Сақалдылардың пірі: Діннен аттамайтын Cатыбалды науқас баласын далада қалдырмақ па?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Ресми статистика бойынша, Қазақстанда 450 мың жалғызбасты ана бар. Солардың бірі – Асылжан Есенқызы. Науқас баламен далада қалғалы отырған әйел Ұлыстың «Ашық микрофон» айдарына сұхбат беріп, өз оқиғасын баяндап берді. Бұл елдегі ерекше балалардың тағдырына қатысты көп оқиғаның бірі емес. Өзгеше кейс. Өйткені бұл хикаяның басты кейіпкері – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды.

Асылжанның айтуынша, оның елдегі нөмірі бірінші отбасының өкілімен байланысы ертегідей басталған. Сатыбалды оны бірден анасымен, олигарх достары – Вячеслав Киммен, Клебановпен, ағасы Самат Әбішпен, бүкіл бауырларымен таныстырған. Тіпті, Назарбаевтың өзі олардың қарым-қатынасы жайлы білген.

Қайрат Сатыбалдының бұрынғы сүйіктісі қазір науқас баласын жалғыз тәрбиелеп, оны аяққа тұрғызу үшін шырылдап жүр. Айтуынша, бүлдіршіннің дертіне оның әкесі кінәлі. Сатыбалдыдан қызының денсаулығы үшін жауапкершілік алуды талап еткен Асылжан құзырлы органдардың табалдырығын талай тоздырғанымен, құрығы ұзын отбасыға тісі батар жан таппаған.

Жалғызбасты ана Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваның сұрақтарына ашық жауап беріп, Назарбаевтар отбасындағы туыстық қатынастар, Сатыбалдының дәулеті жайлы көп дерек айтты.

ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

– Асылжан, сіз Қайрат Сатыбалдымен қалай таныстыңыз? Некеге дейінгі қарым-қатынастарыңыз қалай өрбіді?

– Біздің қарым-қатынасымыз туралы экс-президент Назарбаевтың өзі білді. Менімен таныса сала бірден анасына, марқұм Светлана Мырзахметқызына, жақындарына, достарына таныстырды. Елге белгілі тұлғалар арасынан Вячеслав Кимге, Клебановқа, інісі Самат Әбішке, қарындасы мен күйеубаласына таныстырды. Яғни, біздің қарым-қатынасымыз туралы ешқандай ақпаратты жасырған емес.

Біз танысқан уақытта шамамен 25-27 жаста едім. Ол кезде Ресейде біліктілік арттыру бағдарламасы бойынша оқып жаттым. Мамандығым – дәрігер. Күнкөріс үшін жұмыс істеу керек болды. Жеке клиникада кезекші дәрігер болып қызмет атқардым. Сол жұмысым барысында таныстық. Ол кезде оның Назарбаевтың туысы екенін білген жоқпын. Саясаттан өте алыс адаммын. Ол туралы ешқандай ақпарат білмегенмін. Бірнеше айға дейін өзі де айтпай жүрді. Мен оны қарапайым кәсіпкер деп ойладым.

«ИСЛАМ ҚАҒИДАСЫ» МА, ҚАТЫНҚҰМАРЛЫҚ ПА?

– Ол кісінің бірнеше әйелі бар дейді – бұл туралы білген жоқсыз ба?

– Бірнеше айдан кейін мен мән-жайды түсіне бастадым. Ғаламтордан ол жайлы ақпарат іздей бастадым. Википедиядан тек Гүлмира Сатыбалдының күйеуі болғаны жайлы дерек таптым. Басқа әйелдері жайлы өзінен сұрадым. Гүлмира алғашқы махаббаты екенін, одан кейін 2000 жылдары өмірінде үш әйел пайда болғанын айтты. Неге бір жылдың ішінде үш әйелге үйленгенін сұрадым, мен үшін бұл сұрақтың жауабын білу маңызды болды.

«24-25-ке келіп төсек тартып ауырып қалдым. Сол кезде ешқандай дәрігер көмектесе алмады. Бақсыға көрінуге тура келді. Ол бақсы мені қарап: «Бұлай ауырғаныңның себебі – осы күнге дейін дұрыс өмір сүрмегенсің, талай қыз-келіншекті ренжітіп, обалына қалып, «аморальді» өмір сүрдің. Бұл соның нәтижесі» деп түсіндірді. Содан кейін терең ойланып, өз қателерімді түсініп, тәубеме келіп, Исламды қабылдадым. Ислам қағидасы бойынша төрт әйел алуға дейін шектеу қойған. Сол қағидамен өмір сүрем деп шештім» деді.

Тек Қайрат Сатыбалды емес, Үкіметтегі белгілі шенеуніктер, атақты бизнесмендер, атақты әншілердің бірнеше отбасы бар. Қыз-келіншектерге бұрын отбасылы болған еркекке жолама деп айтуға болмайды. Себебі әр адамның өз ұстанымы, тағдыры бар. Мен былай ойладым: егер бұл еркек әр төрт-бес жыл сайын әйел ала берген болса, онымен байланысудың қажеті жоқ. Алайда маған дейін 15 жылдай ол кісі ешқандай әйел алмаған. Бұл көп нәрсені білдіреді. Оның мүмкіндігі шексіз, төрт-бес жыл сайын әйел ауыстыруға шамасы жетеді. Демек, оның сөзі шындыққа жақын болуы мүмкін деген ой келді.

Ол мені өзінің махаббатымен, назарымен баурап алды. Ауылда, ата-әжемнің қолында өскен қызбын. Әке-шешеден мейірім, махаббат көрмегем. Олармен қарым-қатынасым күрделі болды. Екеуі де маған суық болды. Бірнеше жылдар бойы ішімде жалғыздық сезімі болды. Қайрат Сатыбалды танысқан бойда жылуын төгіп, махаббатымен баурап, жалғыздық сезімі сейілі бастады. Бұл қатынасты нағыз махаббат деп түсіндім.

«ҚАРҒЫС АТҚАН» ОТБАСЫ

– Ата-әженің тәрбиесін көрген қазақтың қызы бірнеше әйелі бар еркекпен байланысудан қалай қорықпады?

– Кездескен уақытта бірнеше әйелім бар деп айтқан жоқ. Менімен бірнеше жыл өмір сүру барысында оның өмірінде басқа әйелдердің барын байқаған жоқпын. Егер еркекте басқа отбасы болса, ол күні-түні бір қыздың соңынан жүгіріп, барлық уақытын сол қызбен өткізбейді.

Біз үш рет некелестік. Алғашқысында менің туған-туыстарым қатысқан жоқ. Себебі, ата-анам қарсы болды, ақ батамызды бермейміз деді. Менің әкем сонау 2000 жылдары президент Назарбаевтың саясатын қолдайтын, бірақ 2010 жылдан бастап оның билігіне наразылығы күшейді. Үйде өзінің сынын жиі айтатын. «Бұл отбасы қарғыс атқан отбасы, болашақта жақсылық көрмейсің» деді. Соған қарамастан некелестім. Өйткені бөтен елде жалғызсырап жүргенімде ол қасымнан табылды, жылуын төкті.

