналары, жақындары сіздерге хабарласты ма? Не дейді?

– Күдіктілерден тек қана екі оқушының ата-анасы келді. Үрім-бұтағымен. Келгенде айтқандары – ақшаларыңды берейік, арызыңды қайтарып ал дейді. «Кешірім бересің бе, тоқетерін айт. Бізге сол ғана керек» деді бір қыздың ағасы. Менімен өте дөрекі, бейәдеп сөйлесті. «Кешірім бермеймін, соңына дейін барамын» дедім.

– ⁠Әлеуметтік желіде зардап шеккен қыздың анасын айыптап жатқандар көп болды. Осыған не айтасыз?

– Оларға бір-ақ нәрсе айтам: Құдай бастарына бермесін. Қызымды жақсы тәрбиеледім, осындай оқиғадан, қорқынышты ортадан аман-есен шықты. Тек денсаулығына, психикасына зиян келді. Емдетіп, оңалтып аламын.  

– ⁠Сіз қызыңызбен ашық әңгімелесетін бе едіңіз? Қарым-қатынастарыңыз қандай болды?

– Қызыммен де, ұлыммен де жақсы қарым-қатынастамыз. Менен ештеңе жасырмайтын. Бұл оқиғаны неге айтпады десеңіз, олар қызымды қорқытқан. Видеоқоңыраумен хабарласып: «Міне, есігіңнің алдында тұрмыз, қазір үйіңе кіріп, әке-шешеңді пышақтап өлтіреміз» деп зәресін алған. Біреуге айтып қойсаң өлтіреміз деп қызымды қылқындырған, дарияға апарып, суға лақтырып жібереміз деген. Ұрған, тепкілеген, денесіндегі түктерін оттықпен күйдірген. Білгендерін істеген. Басын аямай тепкілегендері соншалық, гематомамен келді. Келген күні дұрыс сөйлей де алған жоқ. Құлағым естімейді десе, дәл құлағының тұсынан теуіп, «енді еститін болды ма» деп мазақ еткен. Целофан пакетті жағып, ыстық ерітіндіні денесіне ағызған. Денесінде күйген іздері бар. Үш видео көріп, есімнен тана жаздадым. Көру мүмкін емес. «Неге айтпадың, қалай шыдадың?» дедім қызыма. Анандай сұмдыққа қалай төзгенін білмеймін. «Мама, мен үйге өлуге келдім. Мені бәрібір өлтіреді» деді келген күні.

Қыз бала болған соң, әкесі оған бала күнінен жұмсақтау қарады. Еркелігінің бәрін көтеретін. Мен қаталдау болдым, мына оқиғадан кейін өзімді кінәлаймын. «Ол маған неге айтпады, неге қорықты?» деп өзімді-өзін жеп жүрмін. Әкесі де кінәні өзінен іздеп жүр. Алланың алдында жауап береміз енді...

– Өзіңіз қандай күйдесіз? Психологқа сіз де жүгінген шығарсыз?

Қандай күйде болушы едім? Мен анамын ғой, ішімнен шыққан бала ғой. Сегіз айдан бері, ақпаннан бастап әлі бір түн көз ілген емеспін. Қызым табылғанша әр намазда Аллаға жалбарынып, аман-есен қайтаруын сұрадым. Үйге келгеннен кейін «Не жаздым мен? Неге менің баламның басына бердің мұндайды? Бүкіл періштелеріңді жіберші маған» деп сұрадым Құдайдан. Содан кейін әпке-сіңлілеріме, туыстарыма айтып, менің аузымды жауып, қорқытып, істі жапқызып тастай ма деп ойладым.

Мектепке бардым шырылдап. Наурыздан шілдеге дейін табалдырықтарын тоздырдым, көмек сұрадым. Мектепті кінәлайтын себебім, бұл – сол жерде болған жағдай. Басында олар қызымнан ақша бопсалаған: түсте 1500 теңге, кешке 1500 теңге. Түскі асқа ақша керек дейді – жіберем, ҰБТ-да отырмын, ақша жіберші дейді – тағы жіберем, кешке «чипсыға», сусынға деп сұрайды – оны да аударып жіберем.

