"Қазақстан - әлеуетті индустриялық держава" - Жапониядағы қазақ жастары

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Жапонияда жүрген қазақ жастары Ulysmedia.kz порталының бас редакторы Самал Ибраеваға сұқбат берді. Соның бірі - Akita International University университетінің магистранты Диас Ахметов. 

– Жалпы, мен де пікір білдіргім келген, бірақ жігіттер бәрін өте жақсы айтып қойды.

– Нені айтқыңыз келген еді?

– Мен геология мен жер қойнауын пайдалану – барлық саланың іргетасы дегім келген. Салалық мамандар мен өндіріс өкілдері экономиканың да, көпвекторлы саясаттың да, соның ішінде геосаяси тұрғыдан да алдыңғы шебінде болуы тиіс.

Бүгінде жапон профессорлары мен Жапония үкіметімен бірлесіп қойылған нақты міндеттеріміз бар: ғылым арқылы серіктестік қарым-қатынастарды дамыту. Мұның бәрі әлемге, экологияға деген сүйіспеншілік пен мәдениет арқылы өрбуі керек. Мен Қазақстан мен Жапонияны неғұрлым серіктестікке негізделген, ұзақмерзімді әрі сапалы байланыстармен ұштастыруға болады деп есептеймін. Бүгінде халықтарымыздың мәдени және тілдік жақындығы туралы айтылуы да бекер емес.

– Сіздің ойыңызша, Қазақстан Жапония үшін несімен қызық?

– Жапонияда пайдалы қазбаларды өндіру 1972 жылы-ақ, метал өндіру кезінде жер асты сулары ластанады деген уәжбен, іс жүзінде тоқтатылған. Қазір Жапонияда жер – өз табиғаты бар тірі жүйе екені жақсы түсініледі, сондықтан олар экология үшін белсенді күрес жүргізіп келеді.

Ал біз – әлеуетті индустриялық державамыз. Болашақта заманауи технологиялармен келіп, сапалы өндіріс орындарын салсақ, бізде келісімдер бар, соның ішінде авиация өнеркәсібіне арналған титан өндіретін зауыт салу жөнінде де уағдаластық бар. Титан құрамында TiO₂ бар – бұл ақ түске жауап беретін пигмент, ол тоқыма және басқа да салаларда қолданылады. Мәселен, Жапонияның Осака қаласында дайын шикізатты қайта өңдейтін зауыт бар, өйткені олардың өз кендері жоқ, бәрін импорттайды. Біз де осы осакалық зауыт үлгісімен, сол технология негізінде Қазақстанда осындай өндіріс ашқымыз келеді.

– Өзіңіз мұнда немен айналысып жүрсіз? Атыңыз кім?

– Менің атым Ахметов Диас. Мен Akita International University университетінің магистрантымын, тау-кен өнеркәсібі бағыты бойынша білім алып жүрмін.

– Қазір бұл өте өзекті сала ғой, солай ма? Сирек және сирек жер металдары.

– Иә. Президенттің 2024 жылғы Жолдауында сирек және сирек жер элементтері Қазақстанның жаңа мұнайына айналуы тиіс деп айтылды. Титан сирек металдар тобына жатады, осы бағытта тереңірек жұмыс істесек, мүмкіндіктеріміз өте үлкен. Өйткені қазіргі телефондар, планшеттер мен өзге де техника дәл осы сирек және сирек жер элементтерін пайдалану арқылы жасалады.

– Қазақстан мен АҚШ вольфрам кен орындарын игеру туралы келісімге келді. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Бұл мәселеге қатысты кеңінен жауап бере алмаймын, өзімді жеткілікті деңгейде құзыретті санамаймын. Мен Жапониямен ынтымақтастық аясында пікір айта аламын, бірақ АҚШ-пен емес.

– Жарайды. Қазір Қытаймен, Ресеймен, Өзбекстанмен және Орталық Азия елдерімен қарым-қатынас белсенді дамып жатыр. Осы жағдайда Жапония кімге көбірек бет бұрып отыр?

– Бұл құпия емес. Жапонияның Орталық Азия елдерімен – Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанмен дипломатиялық байланыстарының тарихы терең. Алайда олар айтарлықтай нәтиже берді деп айта алмаймын.

Сонымен қатар, мен Жапонияның әрдайым Қазақстанмен анағұрлым терең қарым-қатынас орнатуға ұмтылғанын сеземін әрі көріп жүрмін. Бұл мүмкіндіктерден де, жеке өз тәжірибемнен де байқалады. Жапония біздің елге өте мүдделі.

Тереңірек үңілсек, біз алтай халықтары тобына жатамыз. Жапонияда ертеде айну деген халық болған, тарихи деректерге сәйкес, олар шамамен 40 мың жыл бұрын Куриль аралдары, Хоккайдо мен солтүстік аумақтар арқылы қоныс аударған. Бұл да алтай тобына жатады.