Балалық шағымды, студенттік кезімді еске алсам, жастығым күйеу іздеумен емес, тек оқумен өтіпті. Медицина саласында оқығандықтан, күніне 2-3 сағат қана ұйықтайтынмын. Сабақ өте қиын болды. Басқа жігіттермен танысып, білісетін бос уақытым болған жоқ.  7 жыл бакалавриатты тәмамдаған соң, әрі қарай білім алуды тоқтатқан жоқпын. Жасымның қалай 25-27-ге жеткенін білмей қалдым. Ол уақытта 25-ке келген қыздар кәрі қыз саналатын. Достарымның бәрі «Қашан тұрмысқа шығасың?» деп қысым жасайтын. Сол әлеуметтік қысым да әсер еткен болар.

Бұл отбасы туралы қазір хейт көп болғанымен, ол уақытта тек жақсы пікірлер айтылатын. Әлеуметтік желілер, оппозициялық арналар болған жоқ.

– Әкеңіздің қарғыс атқан отбасы деген сөзі әсер еткен жоқ па?

– Әкемді тыңдаған жоқпын. Себебі шынайы махаббат болды. Оның ақшасына, әлеуметтік статусына қараған жоқпын. Мен ең әуелі оның маған деген қарым-қатынасына, одан кейін түр-келбетіне қарадым. Біз танысқан уақытта ол келбетті, бойшаң, кең иықты ер азамат болатын. Физикалық тұрғыдан ұнады. Екіншіден, мен әке-шешеме ренжулі болдым. Олардың пікіріне маңыз берген емеспін.

Исламда ата-ана бата бермеген неке толыққанды деп есептелмейді. Сондықтан Қайрат екеуміз ата-анамның батасын алуға бар күшімізді салдық. Ақыры қалауымыз орындалып, ата-анамның қатысуымен екінші рет некелестік. Бір мәрте ажырастық. Ол менің шындықты бетке айтатын мінезімді қабылдай алмады. Бала кезінде беделді отбасында өскен, әлеуметтік мәртебесі әркез жоғары болған, ешкім бетіне сын айтпаған, мін тақпаған. Сондықтан оның алдында қаймықпай ойымды айтуым оған оғаш көрінді.

– Қай сөзіңіз оның шымбайына қатты батты?

– Білімсізсіз дедім. Қалай сіз осындай білім деңгейіңізбен мемлекеттің маңызды органдарын басқарып жүрсіз деп сұрақты төтесін қоятынмын. Президенттің туысы болғаны үшін ғана жетістікке жеткенін айтатынмын. Ұрысты еш уақытта өзім бастаған емеспін. Психикалық қысым көрсетіп, кемтісіп, бәрін өзі бастайтын. Сол уақытта «Маған тиіскенше өзіңізді жөндеп алыңыз» деп тіке айтатынмын. Қол көтеру де болды. Бірақ ол сол жылдары қазақтың көп отбасында болатын қалыпты нәрсе еді. Әсіресе, жүктілік кезінде өзінің шынайы келбетін көрсете бастады. Басында тек оң қырынан көрінген.  

ҚАЛЫҢМАЛ МЕН МӘҺРГЕ НЕ БЕРДІ?

– Сізге қалыңмалға, мәһрге не беріп еді?

– Әке-шешемнің көлігі бұзылып жүрген сол кезде. Әкеме көлік, анама әшекей сыйлайсыз дедім. Шектен шыққан жоқпын, басы артық ештеңе сұраған емеспін. Әкеме орта деңгейдегі «Toyota» көлігін, анама бриллиант жүзік пен алқа сыйлады.

– Той жасаған жоқсыздар ма?

– Бұрын үйленбеген жігіт емес. Ажырасқан, өзімнен жасы едәуір үлкен болғандықтан, өз туыстарыма ол туралы айтуға ұялдым. Сондықтан той жасауға қарсы болдым. Бірақ өз шартымды қойдым: әке-шешемді намазға әкелетін амалдар жасап, қажылыққа апарып келсеңіз дедім. Бұл талабыма келісті. Тойдың орнына ата-анамды, туыстарымды, достарымды қажылыққа апарды.

– Жеке ұшақпен апарған шығар?

– Жоқ, қарапайым ұшақпен, эконом-санатпен ұшты. Соған қарамастан өте риза болдым. Өйткені ата-әжемнің қолында өскендіктен дінге жақын болдым. Атам діндар кісі болды.

– Сізге орамал тағуды міндеттеген жоқ па?

– Жоқ, сол үшін талай сынға ұшырадым. Орамалды тек арнайы іс-шараларға барғанда тағып жүрдім.

НАЗАРБАЕВ НЕГЕ ҚАРСЫ БОЛДЫ?

– Назарбаевтың алдына барып бата алдыңыздар ма?

– Жоқ. Назарбаев қарсы болды. Бізді көп мерекелерде, отбасылық жиындарда бірге көретін. Бірақ Сатыбалды көпке дейін ағасынан маған үйленгенін жасырып жүрді. Бір күні біліп қойып, ренішін білдіріпті. «Менің қатемді қайталама. Өзіңнен жас айырмашылығы үлкен қызға үйленбе. Жасың 50-ге таяды. Алатын әйеліңді алып болдың, балаларыңды ойла» деп ақыл айтыпты.

– Ол кезде Қайрат Сатыбалдының неше баласы бар еді?

– Өзінің айтуы бойынша, Гүлмирадан 3 бала, Әсел деген өзбек әйелінен 4 бала, Саида деген павлодарлық әйелінен 5 бала – барлығы 12 баласы болды.

– Назарбаевтың қарсылығы қарым-қатынастарыңызға қалай әсер етті?

– Желіде түрлі пікірлер жазылып жатыр. «Назарбаев сіз туралы білген де жоқ шығар, ол сізді қайтсін» деп жазғандар бар. Назарбаевтың біздің қарым-қатынасқа наразылық білдіргенін дәлелдей де аламын. Ол қарсы болып қана қоймай, отбасылық кеңес ашып, барынша ажыратуға тырысқан. Менің ештеңеден қаймықпайтын, мінезді адам екенімді байқап қалған болар. Өмір көрген адамдар кісіні бір көргеннен таниды ғой.

АНАСЫНЫҢ «БАТАСЫ»

– Ал Светлана Мырзахметқызы қалай қабылдады сізді?

