2025 жылды Қазақстан үшін қилы кезең деп атасақ жарасар. «Санаға салмақ салса да, мұндай реформалар сөзсіз жасалуы керек» дегенді алға тартқан Олжас Бектенов үкіметі салық және бюджет заңнамасына ауқымды өзгерістер енгізетінін жариялап, тарифтерді ырықтандырды әрі Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді қысқартуға уәде берді. Осы шаралардың аясында ел экономикасы рекордтық 6 пайызға өскенімен, халықтың нақты табыс деңгейі бұрынғыдан төмен болды. Нәтижесінде Қазақстан қай бағытқа бет алады? Экономиканың шын мәнінде сауықтыруына ма, әлде әлеуметтік толқулар мен кезекті дағдарысқа ма? Қазіргі ахуалды Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева подкаст барысында экономистер Мұрат Темірханов пен Расул Рысмамбетовпен талқылады.
Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі, экономист Мұрат Темірхановтың пікірінше, 2025 жылдың басты жетістігі – Қазақстан экономикасының 6 пайызға өсуі.
– Мұндай өсімді біз қашаннан бері көрмедік, нақты қай жылдан екенін де есіме түсіре алмаймын. Шамасы, 2011-2012 жылдардан бері болмаған шығар. Ол кезде мұнайдың бір баррелі 100 доллардан асып, экономикамыз 7 пайызға өскен еді. Ал қазір мұнай бағасы 60 доллар шамасында, соған қарамастан осындай өсім тіркеліп отыр, – деп таңданысын білдіреді Мұрат Темірханов.
Оның айтуынша, мұндай экономикалық серпілістің екі себебі бар: мұнай өндіру көлемінің артуы және мемлекеттің экономикаға беретін несиелерінің көбеюі. Ал халық үшін бұл азық-түлік пен коммуналдық қызмет бағасының жаппай қымбаттауына, соның салдарынан нақты табыстың төмендеуіне алып келді.
– 2025 жылға Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер 5,2 трлн теңге деңгейінде бекітілді. Бұл қаражат қыркүйек айына қарай таусылды. Одан кейін үкімет пен ұлттық компаниялар шетелден қарыз ала бастады. Осы факторлардың жиынтығы инфляцияның өсуіне себеп болды. Елестетіп көріңіз, менің жалақым және «жинақтаған қорым» бар. Жалақы жетпеген соң, жинақтағы ақшаны жұмсаймын. Кейін әйелім оған тыйым салды да, мен несие ала бастадым. Әрине, тұтыну көлемі өседі, бірақ табыс бұрынғы күйінде қалады. Ел ауқымында бізде дәл осындай жағдай орын алды, – деп Темірханов экономиканың рекордтық өсімі неліктен қазақстандықтар үшін рекордтық инфляцияға ұласқанын барынша қарапайым тілмен түсіндіруге тырысты.
Назарбаев Университеті жанындағы ұлттық талдау орталығының басқарма төрағасы Расул Рысмамбетов те экономикалық өсім Қазақстан экономикасының нақты мүмкіндіктерінен асып түскенін мойындайды.
Алайда ол мұндай өсім даму жоспарында алдын ала қарастырылғанын еске салды. Демек, үкімет формалды түрде жоспарды орындаған.
Сонымен бірге, Рысмамбетовтің пікірінше, 2026 жыл қазақстандықтар үшін биылғыдан салыстырмалы түрде аса қиын болмайды.
– Менің ойымша, президент үкімет пен Ұлттық банкті соңғы рет жинағанда: «Енді сапалы өсімге бет бұрайық», – деді. Келесі жылы өсім кез келген бағамен емес, ЖІӨ-нің сапалы ұлғаюы арқылы қамтамасыз етілуі тиіс. Негізі бұл – үкіметке берілген бір түрдегі индульгенция: 2026 жылы олар шығындарды оңтайландыруға және бюджет қаражатын үнемдеуге басымдық беруі қажет, – деп есептейді Расул Рысмамбетов.
Экономистердің пікірінше, Қазақстан экономикасын шикізат өндіруді одан әрі ұлғайту есебінен өсіру мүмкіндігі іс жүзінде таусылған.
– Біз бұрғылауға болатынның бәрін бұрғылап, қазуға болатынның бәрін қазып қойдық. Алдағы уақытта шикізатқа негізделген өсімнің мүмкіндігі өте шектеулі. Бәлкім, қандай да бір жаңа шикізат түрі табылып, игерілуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде қазір бізге экономикамызды шұғыл әрі терең әртараптандыру қажет. Бұл туралы елде, шамамен, соңғы 20 жыл бойы айтылып келеді, тұтас мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалар іске қосылды. Алайда бұл жұмыс соңына дейін жеткізілген жоқ, – дейді Расул Рысмамбетов.
