Бизнесмен Қайрат Боранбаев бүгінгі сот отырысына да қатыса алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 сотының судьясы Назгүл Бапақова 16 ақпанда Қайрат Боранбаев денсаулығына байланысты сот залына келуден бас тартқанын айтты. Уақытша оқшаулағышта Боранбаевты тексерген дәрігер оның денсаулығына «ауырлығы орташа» деген қорытындыға келіп, оған невропотолог пен нейрохирургқа қаралуға кеңес берген.
Сот Боранбаевтың этаппен не үшін сот залына келмегенін білу үшін №64 уақытша қамау оқшаулағышына хат жолдаған. Келген жауапта «денсаулық жағдайының ауырлығы орташа болғандықтан, оны әкелу мүмкін болмай тұрғаны» жазылып, мекеме сотты Астана әкімдігіне қарасты «Достық» алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығына бағыттаған. Ол орталық сотқа Боранбаевтың денсаулық жағдайы жөнінде нақты жауап бермеген.
Достық орталығына соттан сауалхат 17 ақпанда қайтадан жолданды.
«Оны невролог қарады. Неврологтың қорытындысы бойынша, Боранбаев өздігімен жүре алады. Алайда оған төсекте жатып емделуге кеңес берілген. Боранбаевтың денсаулық жағдайын ескере келе сот отырысты дүйсенбі сағат онға ауыстыруды жөн көреді. Сот ісі дүйсенбі, сейсенбі мен сәрсенбіде қаралады. Оған қоса бейсенбі мен жұмада да», - деді судья Бапақова.
Еске сала кетейік, тергеу нұсқасы бойынша, 2019 жылы Қайрат Боранбаев, Роман Наханов, Тайыр Жанұзақ пен Ибулла Серді өздерінің бақылауындағы «АзияГаз Чунджа» ЖШС арқылы Qazaq Gaz ұлттық компаниясынан (бұрынғы ҚазТрансГаз) газ тасымалдау кезінде қаражат жымқырған. Істе прокурорлар жымқырылған сома көлемі 14,5 млрд теңге екенін айтады.
Үш айыпталушы – Қайрат Боранбаев, Роман Наханов, Тайыр Жанұзақ өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ибулла Серді шет елдердің бірінде былтырдан бері бос тасалап жүр.
Қайрат Боранбаевты қолдауға өткен отырыстарда Мәскеуден МУЗ-ТВ басшысы Арман Дәулетияров, Алматыдан әншілер Байғали Серкебаев пен Нағима Есқалиева келген. Танымал куәгерлер соттан Боранбаевқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді, оны қамаудан үйқамаққа жіберуді өтініп, керек болса ол үшін кепіл бола алатындарын айтқан болатын.