– Қайрат мені ең бірінші марқұм анасымен таныстырды. Ол кісі «Сен бұл еркекті дұрыс таңдаған жоқсың. Ол сені жақсы көреді деп ойлайсың. Шындығында, ол өзін ғана жақсы көреді. Шешесі – мені де, бала туып берген басқа әйелдерін де жақсы көріп, сыйлаған емес. Қызым, сен ойлан!» деді.

– Сіз бұл сөзден кейін қалай қорықпадыңыз?

– Қорыққан жоқпын, бірақ ойландым. Неге анасы бұлай дегенін сұрағанымда, «Анам маған ренжулі, себебі мен жұмыс, жұмыс деп анама көңіл бөлмей кеткенмін» деді. Анасы Гүлмирадан кейінгі барлық әйеліне қарсы болыпты. Әсіресе, Әсел есімді ұлты басқа әйеліне көңілі толмаған көрінеді. «Сол әйел оны енесі ретінде сыйламағанына ренжіп, сені де соның ісін қайталамасын деп әдейі айтып отыр» деп түсіндірді. Өмірлік тәжірибем жоқ. Сөзіне сендім. Анасы эмоциямен айтып отырғанына нандым. Десе де, Светлана Мырзахметқызымен ортақ тіл табыстық. Қал-жағдай сұрасып, шайға шақырысып жүрдік. Кейін денсаулығы нашарлаған соң байланысымыз үзілді.

«ҚАРАПАЙЫМ ӘЙЕЛ ТАП»

–  Сатыбалдының бауыры Самат Әбішпен араластыңыз ба?

– Араластым деп айта алмаймын. Таныстырып, кездестірді. Ол кезде ол да қарсы болған. «Үйленбе, маған ұнамайды бұл қыз» деп райынан қайтарғысы келген. «Сені сыйлайтын қыз емес, принципшіл екені көрініп тұр, қарапайым әйел тап» деп бәрі жабылып қарсылық білдірген. Ол кезде Қайрат Сатыбалды «Біз олардың сөзіне ермейік. Олар біздің махаббатымызды бұзу үшін бәріне дайын. Біз сезіміміздің шынайы және берік екенін дәлелдейік» деп маған романтикалық идеялар беріп жүрді. Егер мен маңызы жоқ адам болсам, президенттен бастап, ҰҚК төрағасының орынбасарынан бастап, отбасылық кеңес құрып, соншалықты маған қарсы үгіттеу шараларын жүргізбес еді деп ойладым.

– Гүлмира Сатыбалдымен кездестіңіз бе?

– Ол кісіні мерекелерде көретінмін. Жаман көзқарасымен бір қарап, өтіп кететін.

– Қазір ол түрмеде отыр ғой.

– Әйел ретінде оған жаным ашиды. Себебі күйеуі 6 жылдың орнына 2 жыл отырып бостандыққа шығып кетті. Ал ол әйел басымен қаншама баласы, немерелері бола тұра жазасын әрі қарай өтеп жатыр. Біздің құқыққорғау органдары сонда тек әйелдерді жазалауды біле ме? Әлде балаларына дұрыс қарап үйренсін деп еркектерді тәрбиелеген түрі ме?

«БЕДЕУЛІК»

– Некелескеннен кейін бірден балалы болдыңыздар ма

– Жоқ, мен бірнеше жыл бойы Сатыбалдыдан жасырып жүктіліктен қорғайтын дәрі-дәрмектер ішіп жүрдім.

– Ол исламда харам ғой?

– Егер дінге тар көзқараспен қарайтын болсаңыз, харам деп есептеледі. Ал дінді бүгінгі заманауи түсінікпен тәпсірлейтін болсаңыз, харам емес. Харам дегеніміз – біреудің ала жібін аттау, ренжіту, ұрлау, зорлау, кемсіту. Исламды 6 жыл бойы терең зерттедім деуге болады. Қысқасы, контрацептивті дәрілерді бірнеше жыл бойы жасырып ішіп жүрдім. Оның өзіндік себебі бар. Сатыбалды мені бедеу деп ойлап жүрді.

– Сонда ол кісіден бала туғыңыз келмеді ме?

– Бастапқыда бала туғым келмегенінің екі себебі бар: біріншісі – жанұясы менің орныма басқа әйел іздеп жүрді. Екіншісі – мен оның қаншалықты сенімді адам екеніне көз жеткізгім келді. Уақытпен сынадым.

НҰРҚАДІЛОВПЕН ҚҰДАЛАСУ

– Әйел іздейтіндей әйелден кенде болған жоқ қой. Сонда төртінші әйел алу міндетті ме?

Қолында билігі бар адамдардың бәрі өзінің ұлы немесе қызы өзіне лайық, иықтас адаммен отау құрғанын қалайды. Сатыбалдының маған дейін үш емес, тіпті төрт әйелі болды ғой. Мәселе олардың ешбірі Назарбаевтардың ойынан шықпағанында. Экс-президент өз інісін кезінде марқұм Заманбек Нұрқаділовтің қызына үйлендіргісі келген. Яғни, олар әу бастан өзіне деңгейлес адамдармен құдалас болғысы келген.

Шынымды айтайын, ол мені емес, мен оны өзіме тең емес деп есептедім. Себебі, қарапайым отбасынан шықсам да, ата-анам зиялы адамдар. Оқыған, көздері ашық. Ата-әжем де оқымысты адамдар болды. Өзім де мектепте, университетте бар ықыласыммен оқып, үздік тәмамдадым.

– Сонда ол отбасының интеллектуалдық деңгейі сіздердің деңгейден төмен болды ма?

Иә, Назарбаев отбасының, әсіресе, Қайрат Сатыбалды мен Самат Әбіштің мәдени, интеллектуалдық деңгейі төмен деп есептеймін. Орта таптық адамдармен салыстыратын болсақ, 11-сыныптың деңгейі. Олай дейтінім, сыни ойлау қабілеті жетілген отбасы, білімі бар, көзі ашық еркек ешқашан өзінің ауру баласын қараусыз, емсіз, шарасыз тастап кетпейді.

НАУҚАС БАЛА

– Сіздің 7 жасар қызыңызда мүгедектік диагнозы бар, иә?

– Иә. Қызым 2019 жылы 16 мамырда дүниеге келдім. Сатыбалдының өзі перзентханадан шығарып алды. Атын берді. Өйткені өзі сұрап алған баласы болатын. Мен жүктілікке қарсы дәрі ішіп жүргенімді біліп қойып: «Менен қашып кеткің келіп жүр. Жақсы көрмейсің. Жақсы көрсең, бала туып бер, дәлелде!» деп белден басқан кездері болды. Бала біздің қарым-қатынасымыздың бірнеше жылынан кейін дүниеге келді. Яғни, сен оның ақшасына қызығып жүрсің, мұрасына көз тігіп жүрсің дегендерге осы дәйекті алға тартар едім. Егер біздің мінезіміз келіспей жатса, шынайы келбетін көрсетсе, ата-анасы, туған-туысы мені қабылдамай жатса, ортада бала жоқ кезде ажырасып кеткеніміз дұрыс деп ойладым.

