Экономикалық ұлтшылдық мен үшін өмір мен өлімнің мәселесі – Айбек Барысовпен сұхбат

Ulysmedia

Экономикалық ұлтшылдық! Кәсіпкер Айбек Барысовтың қауымдастық ашып, таңдаған ұраны, желбіреткен жалауы да – осы фактор. «Қазақтың нанын тартып алып, неге шетелдіктердің аузына саламыз?» дейді ол.

Kazakhstan Paramount Engineering зауытының иесімен бір жарым сағат бойы өрбіген сұхбатта оған не себепті жиі сын айтылатынын сұрадық. Кеңес Рақышев секілді ірі олигархпен, Иманғали Тасмағамбетов секілді саяси салмағы бар адамдармен байланысы бар-жоғын білдік. Қазақстанда шығарылатын әскери машиналардың қажеттілігі мен келешегі жөнінде әңгіме өрбіттік. Ұлыссұхбаттың бұл жолғы қонағының айтары көп екен.

Коллаж: ulysmedia.kz.

«Мені неліктен Тасмағамбетов пен Рақышевке қоса беретінін білмеймін...»

– Айбек мырза, соңғы айтылып жатқан сындарға байланысты не ойлайсыз? Мұның түп тамыры неде? Айтылып жатқаны «Барысов тек Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік тапсырысында отыр, зауыттың өнімдерінің бәрі муляж» десе, тағы біреулер «бұл Тасмағамбетовтың кезінде салынған зауыт, мұның артында Иманғали Тасмағамбетов, Кеңес Рақышев тұр» деген де пікір айтады. «4,7 млрд теңге шығын әкелді» деген пікірді де оқып қалдық. Осы сынға не деп жауап берер едіңіз?

– Сұхбатқа келіп отырғаныңызға рақмет! Иә, екі-үш апта былай қойғанда, ақпараттық соғыспен бетпе-бет келіп тұрған бірінші жағдайымыз емес. Маған қатысты фейсбук, инстаграм парақшаларында жарияланымдар шығып жатыр. Біз ондайға үйреніп қалдық.

Мен неге жауабын бермеймін? Әңгіме фейсбукте басталды. Мені әкем тәрбиелегенде ешқашан әйел адаммен ұрсыспауды, салғыласпауды үйреткен. Мен ондайдан қашқақтап жүретін адаммын. Әйел адаммен ешқашан сөз таластырмаймын. Сол үшін үндеген жоқпын. Маған сілтемелерін жібереді. Оның бәрін оқимын. Бір жаманы, ол жерде бір шын сөз жоқ. Ескі өсектерді, бес, алты, жеті жыл бұрын болған өсектерді айналдырып әкеліп, қайта басқаша айта береді. Ондайды мен істегенде оны жақсылап жасауға болар еді. Сапасыз жұмыс деп есептеймін, оның бәрін оқыдым ғой. Әрине, ол жарияланымдардың, авторлардың артында кім тұрғанын білемін. Айтпаймын, өйткені дәлелім жоқ, бірақ білемін. Оны бәрі біледі. Ескі Қазақстан Жаңа Қазақстанда өзінің протежелерін қойып кеткен, тастап кеткен. Осылай қазақты қазақпен қырылыстырып отыр. Оны істеп отырғандардың ішінде шетелдің де азаматтары бар. Сол үшін мен әлі шешкен жоқпын, әрине, бәрін заң бойынша қарастырамыз. Адвокаттар қарап жатыр. Бұл сөздерде қылмыс бар дейді. Ойластырады. Ол кісі әйел болғаннан кейін, жасы да үлкен – сол үшін ол кісіге жауап беріп, былай сөйлескен жоқпын. Өйткені, сондай тәрбие.  

– Ол кісінің сынына сіз жауап бердіңіз бе?

– Қазір жауап берейін. Оның алдында да жауап бергенмін. Ешкім естігісі келмейді. Әрине, ол кісі өз арнасына бір «сарапшыны» шақырыпты. Бірақ ол кісі сарапшы емес. Арлан 2,5 млн доллар тұрады дейді. Біздің ең қымбат машина 8Х8 «Барыс» – 2,5 млн доллар тұрмайды.

– Қанша тұрады?

– Оны айтуға болмайды. Ол құпия, бірақ ресми сауал жолдасаңыз, біз сізге жауап береміз. Бірақ ең қымбат машина 2,5 млн доллардан аз. Арлан – Аланнан кейін ең арзан машина. Дәлелі жоқ. Қалайша ол сол жерде 2,5 млн доллар деп соғып отыр. Фактчекинг болуы, дәлелімен айтуы керек қой!?

Мен неге ол кісіге жауап бермеймін. Егер мен туралы еркек адам жазса, мен міндетті түрде ол кісімен кездесер едім.

– Сонда сізге әйелдің пікірі пікір емес де, ер адамның пікірі пікір ме?

– Мен ұрсысқым келмейді. Пікір ол бар. Қалды. Ұрсысқым келмейді.

– Журналистік пікірді еркек немесе әйел деп бөлмеу керек шығар?

– Мені сөйтіп тәрбиеледі. Еркек жазса, еркекпен кездесем. Дәлелін маған берсін. Дәлелін бермесе, онда басқаша сөйлесеміз. Сотта кездесеміз. Әрине, заң жүзінде. Жаңа сұхбатта Рақышев пен Тасмағамбетов туралы сұрадыңыз.

– Осы компанияның акционерлері кім?

– Мен Әбілязовқа да жауап бергенмін. Менің зауытымда Иманғали Тасмағамбетов та, Кеңес Рақышев те, Жақсыбеков та «қожайын» болды. Сондай өсек таситындардан сұрағым келеді. «Сендер шаршаған жоқсыңдар ма?» деп. Зауытымды бәріне таратып болдыңдар. Оның бәрі тексеріледі. Оның ақпарат алаңында ізі қалады. Бұл жерде ешқашан басқа акционер болмаған. Мен акционермін. Ел солай ойлаймын десе? Кеңес менің досым болса да, мен Кеңестің адвокаты емеспін ғой. Мен әрдайым жұртқа бірдеңені дәлелдеуге тырысып жүрем бе? Тасмағамбетовтың да адвокаты емеспін. Ол кісілерді танимын. Иә, мен Кеңеспен доспын. Оны мойындаймын. Біз доспыз, бірақ біздің бизнеске деген Кеңес екеуміздің көзқарасымыз бөлек.

– Енді қараңыз, Кеңес Рақышев сіздің досыңыз. Зауыт 2013 жылы салынған. Қазір Кеңес Рақышевтің Қазинжиниринг басшысының орынбасары болды деген ақпарат шығып жатыр. Одан кейін Барысов зауыт ашты дейді...

– Мен мына зауытты салғанда ол кезде Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков болатын. Тасмағамбетов ол кезде қала әкімі. Капсула қойған іс-шарада екеуі болды. Мүмкін, содан кейін. Одан кейін оларды ауыстырды. Жақсыбеков біздің зауыттың акционері десе бәлкім, логикаға көбірек сияр ма еді? Ондай ештеңе болған жоқ. Одан кейін Тасмағамбетов министр болып келді. Бәрібір де Тасмағамбетов немесе Жақсыбеков, басқа кісі министр болса да, берілетін тапсырыс берілді. Бұл жерде менің орнымда басқа біреу, тіпті, сіз болсаңыз да! Осындай зауыт салсаңыз, сізден де тапсырыс алар еді. Мені неліктен Тасмағамбетов пен Рақышевке қоса беретінін білмеймін.

– Яғни, ол кісілердің сіздің бизнесіңізге ешқандай қатысы жоқ па?

– Жоқ. Кеңеспен біз 2007 жылы бизнес жасағанбыз. Содан кейін жолымыз бизнесте екіге бөлінді. Бөлек кеттік. Өйткені, Кеңестің бизнеске деген көзқарасы басқа. Ол венчурлық инвестор, кеңірек қарайды. Ал мен өндірушімін. Маған осындай зауыт салған ұнайды. Құбыр зауытым бар. Құрылыс саласындамын. Сол үшін мен қалай дәлелдеуім керек? Құран ұстауым керек пе? Оның бәрін айта-айта шаршайсың. Әрине, сенетін адам сенеді, сенбейтін адам сенбейді. Әрине, диванда жатып, түкіріп қойып, «анау ұрлап жатыр, мынау сөйтіп жатыр», «Барысов жаман» дей беруге болады. Ал Барысовтың артында мыңдаған адам, отбасы тұр.