Мені қызының жанында болмады деп жүргендердің сөзі – өтірік.  Бұл оқиға болған кезде үйде болдым, Алматыға оның алдында барып келдім.

Қазір психологтармен жұмыс істеп жатқан жоқпыз, тек психиатрмен емделіп жүрміз. Мына іс аяқталсын, сосын Астанаға апарып емдетем.

Бәрі қызыңыздың әкесі қайда деп сұрайды. Әкесі үйде. Жұмыстан шығып, қызымыздың жанында отыр. Күзеті бар, үйге ешкім кіре алмайды. Әкесін ішкі істер департаментіне жолатпаған себебім, оның денсаулығы нашар. Менің де жағдайым оңып тұрған жоқ, тым құрығанда балалар үшін біреуіміз аман қалайық дедік. Алладан мына іс біткенше күш-қуат беруін күнде сұраймын. Әкеге қызы туралы мұндай нәрселерді есту ауыр. Полицияға әр барған сайын қалтырап-дірілдеп, нашар хәлге түсем. Қан қысымым көтеріліп, жүрегім ауырады. Әкесі аяқ-қолы дірілдеп, қайта-қайта су іше береді. Ер адам болған соң сырқатын білдіртпеуге тырысады. Әлі дәрігерге қаралған жоқ. Істің бітуін күтіп жүр.

– Қызыңыз оқуын жалғастыра ма?

Қызым 11-сыныпты бітірді, бірақ жоғары оқу орнына барған жоқ. Қазір оқуды ойлайтын мұршамыз жоқ. Бірінші мәселе – баламыздың денсаулығы. Жағдайы оңалған соң ойлармыз оқуды.

– ⁠Қылмыстық іс қазір қай сатыда? Қалай өтіп жатыр?

Қылмыстық іс бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бір іс сотқа жолданды, бір іс прокуратурада, үш іс дайын тұр. Адам саны көп болған соң тағы бес тергеуші қосылды. Қазанның соңына дейін тергеуді толық бітіреміз деді. Бәрі алда. Соғыс болады енді... Мен жалғыз емеспін. Қасымда жақсы адамдар бар. Дина Таңсәрі, Айтбек Амангелді, адвокаттар, қоғамдық қорғаушы бар. Қазақстанның аналары желіде мені қолдаса екен деймін. Қазақ тілінде ақпарат аз болғаннан кейін көбі мән-жайды түсінбей жатқан шығар.

Қызымның ісі бойынша 200-ден астам адам жауапқа тартылып жатыр. Мені бүкіл қазақстандықтар – ері де, әйелі де, жасы да, кәрісі де қолдайды деп ойлаймын. Мен көптің қолдауымен жеңем.

– ⁠Әкімдік, білім басқармасынан жауапты тұлғалар хабарласты ма?

Облыс әкімінің орынбасары хабарласты. Ол кісіге менің тарапымнан ешқандай өтініш болған жоқ әзірге. Облыстық білім басқармасынан, қалалық білім бөлімінен ешкім байланысқан жоқ. Мектеп басшылығы, мұғалімдері үйге келіп, кешірім сұрады. Бірақ мен оларды жауапқа тартам. Өйткені мектепке барып, бұл жағдайдың бәрін айтқанмын. Қызым үйге қонбай, сыныптасының үйінде түнеп жүргенін жеткіздім. ҰБТ-ға дайындалуға көмектесіңіздер деп өтінгенмін. Құрбыммен тестілеуге дайындалып жатырмыз деп алдайтын мені. Учаскелік полицей, ювеналды полицияға да бардым, қалалық ішкі істер басқармасына төрт рет барып көмек сұрадым. Ешкім құлақ асқан жоқ. Бұлай болады деп ешкім ойламаған шығар, бірақ олардың ешбірі кәсіпқой маман емес.