– Неге деңгейлерің төмен деп кетіп қалмадыңыз?

Өте орынды сұрақ. Ата-анам, ортам қолдау көрсете алмаған кезде Қайрат Сатыбалды жалғыз өзі мені қолдады. Бізде рухани, тығыз қарым-қатынас болды. Ол мұңымды түсінеді деп ойладым, себебі кішкентай кезінен әкесіз қалған. Әкесі қайтыс болған соң Назарбаев өз тәрбиесіне алып, белі қатпаған баланың казармаға беріп жіберген. Анасы мансап қуып, жылуын бере алмаған. Екеуміздің ортақ психологиялық травмаларымыз болды. Сол кезеңде бір-бірімізді түсіне алдық. Осы психологиялық байланыс әрі қарай онымен бірге қалып, бала табуға түрткі болды деп есептеймін. Менің жүрген жолымды жүріп өтпеген соң туған ата-анам да мені түсіне алмайды.

– 2019 жылы ана болдыңыз. Бөпеңіз бірден диагнозбен туды ма?

Ерекше бала деген диагнозды бірден қоймайды.

ГЕНЕРАЛ ҚАСЫМОВ КӨМЕККЕ КЕЛМЕГЕН

– Баланың дертіне Қайрат Сатыбалдыны кінәлі деп санайсыз ба?

Иә, оны толық дәлелдей аламын. Себебі жүктіліктің екінші жартысында ол қауіпті іс-әрекеттер жасай бастады. Психологиялық, физикалық зорлық-зомбылық көрсетті. Ішімнен теуіп, шашымнан сүйреп, ұрған кездері болды. Оны бізбен көрші тұрған Назарбаевтың оң қолы, Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы төрағасы, генерал Қасымов та көретін. Көре тұра, көршілеріміздің ешбірі араша түскісі келмейтін. Мен әдейі көршілер көмекке келсін деп дауыстап айғайлайтынмын. Ешкім келген емес.

– Сонша қол көтеруге дейін баруына не себеп?

Намазда болғандықтан оған құдайдай сендім. Соңғы әйелімін деп ойлайтынмын. Алайда мен бала көтерген уақытта көзіме шөп сала бастаған. Жүктіліктің соңына дейін менде қатты токсикоз болды, баланың өмірін сақтау үшін ауруханаға жиі жаттым. Әйелдік міндетімді атқармақ түгілі, тамақ іше алмайтынмын. Сол уақытта ол ақымақтық танытып, баратын жеріне барған болар. Бұл туралы маған адамдар жеткізді. Оның жүрісі жайлы 2022 жылы, ол түрмеге отырғаннан кейін ғана білдім.

Егер еркек әйелдің көзіне шөп салатын болса, мұның тікелей немесе жанама белгілері болады. Мен ешбір белгіні байқаған емеспін. Күнде менің жанымда болды. Кейде күндіз балаларымен көрісуге ғана барып келетін, басқа уақытта біргеміз.

– Исламда төрт әйел болса, бәріне тең назар бөлу керек деген қағида бар емес пе.

Өз басым көп әйел алуға қарсымын. Өйткені мен өз күйеуімді басқа әйелдермен бөлісе алмайтын әйел екенмін. Мұны оның өзіне де әу баста айттым. Егер өзге әйелдер діндегі әпке-сіңлілеріммен күйеуімді бөлісе аламын дейтін болса, қарсылығым жоқ. Бірақ менің қолымнан келмейді екен.

ПАТОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗҒАНЫШ

– Моральдық абьюз болды дедіңіз. Не істейтін еді сонда?

Өте қызғаншақ болды. Мені әлемдегі ең сұлу әйел санайтын. Тіпті өз інісі Самат Әбіштен қызғанатын. Бірақ мен оны қызғандыратын ешқандай әрекет жасаған емеспін. Өз бауырынан қызғану деген енді тым асыра сілтеу ғой. Қоғамдық лифтке басқа еркектермен кіріп қалсам, «Сен имансыз әйелсің, бөтен еркекпен лифтке кірме, бөтен еркектің көзіне қарама» деп қол көтерген кездері де болған. Тіпті таныс ер азаматтармен амандасқаным үшін де жазғыратын. Патологиялық қызғаныш деуге болады. Жүкті болғаныма дейін осылай өмір сүрдік. Басында психологиялық абьюзды мені қатты жақсы көруінің көрінісі деп ойлайтынмын. Ол кезде психологиядан хабарым жоқ.

Кейіннен абьздың келесі сатысына өтті. «Cен менсіз ешкім емессің, мен сен үшін президент Назарбаевқа қарсы шықтым, саған үйленем деп шешеме қарсы шықтым» деп ренжитін. Қызғаныш барысында «Маған дейін неше жігітің болғанын айт!» деп қысым көрсететін. Тіпті осы сұрақты анама қойған кезі болды. «Бұл есі дұрыс еркек емес. Тезірек қаш. Бұл махаббат емес, шектен шыққандық» деп анам шошыды.

«НАЗАРБАЕВ ТА ҚАТЫНҚҰМАР»

– Үлкен қызметте жүрген азаматтардың бір әйелмен алысуы таңғаларлық жағдай екен.

– «Мені аңдығаннан басқа шаруаңыз жоқ па?» дейтінмін. «Жалғыз мен емес, Назарбаевтың өзі қатынқұмар» деп жауап беретін. Кезінде Назарбаев бірнеше жыл бойы әйелі Әселді қызғанып жүрген, бала туып берген соң ғана тынышталған көрінеді. «Сол себепті маған да бала туып бер, содан кейін басыламын» дейтін.

БАЛАНЫҢ ДЕРТІНЕ КІМ КІНӘЛІ?

– Тілегі бойынша бала туып бердіңіз. Одан кейін не болды?

– Балада гипоксия болғандықтан хирургиялық жолмен босандым. Мені бөтен дәрігер емес, өзімнің ғылыми жетекшім босандырды. Сол кісі плацентаны қарау барысында кіндік бауы екі есе қысқа екенін, қағанақ суы жасыл екенін айтты. Бұл белгілер ұрықтың жатыр ішінде инфекция жұқтырғанын білдіреді.

Жүктіліктің екінші жартысында ауруханаға жатуыма тура келді. Анализ тапсырғанда жыныстық жолмен берілетін аурулар анықталды. Өзім дәрігер болғандықтан, денсаулығыма мұқият қарайтын адаммын. Оның үстіне, жүктілікті жоспарлағандықтан, ай сайын анализдер тапсыратынмын. Баланы көтерген уақытта  патогенді флора болған емес.

– Яғни сіз жүкті кезде сырттан инфекция жұқтырып келіп тұр ғой?