– Бұл жерде қанша адам жұмыс істейді?

– Бұл жерде 250 адам жұмыс істейді. Аралас өндіріс бар. Қазақстанда радиаторды, тағы бір нәрселерді тапсырыс арқылы аламыз. Соларды есептегенде шамамен мың адам. Зауыт жұмысымен тікелей байланысты. Күні ертең әскери көліктерді шетелден әкеліп, Айбек жаман болып, зауытты жапса, мың адамға барып соның бәрін түсіндіріңдер. Қазір, мысалы, түріктермен келісімшарт жасасты ғой. Біздің адамдар түріктерге ұқсамай қалды ма?

– Қорғаныс министрлігі сонда қазір Түркиямен келісімшартқа келді ме?

– Олар алып қойды. Келісімшартқа қол қойды.

– Тура осындай көліктер ме?

– Техникалық сипаттамалар тактикасы деген болады. Одан ешқайда кете алмайсың. Ол былай ғой: сіз ренжімеңіз. Осындай әйел адам, бойы осындай болуы, шашы осындай, қазақ болуы керек деп. Ондайдың бәрін жаза аласың. Машинаның салмағы, баллистикалық қорғанысы, минаға қарсы қуаты – бәрін жаза аласың. Бірақ атын жаза алмайсың, себебі ол лобби болып кетеді. Жемқорлық басым болады. Бірақ Қорғаныс министрлігі сол сипаттаманың бәрін жазып келеді де «Кобра-2» деп жазып кетеді.

– Бұл кәдімгі тендер ғой?

– Тендер. Сол тендерде «Кобра-2» деп жазып кетеді. Одан кейін тендер болмайды да, біздің бағамыздың арасы 10 млрд теңге. Екі рет осындай конкурстан өтпеген соң бұлар Казспецэкспертке береді. Ал Казспецэксперт біздің МПР Прожект деген қазақстандық компания арқылы түріктермен тікелей келісімшарт жасасады.

– Қорғаныс саласында шетелдік өнімді сатып алу қаншалықты дұрыс?

– Әрине, дұрыс емес. Экономикалық ұлтшылдықтың идеясы – шамамыз келгенше бәрі осы Қазақстанда шығуы керек. Ал егер осындай зауыт Қазақстанда тұрса, әрине, осы жерден алу керек. Ол біріншіден, баға. Біз аналарға қарағанда өнімді 60 пайыз арзанға беріп отырмыз. Екіншіден, қаншама адам жұмыс істеп жатыр, қаншама салық төленеді.

– Онда не себепті Руслан Жақсылықов басшылығындағы Қорғаныс министрлігі сізбен жұмыс істегісі келмей қалды?

– Оның алдында Ермекбаев болды. Қазір Жақсылықов. Соны білмеймін. Сұрасаңызшы, неге олар екі есе қымбат бағаға шетелден алады? Менде күмән бар.

– Сізден «откат» сұраған жағдайлар болды ма?

– Енді мен қазір «болды» десем, оны дәлелдеуім керек қой!?

– Ондай болған жоқ?

– Болған жоқ деп те айта алмаймын.

– Кім деп сұрамай-ақ қояйын. Егер «сен бізге ақша берсең, біз сенің компанияңмен жұмыс істейміз» дегендер болды ма?

– Оның бәрін дәлелдеу керек қой!? Бәрін айта беруге болмайды. Мен адвокаттармен көп жұмыс істеймін, сол үшін мен көп сөйлемеймін. Айтқан нәрсені дәлелдей алам. Ал айтпасам айта алмаймын. Мен айтқан жауаптан сізге, көрерменге көрініп тұр ғой!?

– Түркия көлігін алу жағынан лоббишілер тұрған сияқты... Бәлкім, қателесем.

– Сияқты емес. Шынымен солай ойлаймын.

– Кімдер болуы мүмкін?

– Олар өте биік отырған, биліктегі адамдар.

– Ескі Қазақстаннан адамдар бар дедіңіз...

– Иә, Ескі Қазақстаннан бар.

– Яғни, әлі күнге дейін Ескі Қазақстанның қысымы бар ма?

– Бар. Әрине, бар. Мен, мысалы, бұл жағдай туралы естіп жатсам, әлеуметтік желіден көріп жатсам жарайды. Мен осы жағдайдың ішінде басынан бастап жүрмін. Мен процестің қатысушысымын. Соны көріп тұрмын. Біздің заңдарды бұзбай көрінгенімен, бұзып басқа жерден импорт алуға болатынын... Біздің президентіміз айтып тұрғанда «иә, иә» деп тұрып, бәрібір импорт алуға... Әрине, ол дұрыс емес. Әрине, бұл жерде өте мықты лобби.

«Алғанымды бәрі айтады, бергенімді неге білмейді?»

– Сонда президентке жалған ақпарат беріп, біреулер алдап отыруы мүмкін бе, сонда?

– Оны да айта алмаймын. Алдап отыр ма, не істеп отырғанын білмеймін ғой. Президент осы жерге келіп көрді. Бәрін дәлелдеп көрсеттік. Ары қарай қалай болғанын білмеймін. Мемлекетте жұмыс көп қой.

– Сіздің техникаңыз сынақтан өткен жоқ деген де пікір айтылды.

– Біздің барлық техника сынақтан өткен.

– Сынақтан кім өткізді? Дербес компания ма?

– Қорғаныс министрлігі, Шекара қызметінен де өтті. Бірақ Шекара қызметі соның нәтижесіне қарап, қаруландыруға алу керек болатын. Біздің машиналар – Барыс төрт жылдан бері сынақта жүр. Ал түріктерден алған «Кобра-2» машинасын 3 күннің ішінде қарулануға алды. Қазақ жасаған машинаны үш жыл сынаса, шетелдік жасаған машинаны үш күнде сынақтан өткізді. Сонда мәселе неде? Бұл жерде логика жоқ. Мен де іздедім.

Бізде қазір ұлттық бизнесті шеттетіп жатыр. Қазақстанда қазақтың еңбегін бағаламайды. Менсінбейді. Қазақсың ба болды – жасай алмайсың, қолыңнан түк келмейді дейді. Маған кезінде Ермекбаев (бұрынғы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев) солай айтқан.

– Ермекбаев ашық айтты ма?

– Иә. «Мынаны орыстар да жасай алмайды. Сендер қалай жасайсыңдар» дейді бізге. Сенген жоқ, мысалы. Осының бәрін жасаған қазақтар деп көрсеттім. Бір шетелдік жоқ бізде.

– Негізгі немесе қосалқы бөлшектің бәрі шет елдерден әкелінеді. Бұл жерде тек құрастырылады деген де сын айтылды. Арлан, Барыстың локализациясы қаншалықты деңгейде?

– Өзіңіз көрдіңіз ғой жаңа. Барып көрдік. Мен сізге былай айтайын: моторды қайдан аласыңдар деп сұрайды. Олай деп сұрағандар аздап интернет ақтарып, бірдеңе білейінші деген адамдар емес. Ондай адамдар ренжімесін – ол білмегеннен. Басқа көз пайдаланар едім, бірақ қазақпыз ғой – ренжіп қалады. Сол үшін сен кішкене интернетті қарап, ақпаратты қарап, одан кейін бірдеңе деп жазу керек шығар. Біз қозғалтқыш, трансмиссия, қорапты шетелден аламыз. Оның өзін толық құрастырылмаған күйі. Өзіңіз көрдіңіз, электрика, пневматика – оның бәрін өзіміз істейміз.

– Пайызбен есептегенде локализация қанша мөлшерді құрайды?