Соған қарамастан, жаңа даму жоспарлары бұрынғылардан қатты айырмашылығы да жоқ.
– 2003 жылдан бері бір істі айналсоқтап келеміз. «Бәйтерек» те, шартты түрде айтқанда, бұрын да болған, тек басқа атаумен жұмыс істеді, мақсаттары да сол күйінде қалды. Айырмашылығы – қазір ауқымы 10 есе үлкейген. Жуырда Жоғары аудиторлық палата парламентте бизнесті мемлекеттік қолдау мәселесі бойынша сөз сөйледі. Әлихан Смайылов ештеңе түбегейлі өзгермегенін айтты: БРК бұрын қалай «таңдаулыларға арналған банк» болса, сол күйінде қалды. Осы жеңілдетілген несиелердің тиімділігі де күмәнді: қаржы бөлінеді, 10 мың жұмыс орны ашылды деп есеп үшін белгі қойылады, ал ары қарай не болғанын ешкім бақыламайды, – деп мәселені сипаттайды Мұрат Темірханов.
Оның пікірінше, қазіргі экономиканы ынталандыру бағдарламасы тәсілдер өзгермесе, өзінен бұрынғы сансыз даму стратегияларының тағдырын қайталауы мүмкін.
– 2021 жылы 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары таныстырылды. Онда: «2025 жылға қарай жеке инвестициялар ЖІӨ-нің 30 пайызына жетуі тиіс» деп көрсетілген. Ал қазір бұл көрсеткіш шамамен 14-15 пайыздың айналасында. Неге бұлай болды, неге жеке инвесторлар келмеді деген сұрақты ешкім қоймайды. «Солай болып қалды. Бұрынғы бағдарламаларды ұмытыңыздар, неге іске аспады, неге Жоғары аудиторлық палата ол жерде қаржының талан-таражға түскенін, тиімділіктің жоқ екенін айтып отыр» дегендей көзқарас қалыптасқан. Ал ең бастысы, қазір экономикаға 8 трлн теңге құйылады, содан кейін басқа үкімет келіп: «Бектенов пен Жұманғарин бірдеңені жөнді істемепті. Біз енді бәрін нөлден бастап, дұрыс жасаймыз», – дейді. Біздің жағдайымыз дәл осындай, – дейді Мұрат Темірханов.
Осыған ұқсас жағдай басқа да стратегиялық құжаттардың басынан өткен.
– Мысалы, экономиканы ырықтандыру туралы жарлықты алайық. Ол қабылданды, бірақ ешқандай жалғасы болған жоқ. Керісінше, біз артқа шегініп барамыз. Мемлекет экономиканы банктердің орнына өзі несиелеп отыр. Энергетика саласына мемлекеттен басқа ешкім инвестиция салмайды. Бұл – орнында тұралау ғана емес, нақты кері кету. Бірақ оны ашық айтып отырған ешкім жоқ. Тіпті 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары да орындалмай жатыр, ал қазір оны да ұмытып кеткендейміз. Ол құжатта контрциклдік саясатқа қатысты да, инфляциямен күреске қатысты да өте жақсы идеялар болған. Барлығы болды, бірақ бәрі ұмыт қалды, – деп қынжылады Мұрат Темірханов.
Бұл көзқараспен Расул Рысмамбетов те келіседі.
– Нарықтық баға қалыптасуы болмаса, инвестиция қалай келеді? Тарифтерге қатысты жағдайды алайық. Бір кезде «тариф – инвестицияға айырбас» тетігін енгізбек болды. Кейін Бас прокуратура «әдемі көріну» үшін барлық монополистерге ақшаны қайтаруды міндеттеді. Иә, инвестициялау мәселесінде сұрақтар болды: нақты жаңғырту жүргізудің орнына, меншік иелері қаражатты шоттарда жинап отырды. Бірақ мұнда маңыздысы – тәсілдің өзі. Қазір тарифтерді сәуірге дейін қайтадан тоқтатты, одан кейін босатамыз деп уәде беріп отыр. Бірақ мемлекет уәдесінде тұра ма? Меніңше, бәрі ашық әрі адал болуы керек: тарифтерді бес жылға болса да толық тоқтатайық. Бірақ онда мемлекет Ұлттық қордан қаржы алып, жолдарды, ЖЭО-ларды, су құбырларын жөндеуге дайын болуы тиіс. Мұның бәрі бюджет есебінен жүзеге асады. Бір жағынан, бұл Кеңес Одағын еске түсіреді, – дейді Расул Рысмамбетов.