Жас еркектердің көбі әйелінің көзіне шөп салады және оны ұят деп санамайды. Олардың дені жүктіліктен, инфекциялардан қорғайтын тәсілдерді қолданады. Ал бұл кісі білімсіздігінен болар, сол тәсілдерді қолданбаған сияқты. «Неге сен жеңіл жүрісті әйелдерге бара тұра қорғанбадың? Неге өз балаңның денсаулығына зиян келтірдің?» деген реніш бар менде. Бұл үшін сотқа да бердім. Өзіме және балаға келтірген зияны үшін жазаға тартқым келген. Бірақ өкінішке қарай, жазған арыздарым кері қайтарылады немесе еленбейді.

– Перзентханадан келген соң баласына қарайласып, көмектесіп жүрді ме? Бірден бас тартқан жоқ қой?

2019 жылы қазанның соңында ажырастық. Ажырасқан кезде талақ айтқан емес. Көзіме шөп салса да, күнде кешке үйге келетін. Бір күні жұмыстан алғаш рет кеш келді. Анамның туған күні еді, ол кісі біздің үйде болатын. Анамның туған күні екенін Сатыбалдыға алдын ала ескертсек, дастарқанға ертерек келуін өтіндім. Бірақ дәл сол күні кеш келді. Мен бұл әрекетін маған және отбасыма құрметсіздік деп есептедім де, ажырасайық дедім. Менен онсыз да құтыла алмай жүрсе керек, жарайды деп оңай келісе кетті. Сонша уақыт құлай сүйгенін айтып, мен үшін туыстарымен араздасып жүрген адам болмашы себепке бола ажырасуға бел буғаны мені таңғалдырды.

Сол күннен бастап мені блоктап тастады. Бірақ бірнеше жыл бойы ай сайын базалық шығындарымды жабатын ақша жіберіп тұрды. Онысы тамаққа, коммуналдық қызметтерге, баланың киім-кешегіне ғана жететін. Кейде жетпей де қалатын. Тіпті, баланың тісіне кариес түсіп, емдетуге ақша сұрағанымда бермей қойған. Үнемі оның жанында жүретін «дүмше молдалары» арқылы байланысып жүрдім. Олар біздің жағдайымыздың бәрін жеткізіп отырды деп ойлаймын.

– Пәтер сол кісінікі болды ма?

Жоқ, үй менікі. Баланың жалғыз тұрғылықты жері. Сол пәтерден қызым екеумізді қуып шыққалы жатыр. Бұл пәтердің Сатыбалдыға қатысы жоқ екеніне қарамастан Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіүйді босатуды талап етуде.

– Үйлеріңіз қай жерде орналасқан?

– Қыз Жібек көшесі, 45-үйде орналасқан. Green Village тұрғын үй кешені. Мен меморгандарға  «Неге сіздер Қайрат Сатыбалдының 2018 жылдан бастап 2025 жылға дейін жасаған қылмыстарын, заңбұзушылықтарын елемей отырсыздар? Неге оның қазіргі тұрмыстық жағдайын есепке алмайсыздар?» деймін.

БАЙЛЫҒЫН КІМ ЖАСЫРЫП ОТЫР?

– Сатыбалдының қандай қылмыстары еленбей отыр?

Қорғаншылық органдарының бағалауы бойынша біз төмен жағдайдағы отбасы саналамыз. Аурушаң бала жалғыз тұрақты баспанасынан қуылып отыр. Екіншіден, біз өте аз мөлшердегі алиментке күн көріп келеміз. Осы үйді қорғаншылық органының, менің қатысуымсыз заңсыз сатып жіберген. Баланың аты-жөнін тіркеу деректерінен алып тастаған. Өзінің активтерін әлі күнге дейін басқа адамдардың атында ұстап, жасырып келеді. Соны президент әкімшілігі, қаржы министрлігі, әділет министрлігі, бас прокуратура, соттар елемей, керісінше, оның байлығын, қылмыстарын жасырып отыр. Оны тұрмысы төмен, зейнеткер деп көрсетіп келеді.

– Сіздің білуіңізше оның қандай мүліктері бар?

– Мен деректер базасын көре алатын кісілерді жалдаған болатынмын. Олардың ақпараты бойынша, Сатыбалдының ресми 1 млрд доллары бар. 2018 жылы ол 5 млрд долларымен Forbes тізімінде болды. 5 млрд доллардың 1,6 млрд-ы тәркіленген. Назарбаев әулетіне құрмет ретінде солай қалдырған болар, бәлкім. Енді менде сұрақ туады: қалған 3 млрд доллар қайда кетті? Неге оны халық білмейді?

Бұлай шындықты айтып отырғаным үшін үкімет басындағы адамдар өлтіріп тастамас. Өлтіріп тастамас үшін әр апта сайын журналистерге сұхбат беріп отырамын. Егер жоғалып кетсем маған бірдеңе болды деген сөз.

Одан бөлек, 2024 жылы марқұм анасы қайтыс болған соң оған құны 100 млн доллар болатын мұра қалдырылыпты. Оның да тізімін алдым. Оның ішіне көп дүние кіреді: Қазақстандағы, шетелдегі бірнеше вилла, бірнеше компания. Соның ішінде ең маңыздысы «Дәуір» баспасы. Бұл баспа кеңес дәуірінен бастап бүкіл Орталық Азия аумағындағы ең үлкен баспа болып есептелген. Біздің қолымыздағы құжаттардың бәрі сол баспадан шығады. Шешесінің атында болғандықтан, ол тәркіленбеген. Тізімде өте көп дүние бар. Оның бәрін мен сотта көтеретін боламын. Әрине, сот мені тыңдаса.

ПӘТЕРГЕ КӨЗ ТІККЕН КІМ?

– Green Village-дағы пәтер Қайрат Сатыбалдыға тиесілі пәтер болғандықтан, тәркіленген мүлік ретінде мемлекет меншігіне алынбақшы ғой?

Жоқ, бұл пәтердің Сатыбалдыға қатысы жоқ. Бұл менің пәтерім, өз атымда болған.

– Онда мемлекет неге тәркілегелі жатыр?

Себебі  Сатыбалды оны 2021 жылы  заңсыз сатып жіберген. 2018 жылы басқа нәрсеге деп менен алдап-сулап алған сенімхат арқылы сатқан. 2023 жылы жоғары лауазымды адамдардың біріне сыйға тартқан.

– Ол уақытта түрмеде отырды ғой.

– Иә. Осы мәселе бойынша 2024 жылы президент әкімшілігіне жүгіндім. «Жағдайы төмен, аурушаң баласы бар анамын. Жұмыс істей алмаймын. Жалғыз тұрақты пәтерімізден айырмаңыздар. Бұл пәтерді Сатыбалды заңсыз сатып жіберген» деп жағдайымды айттым.