– Толық машинаның от-қару жүйесін басқарумен қосқанда «Барыстыкі» 72 пайыз. Бізді қазір тексерсе – бізге 10 доллар келсе, 2,8 доллар ғана шетелге кетеді. Қалғанының бәрі осы жерде қалады. Айлық, салық, несие, жарық шығыны – бәрі Қазақстанның жеріне сіңіп отыр. Ал қазір түріктерден алды. Бұл жаққа 1 тиын да қайтып келмейді. Сонда мемлекет кімге жақсылық жасады? Маған ба? Әлде қазаққа ма?

– «Барысов өзін осы салада Тасмағамбетовтың арқасында монополист болып алды» деп жазатындар бар.

– Тасмағамбетов туралы айтқанда, бізді не үшін қоса беретінін сіз түсіндіңіз ғой?!

– Шынымды айтсам, сіз шынымен де Тасмағамбетов министр болған кезде бұл зауыт құрылды және бұл компанияға Рақышев мырзаның қатысы бар деп ойладым, бірақ Жақсыбеков кезінде істі бастап кеткеніңізді түсіндім.

– Мен сонда кіммін? Мен құдаймын ба, пайғамбармын ба – мен оны қайдан білем. Жарайды, Жақсыбеков сол жерде қорғаныс министрі – мен сол жерде зауыт сала бастаймын. Тасмағамбетов әкім. Содан кейін Тасмағамбетовтың күйеубаласы менің досым ғой. Онда Тасмағамбетовты қорғаныс министрі қылайын да, Жақсыбековты Астана әкімі етейін. Сонда мен президентпін бе?! Әлде құдаймын ба? Мен ондайды білмеймін ғой. Ол кісілер басқа қызметке де кетіп қалуы мүмкін еді. Солай ғой!?

– Бәлкім. Сізге осындай зауыт салу идеясы қалай келді? Африкалықтармен қосылып алып жасалған махинация деген де пікір айтылып жатыр.

– Мен бизнесменмін. Кәсіпкермін. Ол кезде 36-37 жастамын. Бір бизнестен шықтым, қолым босады. Жан-жаққа қарап, не істеуге болады деп ойладым. Өнеркәсіп саласында келе жатқандықтан, сол салада өндірісті көздедім. Мемлекеттің қорғаныс саласында тапсырыстарын қарадым. Не шығаруға болады? Менің мақсатым – өндіру. Ешкімге ештеңе айтқан жоқпын. Зауыт салам дедім, Оңтүстік Африка еліне барып, келістім. «Бұл технологияны кім ойлап тапқан» деген сұраққа жауап іздедім. Күшейтілген баллистикалық қорғаныс саласындағы машиналар жарылса да, оқ атылса да, ең мықты машиналар салады. Ол технологияны оңтүстікафрикалық ойлап тапқан екен. Түсіндіңіз бе? Америкалықтар, француздар немесе израильдіктер емес. Әу басында Африкадан шыққан. Африкаға барып қожайынымен жақсылап сөйлестім. Келісімге келдім. Екеуміз бір жылдай араласып жүріп, Еуропада бір жылдай бизнес жасадық. Содан кейін осы технология бойынша екеуміз зауыт салайық, сен бізге бұрыл деп әйтеуір біз жаққа оны кіргіздім. Өйткені, Қазақстанға ешкім мұндай технологияны бергісі келмеді. Себебі, бір жағымызда Қытай, екінші жағымызда Ресей тұр. Екі қуатты өнеркәсіптік шпионаж. Бұлар ешқашан технологияны бермейді.

Отакар (Түркия) «зауыт саламыз» деп айғайлап жүргеніне 12 жыл болды. Монополист емеспін мен. Өйткені, мен жалғызбын. Зауыт салыңдар! Қанекей, бәсекелі ортаға кірейік.

– Сіз дайынсыз ба?

– Мен дайынмын. Неге салмайсыңдар? Өйткені Қазақстанға ақша салғысы келмейді. Қазақстанға бұлар сенбейді. Ертең қашқалы отыр. Сол үшін! Ал мен қашқалы отырған жоқпын, өйткені осы жерде тұрам. Осы жерде өмір сүріп, осы жерде өлем. Осында жерлейсіңдер. Әңгіме сонда.

Сол тұста қанша дөңгелекті машина бар деп қарай бастадым. Нормативтерін қарадым. Нормативтерде қашан жөндеу жұмыстары жүргізілуі керектігі, қашан ауыстырылуы керектігі нақты жазылған. Утильге кететін машиналардың орнына жаңасын алуың керек. Қарап отырсам, бүкіл сол сан таяу 10 жыл ішінде ауысу керек екен. Санадым да, ешкімге үндемей, зауытты сала бастадым. Маған бәрі келіп, «басың істей ме» дейтін.

– Мемлекеттен ақша алдыңыз ба?

– Қазақстан инжиниринг маған біздің акциялардың кепілімен қарызға 6 млрд 100 млн теңге берген. Жазатын адамдарға айтарым, құлақтарыңыз естісе, дұрыстап тыңдап алыңыздар: алғанымды бәрі біледі, бәрі жазады. Қанша қайтарғанымды ешкім жазбайды. Қанша сол жылы Қазақстан инжиниринг менің арқамда табысқа кенелгенін жазбайды. Ал мен сізге айтайын: 6 млрд 100 млн теңгені бір жыл ішінде 10 млрд 200 млн теңге етіп қайтардым. Тексеруге оңай.

– Ал мемлекеттік тапсырысты қанша алдыңыз?

– Машинаға ма?

– Иә.

– Ең бірінші сомасын білмеймін. 30 машина болды ғой деймін. Сонда бір 10 млрд теңге ме екен. Бірақ тапсырыс дегенде ол тұста өзіндік құн мұндай емес. Біз қазірдің өзінде табыс 20 пайыз табыс болса, ол табыстың ішінде несиені өтеуге кетіп жатыр. Ақшасын қайтару үшін несие алдым ғой. Кредитті коммерциялық банктен (Халық банк) алдым.

– Әлі күнге дейін төлеп жатырсыз ба?

– Табысымнан үлесінен сол несиенің бәрін төлеп жатырмын.

–  Қазақстан инжинирингтен алған 6 млрд теңгені сіз 10 млрд теңге етіп қайтардыңыз?

– Соны ұмытпау керек. Өйткені, көбі «алған» деп жазғанымен, қайтарғанымды ұмытып кетеді. Шындықтың жартысы – өтірік. Шындықты айтқан соң арғы жағын да, бергі жағын да айту керек. Алуын алдым, қайтардым. Екі есе көп қайтардым. Сонда маған қандай сұрақ қойылуы мүмкін? Оны тістің функцияларын ұмытып қалған, тілді тістің арғы жағында ұстап жүретін адамдар оны жазбайды.

– Айбек мырза, журналистердің сынына ренжімеуіңіз керек. Біз енді айтамыз. Біздің қолымызға құжаттар түспей қалады, ақпарат болады. Оған мүмкін ашық жауап беру керек шығар?

– Ол кісі менен «бір сұхбат берші» деп сұраған жоқ қой. Мен үшін адамды күшті, құзырлы деп қашан айтуға болады? Бәрі заң бойынша болуы тиіс. Кез келген мамандықта этикет деген болады. Ол кісі ондай өсекті естісе, маған қоңырау шалып, растауды сұрауға болады ғой?!

«Мариупольде Қазақстанның әскери машинасы не істеп жүр?»

– 2021 жылы Ұлыс медиа порталы да бұл тақырыпты көтерген екен. Осы тақырыпқа байланысты екі материал берілген екен. Бірақ бізде журналистік этикаға байланысты дейсіз, БАҚ болсын, журналист, блогер болсын – ресми жауап жіберу керек шығар.

– Біз жібергенбіз. Оны мен нақты білем. Кім кімге қашан жібергенін біліп, өзіңізге хабарын беремін. Мүмкін дереккөзді тексеру керек болар. Біз де аузымызға келген нәрсенің бәрін айта бермейміз ғой. Үлкен кісі болғаннан кейін, оның үстіне бұл сенің мамандығың болғаннан кейін сен кішкене сөзіңе жауапты қарауың керек қой. Ондай болмайды. Жарайды бүгін былай, ертең былай дер. Маған түк те емес, мен атын да білмеймін, оқығым да келмейді. Ұмытып кетемін. Менің ұйқым жақсы, құдайға шүкір. Олар жаман ұйықтауы керек. Өтірік жазған, өсек тасыған. Анау сарапшыны ешкім танымайды. Қайдағы сарапшы? Кім ол? Ол не экономист, не инженер. Не деп отыр ол жерде? Не деп былжырап отырғанын білмеймін.