Ол Ұлттық қордың әзірге бұған мүмкіндік беріп отырғанын еске салады. Алайда мемлекет нақты бір таңдау жасауы тиіс: ол нарықтық экономика жолымен жүре ме, әлде жоспарлы жүйені таңдай ма? Бұл сұраққа айқын жауап болмайынша, экономистердің пікірінше, біз нақты нәтиже бермейтін, қымбат әртараптандыруға «байлаулы» боламыз.
Мұрат Темірханов мысал ретінде мұнай өнімдері нарығындағы жағдайды келтіреді.
– Біз мұнайды, шартты түрде, экспортқа баррелін 80 доллардан шығарамыз, ал ішкі нарыққа ол 40 долларға, тіпті одан да арзан бағамен түседі. Осы айырмашылық – біреудің шығыны ғой, солай емес пе? Қазір жаңа инвесторлар келіп, мұнай кен орындарын игергісі келеді. Ал оларға бірден: «Модульдік келісімшарт бар, соған сәйкес өндірілген мұнайдың 30 пайызы немесе тағы бір бөлігі ішкі нарыққа, шығындалсаң да сатылуы тиіс» деп айтылады. Оның үстіне бұл 20, 30, 40 пайыз нақты бекітілмеген, – деп түсіндіреді экономист.
Ішкі нарыққа мұнай сатуға міндеттелмеген тек үш ірі алып бар – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған. 2025 жылы Қазақстан экономикасын жоғары тартып тұрған факторлардың бірі – Теңіз кен орнында мұнай өндіру көлемінің 14 пайызға артуы болды.
Алайда «үш алыптың» да ресурсы шексіз емес. Сарапшылар атап өткендей, қазірдің өзінде өндіріс деңгейі шегіне жетіп, алдағы уақытта төмендей бастайды. Ондай жағдайда Қазақстан экономикасын алға кім сүйрейді?
Үміт ауыл шаруашылығына артылған еді, алайда бұл сала да қатаң мемлекеттік реттеудің құрбанына айналды.
— Елестетіп көріңіз, біз екеуміз фермерміз. Қостанай облысының бір түкпірінде боранда жоғалған жылқыларды іздеп жүрміз, әйтеуір жинап алдық, өсірдік, әрең дегенде, мың бас бұқаны бордақылап шығардық. Енді етке өткізіп, тиімді бағамен сатқымыз келеді. Сол сәтте ойлаймыз: «Келесі жылы 1,5 мың бұқа аламыз, витаминін, жем-шөбін дайындаймыз» деп. Ал енді нарыққа шығайын десек, әкімдік: «Бауырым, 4 500 теңге – болды» дейді. Қарап тұрсаң, мұндай бағамен баланы үйлендіру де қиын. Не істейміз? «Ал келесі жылы қалай болады? Экспортқа рұқсат беріле ме, берілмей ме?» деп сұраймыз. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі: «Әлі ойланамыз» дейді, - деп кез келген қазақстандық кәсіпкер бетпе-бет келетін типтік жағдайды сипаттайды Расул Рысмамбетов.
Мұрат Темірханов та бағаларды еркін нарыққа жібермейінше, Қазақстан экономикасын көтеру мүмкін емес деген пікірде.
— Кәсіпкерлер даму жоспарын құра алмаймыз, несие ала алмаймыз дейді. Біз географиямыз бен табиғи ресурстарымызды ескерсек, дәл сол Моңғолиямен бәсекелесе аламыз, ол ел АӨК өнімдерін көп көлемде экспорттап отыр. Ал біз неге істей алмаймыз? Себебі «жоғарыдан» талап бар: ішкі нарықты қорғау керек, мынаны істеу керек, ананы істеу керек дейді. Ал өзіндік құн тек өндіріс ауқымы кеңейгенде ғана төмендейді, қазір ондай масштабтау жоқ. Сиыр еті қымбаттады, өйткені оны өсіруді тоқтатты. Есептеп көрді де, бұл табыссыз бизнес деп шешті, - деп түсіндіреді Мұрат Темірханов.
Жуырда үкімет әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімін 19-дан 31-ге дейін кеңейтті. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл да бизнеске төнген тағы бір қауіп.
— Сирек жағдайды есептемегенде, кез келген бағаның ішінде біреудің еңбегі жатыр. Иә, жанар-жағармай нарығындағыдай өнімсіз делдалдар болуы мүмкін, бірақ негізінен тізбектің әр буынында еңбек бар. Сиыр етінде де, электр энергиясында да солай. Ал біз нарықтық емес тетіктердің, әкімшілік шектеулердің салдарынан дамуға мүмкіндік ала алмай отырмыз, - дейді Расул Рысмамбетов.