– Неше бөлмелі үй?

Сегіз бөлмелі үй, ауданы 390 шаршы метр.

– Бұл үлкен VIP үй ғой.

– Қайрат Сатыбалды үшін VIP үй емес. Себебі олардың 5 мыңнан 10 мың шаршы метрге дейінгі виллалары болды.

Сол кезде Президент әкімшілігі мені Бас прокуратураға жіберді. Бас прокуратурадағы активтерді қайтаруға жауапты Сағындықов мырзамен кездестім. Ол кісі «Жалғызбасты, диагнозы бар баланы бағып отырған ананың жалғыз баспанасын тартып алмаймыз, бұл иттік болады» деді. Сотқа жүгініңіз деді. Қайрат Сатыбалдының менің атымнан жүргізген заңсыз келісімдерінің күшін жоя алатынымды айтты. Сөйтіп адвокаттарға жүгіне бастадым. Бірақ осы күнге дейін жұмыс істеген сегіз адвокатымның бәрін де Қайрат Сатыбалды сатып алды.

САТЫБАЛДЫ ҚАНША АЛИМЕНТ ТӨЛЕЙДІ?

 – Қазір қанша алимент төлеп отыр?

– 150 мың теңге. Мен түрмеге дейін барып, баланың жағдайын айттым. Бірақ ол әлі күнге дейін баланың ауруын білмегендей кейіп танытып жүр. Бүкіл туыстарына, тіпті үлкен ұлы Бауыржанға да айтып шаршадым. Соңында әдейі білмегендей болып жүргендеріне көзім жетті.

– 2019 жылы ажырасқаннан кейін Сатыбалдымен көрістіңіз бе?

– Одан кейін көріскен емеспіз. Бірақ Өскемендегі түрмеге бардым. Түрменің бастығына дейін кірдім. Баланың диагнозын көрсеттім. Ол осы көрсеткіштер бойынша Сатыбалдыға кезектен тыс кіргізе алатынын айтты. Алайда оның өзі кездесуден бас тартыпты. Түрмеде де қарабеттік танытып жатқанын түсіндім.

– Осы уақытқа дейін қалай күн көріп келдіңіз? Білуімше, жұмыс істемейсіз ғой?

–  Бірнеше жыл бойы бізге отбасымыздың досы Андрей Лобачевский деген кісі өз қалтасынан ай сайын ақша беріп келді. Базалық қажеттіліктерге жететін. Кейде жолкүреге жетпей, автобуспен жүрген күндер болды. Баланың диагнозына байланысты қоғамдық көлікпен жүру қиынырақ еді.

– Сонда Сатыбалдымен некеде болған кезде көлік алмағансыз ба?

–  Көлік болды. Бір емес, екеу. Ажырасқаннан кейін бір ай өтпей жатып үйге ұры түсіп, менің телефондарымды, сейфті, машиналарды ұрлап кетті.

– Қасақана ұйымдастырылған нәрсе емес пе?

– Қасақана, әрине. Өйткені Жаңа жылда ата-анамның үйіне кеткенімді көлік жүргізушіміз ғана білді. Ол туралы полицияға арыз жаздым, бірақ ешқандай шара қолданылған жоқ. Әрі қарай қазбалаған жоқпын. Өйткені маған транспорт емес, баланың денсаулығы маңызды болды. Қызымның тілін қалай шығарам, қатарына қалай қосам деген уайым ғана болды.  

– Қазір бұл үй кімнің атында?

– Менің атымда. Бірақ оны заңсыз сатып жіберген. Қазір Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті тиісті құжаттарды көрсетпей, тәркілеуге жататын мүліктер тізімінде жоқ екенін біле тұра бізді қуып шықпақ. Үйде ауру бала бар екеніне қарамастан есікті тепкілеп, үркіткен кездері болды. Мен мұның бәрін Сатыбалдының көмекшілеріне жеткізіп отырдым. Алайда ешқандай реакция болған жоқ. Содан кейін Мемлекеттік мүлік комитеті мен Сатыбалдының аузы бір екенін түсіндім.

– Қайрат Сатыбалдының билігі әлі жүріп тұр демексіз бе?

– Әрине. Жүрмесе, біреу-міреу менің шырылдағанымды естір еді ғой.

– Ол қазір бостандықта. Алматыда зәулім үйде тұрып жатыр. Байлығын айтпағанның өзінде, адами тұрғыда мына балаға обал болады ғой, көмектесейін деген ниеті жоқ па?

– Ондай ниеті жоқ деп ойлаймын. 2021 жылы балаға диагноз қойылғаннан бастап 2025 жылдың 30 желтоқсанына дейін мен онымен медиациялық келісімге келуге тырысып жүрдім. Бұл үйді алып қойсаң да, орнына балаңа басқа баспана бер дегенді жеткізумен болдым.

– Қарапайым екі бөлмелі үй берсе, тұруға келісесіз бе?

– Келісемін. Маған қазір үйдің үлкен-кішілігі маңызды емес. Баласы аутизммен ауыратын аналар мені жақсы түсінеді. Бұл – өмірлік сынақ. Баланың жағдайы күрт нашарлауына байланысты біз медициналық мекемелерге бардық. Психиатрдан баланың тұрғылықты жері, өмір сүру сапасы өзгерсе, денсаулығына қалай әсер ететінін сұрадым. Маман регресс қаупі барын бірден ескертті. Сенсорлық ортаны өзгертуге болмайды деп жазып берді. Бұдан бөлек, шоттарым бұғатталып, тиын-тебенсіз қалған, балам 4 күн аштықта болған күндер де бастан өтті.

АТА-АНАСЫ НЕГЕ ТЕРІС АЙНАЛДЫ?

– Әке-шешеңіз көмектеспей ме сіздерге?

– Менің ата-анам, жақындарым жаздан бастап күдікті түрде байланыстан жоғалып кетті. Көмек сұрап хабарласқанымда елемеді. Қайрат Сатыбалды оларға қысым көрсетті, қорқытты деп ойлаймын.

– Сонда туған ата-анаңыз Сатыбалдыдан қорқып, сізден бас тартуы мүмкін бе?

– Мүмкін деп ойлаймын. Себебі оған дейін де біздің қарым-қатынасымыз керемет болған емес. Олар мені бөтен адам ретінде қабылдайтын.

– Сонда қазір балаңызбен жалғыз қалып отырсыз ба?