– Тағы бір айтылған сын – Мариупольде Рақышевтің  Қадыровқа (Рамзан Қадыров – Шешенстан басшысы) сыйлаған машинасы соғысқа қатысып жатыр деген ақпарат. Бұған қатысты пікіріңіз қандай?

– Мариупольде машина жүрген деп ойлаймын. Ол шындық. Арлан. Жағдай былай болған: Рақышев Қадыровқа Арлан машинасын сыйлады деді ме? Мен сізге түсіндірдім, мен өзіме Алан немесе Арлан жасап беріңдер десем, маған жасай алмайды. Тіпті, мен өзіме сыйлай алмаймын. Қожайын болсам да. Мен металды сатып алған кезде нақты қай күштік құрылымға қанша машина кетіп жатқанына есеп берем. Бұл тонна, килограмы, грамына дейін келеді. Менде жеке өзіме бронмашина қалмайды. Сол үшін Кеңес түгілі, зауыт қожайыны болып отырған өзіме де істей алмаймын. Ал Кеңес біреуге сыйлаған деген болмайды.

– Яғни, бұл жалған ақпарат па?

– Әрине. Өйткені, мына машина танк сияқты ғой. Қарапайым адам біреуге танк сыйлай ала ма?

– Қадыровқа сонда бұл машина қалай жеткен?

– Қалай түскенін білмеймін. Росгвардия деген Ресейде құрылым бар. Бізден сынақ өткізу үшін сұрайды. Сынаққа сен көлікті тегін бересің. Бізде солай, бір жерге машинаны сынаққа жіберсек, қайтадан тастап кету бізге ыңғайлырақ. Өйткені, оны быт-шыт қылады.

– Бір машинаның өзі қымбат. Сынаққа бере салудың өзі шығын емес пе?

– Шығыны шығын. Бірақ келісімшарт болса қайтарасың ғой шығынды. Өйткені, оны қайтарып, ұшақпен алып келген қиын. Қымбат. 300-500 мың доллар. Сол жерге тастап кетеміз біз.

– Сонда Ресей тарапы сізден көлікті қай жылы алды?

– Біз 2018 жылы келісіп, 2019 жылы келісімшартқа қол қойылып кетті. Сынаққа! Қаруы жоқ. Тек қарапайым машина. Росгвардия бір жыл тесттен өткізгісі, одан кейін бізден алғысы келді. Толыққанды сынақ бір жыл болуы керек. Барлық температураны, географиялық жағдайда сыналуы тиіс. 1-1,5 жылдың ішінде олар шешуі керек. Сол күйі қалды.

– Росгвардия сынаққа алғанымен, сізбен келісімшарт жасаған жоқ па?

– Жоқ. Одан кейін пандемия, анау-мынау.

– Келісімшартқа неліктен келгісі келмейтінін сіз сұраған жоқсыз ба?

– Жоқ, біз сынаққа береміз, одан кейін оларды күтесің.

– Арлан сонда ресейліктердің сынағынан өтпей қалды ма?

– Өкінішке қарай бізге қарағанда орыс өлсе де басқа біреуден сатып алмайды. Мысалы, біздегідей жағдай – қазаққа қазақтың сенбеуі, өнімін алмай, шетелден алған деген ол жақта мүмкін емес жағдай. Ресейде ғана емес, бүкіл әлемде ондай мемлекет жоқ деп есептеймін. Өзінде зауыт бола тұра тура сондай машинаны екі есе бағамен басқа мемлекеттен алатын жағдайды айтып отырмын. Айтсам бәрі анекдот деп ойлайды. Күледі! Абсурд!

– Біздің ұлттық қауіпсіздік мәселесі ғой!?

– Ұлттық намыс мәселесі, тіпті. Намысымыз қайда сонда?

– Яғни, Ресей сынаққа алды, одан кейін пандемия болды. Сынаққа алынған Арлан қалайша Мариуопольге жетті?

– Біз білмейміз. Ол – келісімшарт бойынша Росгвардияның мүлкі. Оны Рамзанға бере ме, ол Росгвардияның шаруасы.

– Сіздер сынаққа берген кезде тек «сынаққа берілетіні» жөнінде шарт қоймайсыздар ма?

– Келісімшартқа қол қойылады. Сынақтың екі түрі бар: бірі ешқандай қағазсыз осындағы Барыстың бірін аламыз да, ұшаққа тиеп, мысалы Кувейтке барамыз. Сол жерде бір жаз немесе бір жыл сынақтан өтеді. Сол жерде шешіледі. Машина сол жерде қираса, сол жерге тастап кетеміз. Жақсы болса, ұшақ жалдап қайта алып кетеміз. Неге? Өйткені, рұқсатты көп алу керек. Қанша мемлекеттен өтесің, сонша рұқсат қағазын алу керек. Ұшақпен апарған оңайырақ.

Сынақтың екінші түрі – келісімшартқа қол қоясың, бірақ тегін бересің. Олар бір жыл немесе екі жыл сынақтан өткізеді де, жауабын береді.

– Сіздерге Ресей не деп жауап берді?

– Әзірге жауап берген жоқ.

– Одан бері 4 жыл өтті.

– Иә, 4 жыл өтті.

– Сіз неге жауапты талап етпейсіз? Арланым қалай? Ол неге Мариуопольде жүр деп сұрамайсыз?

– Оған олар жауап беруі керек. Сұрауыма да болады. Олар қазір не дейді? «Біз соғысып жүрміз, тоқтай тұр» деуі мүмкін. Пандемия кезінде басталды. «Не болып жатыр?» деп сұрасам, «қазір пандемия болып жатыр, оған маңыз беретін жағдай жоқ» деді. Бәрі жабық, бізді де жауып тастады. Одан кейін соғыс басталды. Мен қашан сұраймын? Осындай заң бар: қару сатқанда сынаққа берген нәрсеңді қаңқылдап қайта-қайта сұрай бермейсің. Ол бір машинаға бола ештеңе болмайды. Бір машинаға бола ешкім соғысты ұтпайды немесе ұтылмайды. Түсінесіз бе?

– Түсінем, бірақ сіз принциптерге берік азамат ретінде «не үшін» деп сұрақ қоя ма деп ойладым...

– Сұраймыз. Ол кезде Ресей соғыс бастаған жоқ, санкциялардың салынбаған кезі. Ресей бізге көрші. Олардың үлкен-үлкен компанияларымен жұмыс істедік. Оларда мынадай технология жоқ. «Мүмкін осындай зауыт ашсақ, басында осы жақтан алсақ, одан кейін бірлесіп, үлкен компаниялармен (қазір олар санкциялық тізімде жүр) салсақ деп ұсынды. Бірақ олар «көлікті Ресейде шығаруымыз керек, сонда аламыз» дейді. Олар бұл тұрғыда дұрыс – ұлтшылдар. Экономикалық ұлтшылдық деген сол! Ең біріншіден қазақтан алу, қазақ жасамаса ғана басқадан алу деген сол! Олар сөйтпек болды. Сол оймен біз «жарайды, бір машина сынақта әзірге жүре берсін» деп ойладық. Одан кейін пандемия, артынша соғыс басталды. Енді кімнен не сұрайсың қазір?

– Қазір Арлан немесе Барыс машинасын шетелден сатып алып жатқандар бар ма?

– Бізге мемлекет рұқсат берді. Ол үшін премьер-министрге рақмет! Экспорт жағынан бізге басында тыйым салынды ғой. Қазір Конгоға келісімшарт сатысында тұр. Әзербайжанмен сөйлесіп жатырмыз. Әзербайжанда біздің серіктестер қойған Арланның әкесі – Морадер деген машина Әзербайжан армиясында тұр. Соның отызы Қарабақ соғысына қатысқан. Отызының үшеуі танкіге қарсы минаға түскен. Бір адам өлмеген. Біздің машинаның сапасы содан-ақ көрініп тұр емес пе!?