Кейін жапон жеріне қытайлар мен корейлер келіп, мемлекеттер құрды, алайда тіл морфологиясы ұқсас белгілерін сақтап қалды. Флективті тілдер бар – орыс немесе ағылшын тілі сияқты, ал агглютинативті тілдерге түркі, орталықазиялық және жапон тілі жатады.

– Ал өзіңіз Қазақстанға қайтуды жоспарлап жүрсіз бе?

– Мен өз елімнің үлкен патриотымын, Қазақстанды шын жүректен сүйемін. Сондықтан ұлы даламызда балалар бақытты өмір сүруі үшін, олардың болашақта сақтайтын да, салатын да дүниесі болуы үшін, бүкіл өмірім мен өз-өзімді жүзеге асыруымды осы жолға арнауға дайынмын.

– Мұны көп адам айтады, бірақ жұмыс ұсынысы түссе, бірі Америкада, бірі Еуропада қалып қояды.

– Қазақстандық азаматтар қай жерде жүрсе де, қазақстандық болып қала береді. Меніңше, біздің диаспоралар бір-біріне, соның ішінде Орталық Азияның басқа елдерімен де жақын болуы керек.

Патриотизм, менің ойымша, бізге ана сүтімен дариды. Шетелде қалатындар түрлі себептермен қалады — кейде жеке реніштерден, кейде өмірлік жағдайларға байланысты. Бірақ мен елге оралып, пайда әкелуді, өз тәжірибесі мен білімін туған жеріне арнауды ойлайтын жігіттерді өте көп білемін.

– Ал егер мемлекеттік қызметке шақырса, келесіз бе?

– Мемлекеттік қызметке міндетті түрде ораламын. Тіпті басшылық қызметке келуді жоспарлап отырмын.

– Бюрократиядан қорықпайсыз ба?

– Жоқ, мен бюрократиядан да, қиындықтардан да қорықпаймын. Алға жылжып, сапалы қарым-қатынас орнату арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізгім келеді.

– Сіздің ойыңызша, Қазақстан өзгерді ме?

– Егер Қазақстанды Жапониямен салыстырсақ, біз қазір шамамен олардың 60–70-жылдарындағы деңгейдеміз, ол кезде өнеркәсіп пен құрылыс әлі онша дамымаған еді. Бірақ біздің артықшылығымыз бар — біздегі мерзімдер әлдеқайда қысқа, процестерді әлдеқайда жылдам іске асыра аламыз.

Бізде құралдар бар, біз – көпвекторлы ұлтпыз. Біз флективті және агглютинативті мәдениеттердің белгілерін бір бойымызға тоғыстырғанбыз. Шынымды айтсам, қазақстандықтар – өте көрікті әрі мықты адамдар.

– Онда неге бізде сыбайлас жемқорлық бар?

– Бұл мәселенің тамыры тереңде жатыр. Жақын өткеннен емес, бәлкім, тіпті өткен ғасырлардан бастау алады. Бірақ бұл шешілмейтін проблема емес. Менің басқа азиялық елдерден әріптестерім көп, солармен жұмыс істей отырып, мұнымен тек саяси шараларды қатаңдату арқылы емес, ең алдымен білім беру арқылы күресуге болатынын көріп жүрмін.

Қазіргі қазақ ері мен әйеліне идеология қажет: біз – Орталық Азияның жүрегі екенімізді, жанымыз, мәдениетіміз, құндылықтарымыз бар екенін көрсету керек. Бұл пайдакүнемдік – ақша немесе жеке табыс үшін емес, балаларымыз бен немерелеріміз үшін болашақты сақтау идеясы үшін жасалуы тиіс.

Егер біз жеке бас пайдасын, «өз қамын ғана ойлауды» қолдайтын болсақ, артымыздан ештеңе қалдырмаймыз — өз-өзімізді құртамыз. Түптеп келгенде, маңыздысы ақша емес, жүріп өткен жол.

Жапонияда мұны жақсы түсінеді: мұнда қаншалықты қиын болса да, дұрыс әрі сапалы жолды бағалайды. Жапонияда «ұят – ақшадан қымбат, ал бедел – бәрінен биік» дейді.
Құрмет пен абырой бала кезден қалыптасады: кіші әрдайым үлкеннің алдында орнынан тұрады, қарсы сөз айтпайды, мұны моральдық әрі эмоциялық борышы деп қабылдайды. Барлығы сабыр, мойындау және тыныштыққа негізделген.

Ал бұл қасиеттер біздің қазақ, қазақстандық болмысымызда да бар емес пе? Бізге түрлі халықтар келді, біз оларды әрдайым жылылықпен, құрметпен қарсы алдық. Біздің күшіміз де осында — гүлденген жанымызда. Сондықтан мен Қазақстанның болашағы зор екеніне кәміл сенемін.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, 18-20 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Жапонияда болады. 

Сапар аясында Император Нарухитомен, Премьер-министр Санаэ Такаичимен, сондай-ақ Жапонияның іскерлік орта өкілдерімен кездесті. 

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті «Орталық Азия – Жапония» саммитіне қатысады.