– Жалғыз қалғаны былай тұрсын, өте ауыр сынақтардан өттім. Ақшаны ғана ойлап отырсың дейтін хейтерлерге айтарым, мен өз мүддем үшін емес, аурушаң баламның мүддесі үшін шырылдап жүрмін. Қорғаншылық органы тарапынан берілген жағдайы төмен, қауіпті отбасы деген мәртебем бар. Мен сияқты құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып жүрген аналар жетерлік. Маған сол әйелдер «Біздің талап-арыздарымызды ешкім елеп жатқан жоқ. Жалғызбасты аналар мен аурушаң балаларды бағып отырған аналардың құқығы қорғалмаған. Бәріміздің атымыздан сіз барып айтыңызшы, сіздің кейсіңіз Назарбаевтар әулетіне қатысты ғой, бәлкім үкімет құлақ асар. Салтанат заңы сияқты біздің де құқығымызды қорғайтын бір заң қабылданар» деген өтініштерін жеткізді. Мен солардың атынан да сөйлеп отырмын.

– Молшылықтағы өмірден кейін жаңа әлеуметтік жағдайға бейімделу қиын болды ма?

–  Иә, мойындаймын. Кезінде жақсы жағдайда өмір сүрдім. Шетел араладым. Жеке жүргізушім болды. Ол өткен шақ. Қазіргі жағдайым өткеннің нәтижесі дей алмаймын. Олай деу үшін тым болмағанда жұмыс істейтін мүмкіндігім болуы керек. Бала балабақшаға, мектепке, үйірмелерге бара алмайды. Тек үйде ғана оқиды, тек менімен ғана уақыт өткізеді.

Баланың диагнозбен туылуына өзі кінәлі екенін Сатыбалды мойындаған, жылап кешірім де сұраған. Оны кешірдім. Бірақ қазір баланың еміне қатысқысы келмеуі шымбайға батады. Баланы 6 жыл бойы жан-жаққа сүйретіп, тілін әрең шығардым. Оған білім керек, еңбек керек, төзім керек. Кез келген ана шыдай алмайды.

Қазір ауыр халде тұрғанымыз бұрын жақсы өмір сүргеніміздің салдары емес, Қайрат Сатыбалдының жауапсыздығының салдары. Әкелік парызынан жалтаруы, өз мүліктерін жасыруы, оған меморгандардың ешқандай шара қолданбауының «жемісі».

КӨПБАЛАЛЫ ӘКЕ

– Қайрат Сатыбалдының басқа балалары да бар ғой.

– Менің білуімше, оның 13 баласы бар. Одан да көп болуы мүмкін. Сол балаларының 70 пайызы – ересек азаматтар. Үйленген, тұрмысқа шыққан, өз балалары бар. Қалған 30 пайызы – кәмелетке толмағандар. Солардың бәрін есепке алып, Сатыбалдының барлық табысын анықтап, алиментті теңдей төлесін! Оның басқа балаларының дені сау, аналары жұмыс істей алады. Мен сияқты баламен үйде отырған жоқ.

Мен ана ретінде қолымнан келгенше баламды дамытуға тырысамын. Бірақ мүмкіндігім шектеулі. Ауру балаға деген жауапкершілікті жалғыз ананың мойнына арту әділеттілікке жатпайды. Қайрат Сатыбалды да баланың денсаулығы үшін жауап беруі керек!

– Қайрат Сатыбалдының деңгейі қандай екенін өзіңіз айтып отырсыз. Осы уақытқа дейін білмегендей түр танытып жүрген адамнан қашанғы үміт күтіп отырмақсыз? Өзіңіз неге нәпақа табудың амалын қарастырмайсыз деген сұрақ туындайды көптің көкейінде.

– Неге өзі жұмыс істемейді деген азаматтардан сұрарым: Сіздің балаңызда аутизм диагнозы бар ма? Сіздің балаңыздан балабақша, мектептер бас тартқан ба? Балаңыз үйден оқи ма? Егер ондай болмаса, тыныш отырыңыздар! Себебі сіздердің пікірлерініңіз обьективті емес. Баласының денсаулығын екінші орынға ысырып, өзінің мансаптың амбициясын алға шығарған әйелдерді мысал етпей-ақ қойыңыздар. Дәл менікіндей көмектесетін туысы жоқ, үйге байлаулы баласына жалғыз өзі  қарайтын аналардың жұмыс істеп жүргені болса – көрсетіңіз! Олардың тәжірибесін қолдануға дайынмын.

Аутизм диагнозы бар балаларды қоғамға бейімдеу өте қиын. Оларға дұрыс диагностика жасау керек, тілін шығару керек. Мен осындай науқас балаларды оңалту бағытында өз бағдарламамды дайындап, мемлекетке көмектесуге дайынмын. Бірақ ол үшін біреу менің баламды қарауы керек. Кім қарайды? Сатыбалды қарай ма?

Әу баста Қайрат Сатыбалдыға тоқал болып қосылдыңыз ғой? Мұның дұрыс емес екенін білдіңіз.

– Сатыбалдының тоқалы ретінде тұрмысқа шыққаным рас, бірақ тоқалы болған емеспін. Тоқал деп қай кезде есептеледі? Еркек бір әйелмен өмір сүріп жатып, екінші әйелмен қатар тұрса.

Біріншіден, мен оған тұрмысқа шыққан кезде бұл жанұя туралы ешқандай жаман ақпарат болған жоқ. Екіншіден, балалы болғанға дейін ол мені махаббатымен баурады. Мен сияқты қиындықпен өскен қыздар өз өмір жолында бойшаң, келбетті ер азаматты кездестірсе, ол жалындаған сезімін білдірсе, беделді әулеттен шыққан болса, қалталы болса, көбі бас тартпас еді. Әрине, қазір бұл отбасы былыққа батқан соң, олармен байланысқаным үшін маған да тас ату оңай.

– Асылжан ханым, Қайрат Сатыбалды сияқты адаммен кезіккеніңізге өкінесіз бе?

– Әрине, өкініш бар. Егер бір сәуегей бұл азаматпен отау құрғаннан кейін қиын жағдайға тап болатынымды, науқас баламен жалғыз қалатынымды айтса, мен ондай адаммен бас қоспайтын едім.

– Сізге оның анасы ескертті ғой.

– Шешесі оның өзін жақсы көретінін ғана айтты. Ауру баласын тастап кететінін айтқан жоқ.

НАЗАРБАЕВТАРДАН ҚАЙЫР БАР МА?

– Қайрат Сатыбалды осы сұхбатты көрер болса, оған не айтар едіңіз?

–  Мен 2021 жылдан бері бет жыртыспайық, жұрт алдында масқара болмайық деп айтумен келем. Өзінің атына, Назарбаевтың атына кір келтіріп жатыр. Айтарым: есіңізді жиыңыз! Жүрегіңізде иман болса, баланың жағдайымен айналысып, ем-домына қатысып, бала үшін сіз де жауапкершілік алыңыз! Медициналық көрсеткіштерін бұзбай, балаға өз үйін қалдырыңыз! Сол үйде туып-өсті. Немесе балама үй алып беріңіз! Алиментті заңды түрде төлеңіз!

