Саясаттанушы АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Астанаға сапары жөнінде пайым-пікірін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БЛИНКЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСЫ ТҮСІНІП ОТЫР
Досым Сәтпаевтың айтуынша, Блинкеннің Қазақстанға сапарына АҚШ президенті Джо Байденнің таяуда ғана Украина мен Польшаға жасаған сапарымен байланыстыра қарауға болады. Өйткені Украинадағы соғысқа бір жыл толған кезде АҚШ тағы бір рет посткеңестік аумақта өз рөлін айқындап алуды көздейді дейді саясаттанушы. Мәселен, Польшада болған кезінде Джо Байден Молдова президенті Майя Сандуға қолдау білдірген. Санду да сол кездесуде болып, Кремль Молдовадағы жағдайды ушықтыруы мүмкін екенін айтқаны бар-тын.
«Блинкен Қазақстанға келіп, Тоқаевпен кездескен кезде де АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтыны жөнінде әңгіме айтылды. Ол жөнінде Тоқаев та айтты», - дейді Досым Сәтпаев Настоящее время агенттігіне берген сұхбатында.
Саясаттанушы министрлер кездесуі жөнінде пікір айта келе Блинкеннің Орталық Азияда болып жаңалықтардан хабарсыз деп айтуға болмайтынын атап өтті. Ол Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерінің бәрімен кездескен.
«Меніңше, Блинкеннің Орталық Азияға сапарының мақсатын Блинкеннің өзі айта қоймайды. Өйткені ол дипломат. Оның тезистерінің көбінің де сипаты дипломатия болады», - дейді ол.
АҚШ – ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАНҒА БАСЫМДЫҚ БЕРЕДІ
Досым Сәтпаевтың сөзінше, АҚШ Орталық Азия елдеріне таңдау жасауды талап етіп отырған жоқ. Сіздер кіммен боласыздар? Қытаймен, Ресеймен бе, әлде АҚШ-пен бе деген талапты қоймайды. АҚШ осы елдердің Ресеймен тарихи байланысын, экономикалық қарым-қатынасы барын түсінеді.
«Дегенмен АҚШ экономика, инвестиция бағытында балама жол ұсынып отыр. Бірақ меніңше, осылардың ішінде ең әлеуеттісі – энергетикалық ынтымақтастық. Себебі бұл тұрғыда АҚШ Еуродақтың лоббисі», - дейді ол.
Досым Сәтпаев Блинкеннің Қазақстанға сапары аясында ҚазТрансОйл компаниясы алғашқы мұнайды Германияға жеткізгелі отырғанын еске салады.
«Орталық Азия елдері үшін бәрі түсінікті – АҚШ біз байланыс ұстағымыз келетін серіктестің бірі. Сонымен қатар, АҚШ басымдық беріп отырған ел – Қазақстан мен Өзбекстан болып қала береді. Себебі Блинкен осы екі елге сапар шегуді әу бастан көздеді», - дейді ол.
«ҚЫЗЫЛ СЫЗЫҚ СЫЗЫП КЕТТІ...»
Досым Сәтпаевтың айтуынша, АҚШ сұр немесе параллель импортты Ресейге жеткізбес үшін Орталық Азия елдерін «қызыл сызықты» аттап кетуден сақтандырады.
«Қазақстан мен Өзбекстан, басқа да елдер осынау сұр әрі параллель импортқа араласып отырғаны құпия емес. Ал бұл импорт екінші деңгейлі санкциялар қаупін туғызуы мүмкін», - дейді ол.
Саясаттанушы АҚШ-тың ресми тұлғалары Орталық Азия елдерінің қалыптасқан жағдайға байланысты табыс табуына қарсы емес екенін айтады. Алайда АҚШ пен Еуродақ Орталық Азия елдері мен жекелеген бизнес-құрылымдардың Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесуін қатты қадағалайды.
«Мәселен, әскери өнеркәсіпке қажетті екі мақсатта пайдаланатын электроникалар өтіп кететін болса оның салдары болады. АҚШ-тың өзбек компанияларының біріне санкция салғанын білесіздер. Білуімше, сол компанияның құрылтайшысы Ресей азаматы болған. Яғни мұның өзі берілген белгі, индикатор. АҚШ пен Еуродақ мұны қатты қадағалайды», - дейді ол.
ОА КОМПАНИЯЛАРЫ ДА САНКЦИЯҒА ІЛІНУІ МҮМКІН
Досым Сәтпаев таяуда Ресейге тағы бірқатар санкция салынғанын, оған Ресейдегі біршама бизнес-құрылым енгізілгенін атап өтеді. Саясаттанушының айтуынша, сол тізімге сақ болмаса күндердің күнінде Орталық Азия мемлекеттерінің компаниялары да кіріп кетуі мүмкін.
«Меніңше, бұл Қазақстан үшін ең үлкен проблема. Ресей біздің аумақты белсенді түрде пайдалануға тырысады. Екінші проблема – Украинадағы соғыс ұзақ болады. Ресурстарды тауысады. Ол соғыста Украина жеңер деген үміттеміз. Алайда оның сипаты ұзақ болғандықтан, Ресей әпжылан секілді Қазақстан экономикасын жұтып, оны өзінің бір санкциялық экономикасының бір бөлігіне айналдыруға барын салады. Бұл трендті байқаймыз. Ресей бизнесі әр сегментте Қазақстанда жұмысын күшейтіп жатыр. Бұл мәселе де Қазақстанның ішінде өте көп сұрақты туғызады», - дейді ол.
ТОҚАЕВ НЕ ОЙЛАП ОТЫР?
Қазіргі уақытта Қазақстан президенті не ойлап отыр деген сұраққа Досым Сәтпаев былай жауап береді.
«Меніңше, Тоқаев модератор, делдал рөлін алуға тырысқан Түркия президенті Ердоғанның моделін таңдап алған ба деймін. Ердоғанның Украинамен қарым-қатынасы жаман емес. Батыспен де байланысы бар. Мәскеумен де қарым-қатынас көпірі қалыптасқан. Менің ойымша, Тоқаев осынау модельді негіз етіп алған. Сол себепті ол барлығымен ынтымақтасуға дайын екенін айтады», - дейді ол.
Сәтпаев Тоқаевтың риторикасы белгілі бір деңгейде Қытай позициясына да ұқсас екенін атап өтеді. Қытай таяуда 12 бөлімнен тұратын өзінің «бейбіт жоспарын» ұсынған. Қытайдың бұл жоспарын Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қолдаған.
«Нақтылық тұрғысынан мәні жоқ болса да. Алайда бұл жоспар Тоқаевтың риторикасына сай келеді. АҚШ-қа Тоқаевтың бұл позициясы ыңғайлы. Егер Тоқаев Лукашенко секілді Ресеймен бір орындыққа жайғасса, АҚШ-қа бұл ыңғайсыз болар еді», - деді ол.