Мұрат Темірхановтың айтуынша, 2025 жыл бизнес үшін жарияланған салық және бюджет реформаларына байланысты өте мазасыз өтті.
Сонымен қатар ол салық реформасының соңғы нұсқасы бастапқыда айтылған тұжырымдамадан айтарлықтай өзгеше екенін атап өтеді.
Алғаш талқылау басталғанда инвестициялық келісімшарттары бар, салықтық жеңілдіктер мен субсидиялар алатын ірі компаниялар туралы айтылған еді. Мемлекет олардан шамамен 4-5 трлн теңге кірістен қағылып отыр делінді. Алайда соңында бәрі арнаулы салық режиміндегі жеке кәсіпкерлер төңірегіндегі дауға келіп тірелді. Иә, тәртіп орнату керек. Бұрын корпоративтік табыс салығы 30%, ҚҚС 16% болған кезеңдер де болды. Оған қоса жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы қолданылды. Соған қарамастан бизнес дамыды, экономика 10% өсім көрсетті, - деп еске алады Мұрат Темірханов.
Иә, салықтың өсуі бизнеске ауыр соққы болады. Бірақ ең маңыздысы, мемлекет бұл қиындықты еңсеруге кәсіпкерлерге қалай көмектеспек?
— Жеке сектордағы іскерлік белсенділік өздігінен өспейді. Базалық мөлшерлеме қазір 18%. Жақын уақытта да жоғары деңгейде қалады. Бұл дамуды тежейді. Келесі жылға инфляция 9-11% деңгейінде жоспарланып, оны 5%-ға дейін төмендету мақсаты қойылды. Кешіріңіздер, егер Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға көтеріп отырса, инфляцияны қалай төмендетпексіздер? — деп министрлерге сұрақ қояды Мұрат Темірханов.
Ол жоғары мөлшерлеме мен несиенің қымбаттауына қоса, сәуір айынан бастап бизнесті тарифтердің өсуі күтіп тұрғанын еске салады. Мұның бәрі іскерлік белсенділікті нөлге дейін түсіруі мүмкін.
— Үкіметтің бұған беретін жалғыз жауабы — «Бәйтерек» холдингін 1 трлн теңгеге докапитализациялау. Соның есебінен «Бәйтерек» шетелден нарықтық мөлшерлемемен көбірек қарыз ала алады да, кейін оны осында жеңілдетілген несие ретінде таратады. Міне, ең үлкен мәселе осында. Себебі жоспар бойынша өсім 5% болуы керек, инфляция төмендеуі тиіс. Бір жағынан Ұлттық банк тұтынушылық несиелеуді түрлі құралдармен шектеп, сұраныстың өсуіне жол бермеуге тырысып отыр. Ал үкімет ортақ жоспарында: «Экономикаға 8 трлн теңге жеңілдетілген ақша құямыз» дейді. Мұны қалай реттейсіздер? - деп таңданысын білдіреді Мұрат Темірханов.
Расул Рысмамбетовтің ойынша, үкіметтің жауабы Ұлттық қордан тағы бір трансферт болуы мүмкін.
Алайда ең бастысы, жеңілдетілген несиелер өте тар шеңбердегі компанияларға ғана қолжетімді болады. Бұл елдегі ең бай компаниялар мен қалған бизнестің арасындағы алшақтықты одан әрі ұлғайтады.
Яғни, біз қайтадан инфляцияның өсуі мен қазақстандықтардың баяу кедейленуі қайталанатын сол бір тұйық шеңберге түсіп отырмыз.
Экономистердің пікірінше, бұл тұйық шеңберден шығудың жалғыз жолы – түбегейлі, батыл шешімдер қабылдау.
– Біз үнемі бағаға араласамыз, нарықтық қатынастарды бұрмалаймыз. Мұны бәрі біледі, бірақ дауыстап айтуға ешкімнің батылы бармайды. Бірнеше жыл бұрын қабылданған экономиканы ырықтандыру туралы жарлықты еске түсірейік. Ол сол күйі орындалмады. Менің ойымша, бұл жерде жауапкершілікті президент өз мойнына алуы тиіс. «Мен осы тәуекелге барамын. Алдымда 4-5 жыл қалса да, соған қарамастан тәуекел етіп, нәтижесін көрсетемін. Иә, ауыр болады, халық наразы болады, бірақ бұл көмектеседі», – деуі керек, – дейді Мұрат Темірханов.