Қай жерде тұратыныңызды білем. Ол үйде бірнеше рет болдым. Күзетшілеріңіз бізді қуып жіберді. Баламен көрісіңіз! Себебі бала әкесін іздейді, сұрайды. Бала науқас болғанымен, ой-өрісі дамыған. Бәрін түсінеді. Өзіңіз келіп, жағдайыңызды түсіндіріңіз!

– Сіз Әлия, Дариға Назарбаевалармен таныссыз ба?

– Жоқ, біз отау құрғанда олардың көбі шетелде тұратын.

– Реалистік тұрғыдан қарайықшы. Осы сұхбаттан кейін солардың бірі келіп, мына балада біздің қанымыз бар ғой деп көмектесуі мүмкін бе?

– Қайрат Сатыбалдыға қатысты айтар болсам, жауапкершілікке тартылмау үшін, активтері ашылып қалмауы үшін қорыққанынан келісімге келуі мүмкін. Ал  Назарбаев баланың атасы ретінде көмектесуі мүмкін, көмектеспеуі де мүмкін. Олардың адамгершілігіне баға бере алмаймын.

«ӨЛІМІҢДІ АТА-АНАҢ БІЛМЕЙ ҚАЛАДЫ»

– Осылай үндеу жариялағаннан кейін Қайрат Сатыбалды сізбен өштесіп алады деп қорықпайсыз ба?

– Криминалды қысымдар болды. Түрлері бандитке ұқсайтын сақалды еркектер келіп, есікті қағып: «Ақыретің жақындап қалуы мүмкін» деген екіұшты ескертулер жасап жүрді. Мен мұны қорқытып-үркіту, қауіп төндіру деп есептеймін. Полицияға қанша рет арыз-шағым жаздым. Есік-терезелерді сындырып кеткен сәттер болды. Ешқандай реакция жоқ. Қайрат Сатыбалдының қылмыстарын көрсе де, көрмегендей болып отыр. Басқаны айтпағанның өзінде баланы 4 күн аштықта қалдыру деген – үлкен қылмыс.

Әрине, өштесуі мүмкін деп қорқамын. Қайрат Сатыбалдының өзі емес, одан пара алған лауазымды адамдар мені өлтіріп кете ме деп қорқамын. Сол үшін бүгін екінші сұхбатқа келіп отырмын. Оның алдында үйден сұхбат бергем. Тағы да журналистерге баратын боламын. Мәселе шешілмейінше, науқас балалардың, олардың аналарының құқығын қорғайтын тетіктер жұмыс істемейінше аянбай әрекет жасайтын боламын. Егер мен жоғалып кетсем, маған қастандық жасалды деген сөз.

– Қайрат Сатыбалдыны жақсы білесіз ғой. Ол кісі кекшіл ме?

–  Кекшіл деп айта аламын. Біз отау құрған кезде ол маған: «Егер сен басқа еркектермен сөйлесетін болсаң, өлімің кездейсоқ болады. Тіпті ата-анаң білмей қалады. Не із-түссіз жоғалып кетесің, не газдан уланып, не жолда апатқа ұшырап өлесің» деп ескерту жасаған.

САТЫБАЛДЫНЫҢ САЯСИ АМБИЦИЯСЫ

– Ол билікке ұмтылатын ба еді? Амбициясы қандай еді?

– Амбициясы жоғары болатын. Президент боламын деп анық айтпайтын, бірақ соны қалайтыны байқалатын. Өзі емес, айналасындағылар келіп: «Біздің елде монархия болса күшті ғой, келесі президент сен болар едің» деп айтып отыратын. Ол қарсылық танытпайтын. Яғни, өзін президент болуға лайық адам деп санайтын.

– Ол кісінің Қаңтар оқиғасына қатысы бар ма?

– Түп-тұқиянына келсек, ол өте қорқақ, ішкі діңгегі жоқ еркек. Сіз қойып отырған ауыр сұрақтарды көтере алмас еді. Ол бажылдап жанжал шығарады немесе сыртқа шығып кетеді. Қаңтар оқиғасын жалғыз өзі ұйымдастыруға дәрмені жетпейді. Президент Назарбаевтан өлердей қорқатын. Ұйымдастырса да Назарбаевтың немесе Путиннің бұйрығымен кірісуі мүмкін.

Менің жеке ойым, Назарбаевқа Тоқаевтың бет алысы ұнамаған болуы мүмкін. Өзінің немерелеріне немесе қоластындағы шенеуніктерге билікті басып алайық деп бұйрық берген болуы мүмкін. Яғни, таққа талас үшін жазықсыз жүздеген адам  құрбан болды ма деп ойлаймын.

САҚАЛДЫЛАРДЫҢ «ПІРІ»

– Сатыбалдының ортасы туралы айтып беріңізші. Кімдермен араласты?

– Ол кісінің ортасы жабық. Көп адамға сене бермейді. Сырын ешкімге ашпайды. Маған да көп құпиясын айта бермейтін. Сақалдылар оны пір тұтады. Өйткені олар дінді жамылып, Сатыбалдыдан көмек сұраса, оның көмектесерін біледі. Көбі білімі таяз, дінмен ғана шектелген адамдар еді. Қайрат Сатыбалдының өзінен де «Неге тек сақалдыларды жұмысқа аласың? Дінге қатысы жоқ, көзі ашық, заманауи білім алған азаматтармен неге жұмыс істемейсің?» деп сұрағам. Сол кезде ол «Мен тек мұсылмандарға сенем. Олар мені бұл дүниеде де, ақыретте де лақтырмайды»деп инфантильді көзқарас танытатын.

– Өзіңіз сияқты аналарға қандай үндеу айтар едіңіз?

Ерекше балалардың аналарына менің тарапымнан қандай да бір көмек қажет болса немесе үкімет тарапынан менің тәжірибемді қолдануға қандай да бір ықылас болса, жұмыс істеуге дайынмын. Себебі біздің елде ерекше балаларға білім беру ісі дамымаған. Осындай балалармен жұмыс істейтін 50 шақты орталық бар екен, арасында ақылысы да, мемлекетке қарайтындары да бар. Егер әрқайсының жұмыс істеу сапасын тексеретін болсақ, ешбірінің нақты білім жоқ. Үкіметке берілетін есептердің 70 пайызы да орындалмайды. Көп ата-ана миллиондап ақы төлесе де, баласының тілін шығара алмай жүр. Меніңше, медицина саласындағы, білім беру саласындағы заңнаманы қатаңдату керек. Мектептер мен коррекциялық орталықтардың жұмыс сапасын ешқандай орган тексеріп жатқан жоқ. Бұл істі жүйелендіретін ортақ хаттама да жоқ. Қанша жылдан бері аутизм дертімен күресіп, баласының тілін шығарған, ой-өрісін дамытқан ана ретінде өз тәжірибеммен бөлісуге дайынмын.

Сұқбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz YouTube-арнасынан көруге болады.