– Онда неліктен «сертификаттаудан өтпеген» деп жазады.

– Жаза береді. Министрлік солай жазады, өйткені, олар қазір бізден сертификаттаудан өткізіп, алып алса... Президент олардан «неліктен сен Қазақстанның машиналарын алмайсың?» деп сұраса, олар «сертификаттаудан өтпеген» деп жауап береді. Ал неге біз өтпейміз? Олар өйткені бізді өткізбейді. Өздері істеп отыр. Ондай мысал көп. Оларға өткенде «егер сіздер құжат жағынан жұмысты жасай алмай қалсаңыздар, демек заң бұзбадым деп ойламаңыздар» деп айттым. Оған ертең басқаша да қарауға болады. Сөз берем – сөзімнен бас тартпаймын! Мынаны істеп отырған адамдар – үлкен топ, ықпалды адамдар. Бірақ олар Қазақстанның өзгергенін, президенттің шынында да өзгеріс жасағысы келетінін, жасайтынын білмейді. Бүгін болмаса да президент өзгерісті ертең жасайды. Сонда осының бәрі өтірік алдағаны, өтірік қағаз дайындағандары – бәрі шығады. Сотқа дейін жетеді. Үлкен фамилиялар... Ал өз басым өлгенше, ең соңғы күніме сол кісілердің фамилиясымен жүрген адамдардың бетіне айтып жүрем. Олардың ұрпақтары, балалары, немерелері олардың фамилияларынан ұялып, ауыстыратын күн келеді. «Президентке осылай айта саламыз» деп ойлап жүр олар. Әдеттегідей. Бұл әдеттегі жағдай емес. Мен ұмытпайтын адаммын. Жаспын, 46-дамын. Құдай бұйырса, өмірім алда! Жаспын, күштімін. Өлетін түрім жоқ. Ештеңеден қорықпаймын. Менің парызым – осы жұмысты соңына дейін жеткізу. Кім кімді алдады? Ол кісілер заң бойынша жауап бермейінше, мен ешқайда кетпеймін. Осы жерде болам! «Айбек үндемей жүр, бәрі жақсы» деп ешкім ойламасын. Оның бәрін біз білеміз. Арғы жақта тұрған адамдар «осылай істей саламыз, Барысовты сөйте саламыз» деуі мүмкін. Олар, тіпті, біз қаншалықты көп білетінімізді түсінбейді. Бұрын тек Барысов қана білді, ал қазір мен сияқты мыңдаған адам сырды біледі. Кез келген салаға барыңызшы, барлық жерде солай. Оның бәрі бәрібір тоқтайды және ол үшін жауапкершілік болады.

– Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов оны түсінбейді деп ойлайсыз ба?

– Білмеймін. Түсінсе, есі дұрыс адам осылай істей ме? Оның артында тұрған, онымен бірге тұрған адамдар, мысалы. Жақсылықовқа қатысты менің дәлелім жоқ. Оған жала жауып тұрған жоқпын. Кім істеп отырғанын білмеймін, бірақ өте үлкен кісілер. Ол кісілер президенттің бәрін білетінін, зауыт барын, бағасын да біледі деп ойлаймын. Алайда екі есе қымбат машинаны алу деген... Қалай ойлайсыз? Бұл қылмыс па? Қазақстанда тұрған зауыттан алмай, басқа мемлекеттен екі есе қымбатқа сатып алу – қылмыс па? Мен мұны сұрақ ретінде айтып отырмын. Қазақтың нанын тартып алып, шетелдіктерге беру деген қылмыс па? Қорғаныс министрімен осы мәселе жөнінде әңгімелесе алам. Маған қағаз да, калькулятор да керек емес. Бармағыммен-ақ түсіндіріп бере алам. Олар бәрін біледі. Осыған жеткізіп отырған адамдар мүмкін ауру шығар. Өлер алдында әдетте адамға бәрібір ғой. Мүмкін, солай ма? Логика жоқ. Сіз логика дейсіз, оларды мен түсінбей қойдым.

Қазір олар кейін бәрі ұмытылады дейтін шығар. Мен ештеңені ұмытпаймын. Мына адамдар ұмытпайды. Менің артымда тұрған мыңдаған адам оны ұмытпайды. Ешқашан! Менімен жақын араласатын, менімен осы зауытта еңбек ететін, бізбен бірге қозғалыстағы 28 қауымдастық – бәрі кімнің кім екенін біледі. Олар да ұмытпайды.

– Ал сіз бизнесті саясиландырып алған жоқсыз ба?

– Неге? Мен сізге шындықты айтайын: маған тойға барғанда тост берем деген кезде асабаға «маған тост бермеші» деп сұрайтынмын. Мен біреумен ұрсысуды қалайтын адам емеспін, мен қара жұмысшымын. Біреумен салғыласқым келмейді, саясатқа келген жоқпын. Саясат маған келді. Маған тиіспеңдер, біз өзіміз тып-тыныш жұмыс істей берейік. Ертең жаңа инженерлерді даярлап, жаңа зауыттарды ашып жүре бермейміз бе!? Тиіскіледі ғой. Фамилияларын айтпай-ақ қояйын, дәлел жоқ. Маған «осы зауытты екі есе арзан бағаға сат» деп келді ғой. Қалай берем? Ескі Қазақстандағы «үлкен кісілер».

– Қаңтарға дейін бе? Кейін бе?

– Дейін, әрине. Сатпаймын дедім. Бұларың рейдерлік пе, әлде ұсыныс па? Жоқ бұл ұсыныс дейді. Ондай ұсыныс болмайды дедім. Жігіттер, сендер бұл зауыттың қанша тұратынын білесіңдер дедім. Жарайды деп кеттік. Бәрі содан басталды.

– Егер сол кезде сізге үлкен сома ұсынғанда сатар ма едіңіз?

– Қазақ берсе, сатар едім. Жақсы ақша берсе! Бұл зауыт қанша? Интеллектуалды меншік, анау-мынау бар. 250 млн (?) берсе, мен сатар едім. Үстінен табысым бар. Басқа тағы екі-үш зауыт салар едім. Мысалы, Ербол екеуміз бір-екі жоба ойластырып жүрміз. Күшті қуатты жоба. Оны іске асырсақ, ол 5-6 мың жұмыс орнын ашамыз.

«Қазір менің біреуге беретін 100 мың долларым да жоқ»

– Ал қазір сіз жыл сайын қанша салық төлеп отырсыз?

– Нақты білмеймін, бірақ осы депутаттыққа кандидат болған кезде декларацияда 1,5 млрд теңге жылына төледім.

– Ермекбаев министр болып отырған кезінде сізге мемлекеттік тапсырыс бермей қойған күннің өзінде сондай салық төледіңіз бе?

– Минуста болсақ та төлеп отырмын. Маған бұл іс – принциптің ісі. Маған біреулер «сен шаршаған жоқсың ба?» дейді. Оларға «сендер қызықсыңдар, тіпті, принцип мәселесі емес, өмір мен өлімнің мәселесі» деймін оларға. Мысалы, біздің көрші мемлекеттің бастығы (Путин) «бізге Ресейсіз әлем не керек!?» деді емес пе? Менің де жағдайым соған ұқсайды. Жұмыс орнын ашып, біліктілігі жоғары мамандарды даярлап, осыншама салық төлеп, перспектива жасап, шетелдегі шоттарымды жауып, Қазақстанның патриоты болғым келгені – қылмыс па сонда? Сонда мен не істеуім керек?

Біздің кейс – бұл ел экономикасына үлгі сияқты. Мұндай кейс әр салада бар, бірақ бәрі үндей алмай жүр. Сонда қазіргі отандық инвесторда ақша бар, бірақ салғанға қорқады. «Міне, Айбек ақшасын салды, не болды?» дейді. Тартып алмағанша түк те болмайды дейді. Мен әлі бармын, түрмеде отырған жоқпын. Зауытты ешкім ала алмайды, зауыт болады, мен де түрмеге отырмаймын. Құдай бұйырса, осы жерге екінші зауыт саламыз. Менде қандай таңдау бар? Мен ешқайда көшпеймін, кетпеймін. Бұл жақтан елді алдап, қылмыс жасап отырған адамдар кетсін! Бәрібір олардың үйлері де, отбасылары мен шоттары сол жақта! Кетсін! Оларға Қазақстаннан не керек? Менің бала-шағам, әйелім, үйім осы жақта. Осы жақта қалам!