Расул Рысмамбетов те бағаларды еркіне жіберу қажет екенін қолдайды, алайда оның пікірінше, бұл қадамды шұғыл емес, кезең-кезеңімен жасау керек. Өйткені бәрін бір сәтте жіберу халық үшін тым ауыр «шокқа» айналуы мүмкін.
– Чилидің мысалын келтірейін. Пиночет – автократ, әскери төңкеріс арқылы келген тұлға. Бірақ ол айналасына «чикаголық жігіттер» деп аталған экономистерді жинап, толыққанды нарықтық реформалар жүргізіп, шоктық терапияға барды. Оның әкімшілік мүмкіндіктері болды және ол дұрыс жолды таңдады. Иә, кейін оны айыптағандар көп болды, бірақ ол құрған модель жұмыс істеді. Жауапкершілікті өз мойнына алып, команда жинау керек, шартты түрде айтқанда, «чикаголық» емес, «алматылық жігіттерді» жинап, соңына дейін бару қажет. Бұл өте ауыр болады, шын мәнінде ауыр. Тіпті екінші Қаңтар да болуы мүмкін. Бірақ бәрібір бұл модельді өзгерту керек. Қазір біз расымен дұрыс бағытта келе жатқан жоқпыз, – деп кесіп айтады Мұрат Темірханов.
Оның пікірінше, экономиканы нарықтық рельске біртіндеп көшіру әрекеті – иттің құйрығын бөліп-бөліп кескенмен бірдей: ауырсыну сол күйі қалады, тек «операция» әлдеқайда ұзаққа созылады.
Ал Расул Рысмамбетов Қазақстанды Чилимен немесе кез келген басқа нарықтық экономикасы бар елмен салыстыруға болмайды деп есептейді.
– АҚШ-та болғандар растайды: Вашингтонда Union Station вокзалы бар. Сол вокзалдың маңындағы көгалда палатка тігіп, үнемі үйсіздер жатады. Немесе көпір астында адамдар қонып жүреді. АҚШ – классикалық нарықтық экономика, тіпті әлеуметтік дарвинизмге жақын модель: не сен қоршаудың түбінде қонған қаңғыбассың, не президентсің. Барлығы өз қолыңда, бірақ жолды өзің таңдайсың, – деп еске салады ол.
Ал Қазақстанда халық әлеуметтік кепілдіктерге үйренген. Бағаның бірнеше есе өсуі түріндегі шоктық терапия, тіпті ол нарық талаптарына сай болса да, көпшілік үшін тым ауыр соққы болуы мүмкін.
Расул Рысмамбетов Қазақстанның болашағына қатысты айтылып жүрген пессимистік болжамдардың бірқатары жүзеге асуы мүмкін екенін мойындайды. Дегенмен ол үкіметтің біртіндеп, кезең-кезеңмен алға жылжуы оң нәтиже береді деп үміттенеді.
– Бұл бірлескен іс-қимыл бағдарламасы бекер бағдарлама емес деп ойлаймын. Қазір оның авторлары жол-жөнекей кей тұстарын «жетілдіріп», толықтырып отырады. Мен Жұманғарин мен вице-министр Қасенов қатысқан бірнеше таныстырылымға бардым. Олар: «Біз жай ғана ақша құймаймыз. Мысалы, бір инвестор калий өндіруді жоспарлап отыр делік. Ол 100 млн салады, біз де 100 млн саламыз. Немесе біреу ЖЭО салғысы келеді – ол 250 млн құяды, біз де дәл сондай көлемде қаржы бөлеміз», – дейді, – деп үкімет мүшелерімен өткен кездесулердің қысқаша мазмұнын жеткізеді Рысмамбетов.
Ол «Бәйтерек» қазір инвестициялық холдингке айналғанын да еске салады. Негізінде бұл – мемлекеттің private equity үлгісі. Яғни жобаның табысты болуы үшін жеке инвестор да, мемлекет те бірдей жауапкершілік көтереді. Экономистің үмітінше, бұл тәсіл уақыт өте келе шын мәнінде бәсекеге қабілетті жобалардың пулын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Оның үстіне Қазақстан нарығына шетелдік ойыншылар да кіруге дайын.
Сонымен қатар ол Қазақстан экономикасындағы тәуекелдердің өте жоғары екенін мойындайды. Сондықтан тағы бір нұсқаны да қарастыру маңызды деп санайды – белгілі бір уақыт бойы ештеңе істемей, елдегі қалыптасқан жағдайды мұқият талдау.
Қай стратегия ең дұрыс болары әзірге түсініксіз. Ақыр соңында қазақстандық үкімет қай жолды таңдайтыны да белгісіз.
Сұқбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube-арнасынан көре аласыз.