Психологтарға да жүгіндім. Қызыммен қарым-қатынасым бұзылып жүргенін, үйге қонбай жүргенін айтып, көмек сұрадым. Іздендім, 6 ай бойы қол қусырып отырған жоқпын. Қызым 6 ай құлдықта болды. Бұл істі тісқаққан адам ұйымдастырған, әбден дайындалған.  Жақында бүкіл схеманы жайып саламын. Сыныптастарының үстінде тұрған бір адам бар. Оның кім екенін қазір айта алмаймын. Тергеу барысында айтып берем.

– ⁠Істі араағайын салып, жауып тастауға тырысқандар болды ма?

Жоқ, әлеуметтік желіге тарап кеткеннен кейін ешкім жылы жаба алмайды ғой мұндай істі.

– Сот болып, кінәлілер жазасын алған соң не істейсіздер? Қызылордадан басқа қалаға көшу туралы ой бола ма?

Сот өтіп, кінәлілер жазасын алғаннан кейін біз бұл қалада қалмаймыз. Ол белгілі нәрсе. Күдіктілердің балалары, туыстары, достары бар. Олар бізді жайымызға қалдырмайды. Ең әуелі Астанаға барамыз. Аты-жөнімізді ауыстыруға дайынбыз. Шетелге ауып кетуіміз де мүмкін. Өйткені күдіктілердің Астанада да, Алматы да байланыстары бар.

– Осы оқиғаны естіп, шошып кеткен қазақстандықтар көмекке деп ақша жинады. Есепшотыңызға қанша қаржы түсті?

Есепшотыма 18 миллион теңгедей қаржы түсті. Қазір мен де, жолдасым да жұмыс істемейміз, бәрін тоқтатып қойдық. Үйге табыс кіріп жатқан жоқ. Күнделікті ас-суымыз, жүріс-тұрысымыздан бөлек, баланың емі, адвокаттарға төлейтін ақы бар – бәріне сол жиналған қаржы жаратылып жатыр. Қызымның емінен ақша аяп жатқан жоқпын. Жекеменшік емханалар мен зертханаларға апарып, қажетті дәрілерінің бәрін алып жүрміз. Қызымды алты ай бойы аштан қатырған. Асқазаны әбден кішірейіп кеткен. Айтуынша, олар өздеріне ғана тапсырыспен тамақ алдырған, қалған-құтқанды қызыма жегізген. Содан ол ұшынған. Қазір өзінің тәбеті тартқан тамақтарды алдыртып береміз. Үйдің тамағынан шығып қалған.

Жиналған қаражатты тек қызымның шығындарына жұмсаймыз. Әке-шешесі киініп алыпты деп айтып жатыр екен, киінген түгіміз жоқ. Тек қызыма бір сыпыра жаздық киім алдық. Алда қыс келе жатыр, жылы киімдер алу керек енді. Содан соң оқуына 5 миллиондай алып қалыңыз деді. Бұдан бөлек, тағы адвокаттар жалдасам деп отырмын.

– Қазір сіздерге қандай да бір көмек керек пе?

Кейбір адамдар біздің отбасымыз кедей тұрады, әкесі мүгедек деп айтады. Бірақ олай емес, мен ми дамыту тренерімін, әкесі көру қабілеті бойынша 3-топтағы мүгедек. Дегенмен  жеке кәсіппен айналысты. Табысымыз тұрмыс-тіршілігімізге, баламызға жететін.

Қызым үйге оралған соң бізде үш жол болды. Біріншісі – оны ешкімге білдіртпей қаладан алып кету. Екіншісі – аудандағы қылмыстық топтарға айтып, жазаларын беру. Үшіншісі – полицияға арыз жазып, заңды түрде жауапқа тарту. Мен үшінші жолды таңдадым. Әкесі мен ұлым екінші жолды таңдаған. Ондай болған жағдайда көп қан төгілер еді...

Мойымаңыз. Халық сіздерді түсінеді, қолдайды деп үміттенем. Сұхбат беруге келіскеніңіз үшін редакция атынан алғыс білдірем...