– Соңына дейін күресесіз?

– Соңына дейін! Мінезім сондай. Ешқашан қайтпаймын.

– Сіз кіммен күресуді білесіз?

– Әрине, білем. Неге шаршаған жоқпын? Ең бастысы, президент қолдап тұр!

– Президент Тоқаев қолдап тұр, бірақ үкіметте отырған қорғаныс министрі Жақсылықов отандық техниканы шығаратын зауытты көре тұра, біле тұра, барады да, түрік компаниясымен миллиардтаған келісімшартқа қол қояды. Логикаға сыймай тұр...

– Мен де түсінбеймін. Мен қазір «иә» десем, ертең сотқа беруі мүмкін. Дәлелде деп! Мен дәлел бере алмаймын, бірақ сіз журналист ретінде өзіңіз айттыңыз.

Түріктің машинасының сапасы мықты ма?

– Сапасы мықты емес. Түріктердің машинасына, моделіне 12 жыл болған. Аланның шыққанына бір-ақ жыл болды. Яғни, ең соңғы Камри-50 мен Камри-70 секілді жаңа модель. Оларды жаман машина деп айтуға болмайды ғой. Жақсы машина. Міне, біздікілер «біз елулікті аламыз» дейді. Екі есе қымбатқа алады.

Үлкен мәлімдеме жасайтындай менің дәлелім жоқ. Бірақ бұл аз дегенде логикаға сыймайтын нәрсе. Қалай ойлайсыз?

– Қазақстан нарығына ресейлік компаниялардың жаппай кіріп жатқан тенденциясын байқайсыз ба? Банк болсын, индустрия, инфрақұрылым, геология, уран... Ресейлік компаниялар жаулап жатыр. Мұны ашық ешкім айта қоймайды. Мұның артында түріктер емес, ресейліктер тұруы мүмкін бе деген күдік те болды. Сондай компаниялардың нарыққа кіруі – бұл қазақтың сорлылығы ма, бишаралығы ма, әлде біз шынымен де бәсекеге қабілетті емеспіз бе? Неге біз ресейліктерге барлығын ашып беріп жатырмыз?

– Маған бір кісі «сендер қазақтар сатқынсыңдар, сатып аламыз бәрін» деді. Біздің кейбір адамдар соны күнде дәлелдеп жүрген жоқ па?! Орыстар ма, шетелдіктер ме бәрібір. Өзіміздің қазақ соны дәлелдеп тұр ғой. Сонда анау кісінің айтып тұрғаны шын ба сонда? Мен мысалы сатылмаймын. Неге бәрі қазақтар туралы сөйтіп ойлайды. Мен сатылмайтын, шындықты, жақсыны да, жаманды да айтам. Кейбір адамдар ғана бүкіл қазаққа сондай көлеңке түсіреді. Кір жағады.

– Бірақ бүкіл қазақ ондай емес.

– Мен бармын, мысалы. Өзім туралы айта алам. 100 пайыз сенімдімін – мен сатылмаймын! Өтірік айтпаймын, ешкімге жағымсымаймын. Болды! Ал қалғандары не істеп жүргенін мен білмеймін. Логикаға қарасаң, осындай болып тұр.

– Жақында мен пост жаздым. Индустрия министрі Қарабаев шешім қабылдамайды. Көп шешімге ресейлік министр Денис Мансуровтың ықпалы барын жаздым. Сіз Қарабаевпен кездестіңіз бе?

– Біздің қозғалыс кездесті. Министр уақыт бөлді, комитеттердің бастығын әкелді. Вице-министрлер болды. Сол жерде жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы, жүк тасушылар қауымдастығы – көп адам болды. Көп нәрсе шешіле бастады. Кәдімгідей Марат Қарабаев ерінбей келді де, бір сағаттай тыңдап, тиісті тапсырма беріп, сол кездесудің арқасында бірталай жанайын деп тұрған шешілді, қазір де шешіліп жатыр. Сол үшін өйтіп айта алмаймын.

– Индустрия вице-министрінің бір сұхбаты шықты айтпақшы. Сіздер туралы...

– Ол кісі енді ғана вице-министр болып шықты. Сол кезде ол білмегеннен сұхбат шығарған ғой. Одан кейін сөйлестік, әңгімелестік, бәрін талқыладық.

– Сөзі қате болса, жауапсыздық болғаны ғой?

– Мен де, Ербол да сөйлеседі. Құзыреті бар. Бәрін түсініп тұр. Қалай ойлайсыз? Вице-министр ондай сұхбат бергісі келмесе, есі дұрыс адам бермейді ғой. Ол жігітті мен танимын, ақымақ емес, құзыретті. Ол даладан келмеген адам. Сонда анадай сұхбатты кім бергізіп отыр?

– Сонда ол біреудің қолшоқпары болып отыр ма?

– Біздің мемлекеттік істе, министрліктерде, барлық жерде сол. Бастық қалай айтса, солай істейсің. Ол жерде ешкімге секіруге болмайды. Дәл қазір Индустрия министрлігімен біздің қарым-қатынасымыз жаман емес деп есептеймін. Өйткені, біздің ұлттық, экономикалық ұлтшылдық қозғалыстың көп сұрағы шешіліп жатыр. Процесс жүріп жатыр. Ал қалғандары – бір-екі министрлік, бір үлкен ұлттық компания әлі кішкене қашқақтап жүр. Біздің ұстаным сондай: егер компанияңыз болса,  сізді мемлекет немесе басқа біреу алдап ақша бермей, рейдерлік көрсетсе, шындықты айтып біздің қозғалысқа келсеңіз, бар шындықты айтсаңыз, біз сізге сенсек, ол мәселелеріңіз тек қана сіздің емес біздің де мәселеміз. Ол – 700-1000 адамның мәселесі.

- Бұл ассоциация келешекте саяси партия болуы мүмкін бе?

- Біз партия боламыз ба, болмаймыз ба білмеймін. Мысалы, біз неге қозғалыс болдық... Қозғалыс ол РОО (республикалық қоғамдық ұйым – РҚҰ) ғой. Өйткені, біз ассоциация ретінде өкілеттіктен шықтық. Қолымыздан келгеннің бәрін істедік. Ал енді ары бару үшін РОО болуымыз керек. Тура 8 ассоциация жиналып қалдық. Сол жерде қозғалыс құрдық. Мысалы, осы қозғалыс болып жүріп, осы бизнестің мәселелерін шеше алатын болсақ, бізге партия болудың керегі не?! Керек емес. Әділетсіздік жоқ болса, партия құрып не керек? Қоғамдық қозғалыс ретінде бәрімен кездесіп шешеміз. Негізінде ол соған байланысты.

- Сіз депутаттыққа да түстіңіз ғой. Бұл сізге тәжірибе болды ма әлде сізге біреу қатыс деді ме?

-  Маған ешкім қатыс деп айта алмайды. Анам не әкем айта алады. Олар мен саясатқа барғаннан бақытты болған жоқ. Мен бизнесті де қойғым келді. Әкемнің арманы, бизнес-жобасы бар – Зайсанға барып, көп жер алып, мал өсіру деген. Мен әкеме ондайға бара алмайтынымды айттым. Сол үшін, әрине, депутаттық тәжірибе ретінде болды. Одан кейін мен ресми түрде саясатқа келдім деген сөзім бұл.

- Сіз миллиардерсіз бе? Миллионерсіз бе?

- Жоқ. Мен түсінбеймін миллионер, миллиардер, бай дегенді. Сондай сөздерді жек көрем. Мен өз-өзіме жақсы, сапалы, үй, көлік, киім, тамақ, өз жақындарымды қамтамасыз етем деп айта алам. Иә, мен кедей емеспін. Бірақ миллионермін, баймын деп айта алмаймын. Өйткені, мен өте бай адамдарды көрдім. Миллиардерлерді, супер миллиардерлерді көрдім. Енді кім қалай айтады..Санасаң былай миллионерсің. Ал менен 100 мың доллар сұрасаң, менде жоқ. Өйткені, мен еңбекақы төлеуім керек, салық төлеуім керек. Солай.

- Ал Қазақстанда бай мен кедейдің арасы тым үлкен. Көріп отырсыз, халықтың жағдайы қазір өте мүшкіл. Қазір айтып жатырмыз, тамақтың өзін кредитке алатын заман болды. Бәрі қымбат. Мектепке балалардың дайындау үшін де халық қиналып жатыр. Өзіңіз миллиардер емес, миллионер болсаңыз да, жалпы халықпен қарым-қатынасыңыз қандай?

- Әрине, ауылда да менің туыстарым бар. Кластастарым, группаластарым бар. Ерте жастан жұмыс істедік. 46 жаста болсам да 76 жастағы адамның өмірін көрген шығармын. Ол кісі де (журналист) қызық, мені терезелердің монтажнигі дейді. Ал сондай болған жаман ба? Неге жаман?

– Қалайша қарапайым монтажник осындай деңгейге көтерілді деген сұрақ болды.

– Ол кісінің пікірі бойынша қарапайым қазақ ешқашан бай бола алмай ма? Әлде өнеркәсіп ашып, кәсіпкер бола алмай ма? Демек, солай болып тұр ғой. Ол кісі менсінбей жазды. «Какой-та монтажник окон» деп. Солай жазды ма? Ондай білмеймін. Ал қазіргі байлардың бәрі де бай болып туды ма? Олардың әке-шешесі де бай болды ма? Қалай сонда?

– Енді сіз Қазақстандағы байлардың көбі қалай байығанын көріп отырсыз ғой. Сондай таптаурын түсінік бар.

– Мен ондай емеспін. Қарапайым адамдармен араласам. Шіріген байлардың кедей болып кеткенін, ішіп, казиноға бәрін салғанын көрдім. Қаншама қарапайым бизнесмен мықты бизнесмен болып кеткенін де көрдім. Оның бәрін көрдім. Алла Тағала оның бәрін 1 ғана секундта өзгертеді. Мысалы, мен осы жерде миллионер болып отырсам, Аллаға керек болса, ертең таңертең мен кедей болып оянам. Ол 1 ғана секунд! Ешқашан мен кедей немесе миллионермін деп ойлауға болмайды.

Мен кедей болғанмын. Мен қарапайым отбасынан шыққанмын. Мені мысалы қарапайым өмірмен қорқыта алмайсың.

– Кеңес Рақышевпен қалай таныстыңыз? Қалай дос болып кеттіңіз?

– Кеңес Рақышевпен менің бөлем бір мектепте оқыған. Олар дос болған. Кеңес ол кезде спортпен айналысады. Сол жерге келіп жүрді. Бөлем арқылы танысып, араласып кеттік. Араласқанымызға шындықты айтайын 30 жыл болды. Қазір ғана соны ойлап отырмын. Бір өмір. Кеңес шынында да жақын досым, сыйлаймын, жақсы жігіт.

– Қазір ортақ бизнестеріңі жоқ па?

– Жоқ.

– Сіз Тасмағамбетовпен қатар Серік Ахметов кезінде де жұмыс істедіңіз.

– Ол кісіні мүлде көрген де жоқпын. Ол кісімен қалайда көп араласқан жоқпын. Тапсырысқа ол кісі қалайда таза сияқты көрінді, ондайға кірісіп, іздеп сөйткен жоқ. Одан кейін Бектенов министр болып тұрған кезде де көрген жоқпын. Ол кісі жарты жыл ғана болды ғой деймін.

– Тағы қандай қорғаныс министрлерімен жұмыс істедіңіз?

Көп болды ғой. Жақсыбеков, Тасмағамбетов, Жасұзақов, Ермекбаев, Бектенов.

– Бірақ сіз Ермекбаевтың тұсында тапсырыс ала алған жоқсыз, иә?

– Оның алдындағы министр Жасұзақов кезінде қыса бастады бізді. Маған «екі есе арзан сат» деген ұсыныс келді. Мен сол кезде бас тарттым. Сол кезден бастап маған қысым басталды. Бұлар бүйтеді: орысша айтқанда «высушить» дейді. Өз шартына көндіру үшін адамды «высушить» еткісі келеді. Келісімшарт бойынша 30 күннің ішінде төлеу керек болса, ол көмектесем десе саған бірінші күні төлей салуы мүмкін. Ал ол 30-шы күні төлейді немесе төлемей сот арқылы береді. Сен қарызға алып, жүгіресің. Олар «мынау жүгіре-жүгіре шаршайды» деп ойлайды. Тозады дейді. Тірі адамның тіршілігі болады. Қу тіршілік тағы болады. Не жей алмайсың, не кие алмайсың. Бұлар мені қу тіршілікке кіргізбекші. Қанша жыл өтті. Әлі мен қу тіршілікке кірмей жүрмін. Мен барлық жағдайымды, өз энергиямды да осыған салып жатырмын. Бірақ мен енді шаршамаймын, артқа шегінбеймін. Болды! Маған енді тиіспеу керек. Ешкімге ешқашан тиіспеймін, ешкімнің нәрсесін алмаймын. Бірақ өзімдікін бермеймін. Маған тиесілі екен, онда күт! Солай болады!

– Айбек мырза, бүгін зауытыңызды көрдік. Техникаларыңызды да. «Сын болмаса, мін түзелмейді» дейді. Менің позициям – бейтарап. Өзіңіз көріп отырғандай, біз сынды да, басқа позицияларды да қарап жатырмыз. Менің ұстанымым – әрине, отандық өнімді қолдау керек. Жақсылықов мырзаға, мәселен, қазір сұрақтарым көп. Сауал да жолдадық. Ол кісі де біздің сұрақтарға жауап беріп қалар.

– Менің сізге бір өтінішім бар: ол кісіден сұхбат алсаңыз. Бірақ міндетті ретте қазақ тілінде сұхбат болсыншы сізге! Ол қорғаныс министрі ғой. Берсін сізге. Мен беріп отырмын ғой. Орысша сөздерді қосып, дәл солай берсін. Қазақстанның қорғаныс министрі қазақ тілінде, мемлекеттік тілде сұхбат берсін. Ол міндетті деп есептеймін!

– Көреміз. Менің айтайын дегенім – бізде ұлттық намыс, ұлттық абыроймен кез келген салада жұмыс істесек деген ой. Қашанғы Ресейге немесе басқа мемлекеттерге жалтақтаймыз. Шынымды айтсам, бәрі әділ болуы керек. Ешкім ешкімді лобби жасамауы, бәрі әділ, ашық болуы керек деп есептеймін.

– Мен айтам: салыңдар! Мен түріктерге қарсы емеспін! Біз де түркіміз. Бір халықпыз. Бірақ олар мен сияқты осы жерге зауыт салсыншы.  Тура  мен сияқты еңбек етсін,  мен сияқты 250 адамды, қазақстандықты жұмыс істетсін. Қазақстан азаматтары ішінен 250 адамға осы жерден жұмыс тауып берсін! Тура мен сияқты салық төлеп, тура мен сияқты қаншама ақшаны осы жаққа қалдырсын! Мархабат! Бір емес, 10 зауыт салыңдар! Осы әділ ме? Әділетсіз бе? Меніңше, мұндай талап әділ! Ал сен басқа жақтан сатып алып, бір тиын да осы жерге қалдырмай, біздің ақшаны, мемлекеттің ақшасын шашқанға қандай қақың бар?

– Яғни, қазір қорғаныс министрі ақшаны шашып отыр деп айта аласыз ба?

– Мен өйтіп айта алмаймын, өйткені қорғаныс министрлігі де-юре сатып алмайды. Индустрия министрлігі сатып алады. Өйткені, мемлекеттік қорғаныс комитеті сол министрлікке қарайды.

– Демек, Индустрия министрлігі?

– Оны да айта алмаймын, өйткені оны олар шешпейді. Олар тек ақшасын төлейді. Оларға «диктовать» етіп отырған – қорғаныс министрлігі. Өйткені, техникалық сипаттама тактикасын (ТСТ) солар жазады. Жазғанда олар, тіпті, Кобра-2 деп техниканың атын жазып берген ғой. Бұл сұмдық! Абсурд! Кез келген шетелге осы әңгімені айтып берсең, бетіңе қарап күледі. Кейде мен ұйықтап жатқан шығармын, түсім шығар деп ойлаймын. Мұндай әділетсіздік дегенді сөзбен жеткізе алмаймын. Бұрын ыза болатынмын, қазір мен күтіп отырмын. Олар да кетеді. Бірақ жауапкершілік болуы керек. Әлі күнге дейін солай санаймын.

Жемқорлықтың бәрі неден шығады? Өйткені, бұлар жауапкершілік болмайтынын біледі. Күні ертең «мен емес, қол қойған басқа» деп шығады ертең. Ал олар әрбір келісімде жауапкершілік бар.

– Сіз неліктен осы мәселе тексерілсін деп антикорға жазбадыңыз?

– Біз жазып жатырмыз. Біз есеп комитетіне, антикорға бәріне жазып жатырмыз. Мемлекет болғаннан кейін бір-біріне тиіспей ме?! Оларға да «неліктен тиіспейсіңдер» деп жаза алмаймын ғой. Олардың құзыреттері қандай екенін білмеймін.
 

«Ешкімге тиіспеймін, тиіскенді аямаймын»

 

– Сіз өзіңіз оппозиционермін деп санайсыз ба?

– Жоқ. Былай қараңыз. Менің пікірім сіздің пікіріңізден басқа болса, демек, мен  оппозиционермін ғой. Мынандай министрлерге оппонентпін. Иә, мен оларға оппозициямын. Президентке жоқ. Мен президентке көмектескім келеді. Біздің пайдамыз, әлеуетіміз өте үлкен. Біздің дегенде – олар мен сияқтылар. Олигархтар емес, орташа мен сияқтылар. Көп. Идеялары, ақшалары бар. Еңбек ете алады. Тәжірибе көп. Ондайлар көп. Негізі біз отандық инвесторларды мемлекет менсінбейді. Негізі бекер. Шетелдіктерден қарағанда, біз ақшаны көп саламыз, себебі қазақ ретінде бір жерге барып ақша салсам, сол жаққа көмектессем, сол жақтың жағдайын жасасам деп ойлаймын ба – жоқ! Мен ол жақтан табысты қалай шығарсам, осы жаққа әкеп, тағы бір үй немесе көлік алсам, туысыма көмектессем деп ойлайсың ғой. Сонда шетелдіктерді түсінуге болады. Бөтен мемлекетке ақша қалдырып не керек? Ал қазақ Қазақстанға қалдырады. Ертеңгі балаңа, немерелеріңе қалады. Сол үшін ұлттық бизнес жағдайын мен сияқты жігіттер жасай алады деп сенем! Үмітімді үзбеймін ешқашан! Мен президенттің реформа жасаймын дегеніне сенемін.

Мен, мысалы, жарайды, мемлекет демей-ақ қояйық, осы зауытта барлық қызметкерді жұмыстан шығарып, жаңасын ала алмаймын. Жұмыс жүрмейді онда. Шаш ал десе, бас алуға болмайды. Кімді алып, кімді қою керектігін ойлау керек. Процес әлі болып жатыр деп есептеймін. Неге реформалар тез жүрмей жатыр? Өйткені, ол процес әлі өтіп жатыр. Мүмкін, біздің президент реформалар қалай болуы керектігін ойлап отыр. Ол туралы ойлайды. Толық оппозиционер – бәріне қарсы болған адам. Президентке, үкіметке, ПӘ-ге! Мен тіпті үкіметке қарсы емеспін! Мен жекелеген министрлерге қарсымын. Болды! Позициям сондай. Керісінше, сен ертең сол жағдайды өзгертуіңе болады. Сен біздің қозғалыстың адамдарымен кездес те көмектес. Мен сені жүрген жерімде мақтап жүремін. Осы кісі біздің қазақтарға жаны ашиды екен деп! Мен жақсылықты да айтам. Көбі «Айбек төбелесе береді» деп айтады. Жоқ! Маған да тыныштық керек. Мен де бейбітшілікті қалаймын. Бірақ тыныш отырсаң, келіп тиісіп кетеді. Тыныш отырмаймын ба? Бала-шағам, отбасым, спортым бар. Ешкімге тиіспеймін. Барыс медиа бар. Жоқ, маған келіп тиісіп кетеді. Нелері бар менде? Оның аржағында сондай арам ой ғой. Олар маған тиісіп, үлкен ақпараттық шу шығарып, сол кезде тағы ұрлап алу керек. Анау жолы сөйтіп жүріп 17 млрд теңге ұрлады, осы жолы сөйтіп жүріп, одан да көп ұрлайды, мысалы. Болды! Басқа себеп жоқ. Анау кісі атын да айтқым келмейді. Ол мені танымайды, ешқашан көрмейді. Мен туралы білмеген де. Қарадан-қарап анадай 15 пост жазып тастаған. Неге? Не болды?

– Журналистер солай жазады. Оған ренжімеңіз.

– Маған зауытыма осыншама сөз арнайтындай не болды?

– Ол кісі өзінің зерттеуін жүргізіп жатыр. Меніңше, ашық болу керек.

– Мен ол кісімен керек болса кез келген кісімен кездесем. Кездесейік. Сұхбаттасайық. Неге айтпайды? Неге сұрамайды? Мен сізге түсіндірейін, міне дәлел, міне құжат! Барлық сұраққа жауап бар. Мен қашып жүрген жоқпын ғой.

– Қазір сіздің осы зауыттағы үлесіңіз 65 пайыз ба? 35 пайызы парамаунт группа – африкалық компанияға тиесілі ме?

– Иә.

– Сіз кәдімгідей дивидент аласыз ғой?

– Мен мына жерден бір тиын дивидент көрген жоқпын.

– 2013 жылдан бері?

– Жоқ әлі. Әрине, жоқ. Бұл жерден аздаған табыс түссе, оның бәрімен несиені жауып жатырмыз. Біздің әлі несиеміз бар.

– Ал Қазақстан Даму банкінен несие алып көрген жоқсыз ба?

– Біріншіден, әскери өндірістерде тіпті мемлекеттік банктер қаржыландыра алмайды. Өйткені президент осы 2022 жылы наурызда тиісті тапсырма беріп, Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы басқа өндіріс болса, олар арзан ақша береді. Ал ОПК-ға сондай қор ашыңдар деді. Ашты. Жарғылық капитал – 100-140 млн теңге. Оның шарттары тым ұзақ. Оны кім орындайды? Оның бәрі не үшін істеледі? Қаржы жетпеу үшін! Әдейі жасалады. Не үшін екенін білмеймін. Мен қазір бірдеңе айтсам, тағы сотқа береді. Мен үндемей-ақ нәтижені өздері шығарсын. Көрермендер шындықтың бәрін естіді.

– Өткен анықтаманы қарасам, «сынақ барысында Барыс 8Х8 техникалық қызметтегі офицерлердің бағалауы бойынша, келесі техникалық кемшіліктер анықталды, жүргізуші-механиктер отырғанда немесе көлікке кіргенде қиындықтар туындайды, люк тек 40 пайызға ашылады» делінген екен.

– Шынында да, кейбір ескертулер дұрыс. Оның бәрін жөндедік. Конструктор бюросы оның бәрін бізге тез істейді. Бағдарлама бойынша ескертулер бойынша анықтаманы бірден береді. Осы ескертулердің 90 пайызы... Армия дегенде бастықтың сөзі әрдайым дұрыс, бағынышты адамның сөзі қашан да дұрыс емес. Армияда саған қандай тапсырма береді, соны жазасың. Сен ол жерге өз пайым-пікіріңді жазбайсың. Солай ғой? Сол үшін 10 пайызы бізге де пайдалы болды. Біз ол кемшіліктерді түзедік. 90 пайызы өтірік! Қарапайым айтқанда былшыл сөз. Оны мен қазір-ақ дәлелдей алам.

– Біз журналист ретінде ары қарай зерттеуімізді жалғастырамыз. Ары қарай да бұл тақырыпты өрбітеміз. Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!