"Жеңіске жетсем...": Мұхтар Тайжан Мәжілістегі алғашқы жұмыс күнінде не істейтінін айтты

Ғалиасқар Думан

Мәжіліс депутаттығына тәуелсіз кандидат Мұхтар Тайжан Ulysmedia.kz тілшісіне сайлауда жеңіске жеткен жағдайда өзінің алғашқы жұмыс күнінде не істейтінін айтып берді.

Мұхтар Тайжан Алматыдағы №5 округ бойынша сайлауға қатысып жатыр. Ол биылғы сайлаудың Қазақстандағы бұған дейінгі сайлаулардан несімен ерекшеленетінін айтты.

"Қазіргі сайлау тәуелсіз кандидаттарға алғаш рет мажоритарийлер ретінде депутаттыққа үміткер болуға мүмкін берді. Бұл – 2022 жылдың қаңтарында алаңға шығып, елдегі басқару жүйесіне наразылық білдірген халықтың еңбегі. Билік өзгеруге мәжбүр болды. Бірақ бізге үлкен парламент қажет – онда кем дегенде 200-300 депутат болуы керек. Олардың жартысы тәуелсіз бір мандатты үміткерлерден тұруы керек. Екінші жартысы – партиялар болсын. Бірақ партияларды тіркеу процесі цифрландырылуы керек! Сонда біз мұны онлайн режимде жасай аламыз", - дейді Мұхтар Тайжан.

Ол сондай-ақ жасаған жұмысы үшін бүкіл штабына алғысын білдірді. Мұхтар Тайжан өз округінде көпшілік дауысқа ие болатынына сенімді.

"Командам өте кәсіби жұмыс жасады. Көптеген адамдар менің штабымда ең жақсы сайлау науқаны болғанын айтып жатыр. Өз командамды мақтан тұтамын. Сайлаушыларыма да алғыс айтқым келеді. Маған сенетіндер көп екенін сезіндім. Сайлау нәтижелеріне қарамастан жұмысымды жалғастырамын. Егер дауыс беру әділ болса, онда мен өз округімде көпшілік дауысқа ие боламын деп ойлаймын", - деп атап өтті кандидат.

Жеңіске жеткен жағдайда бірінші жұмыс күніңізде не істейсіз?

"Бүкіл ел бойынша сарапшы-заңгерлерді шақырамын, біз жаңа Конституцияның жобасын дайындауды бастаймыз. Мен жаңа Конституцияны дайындау үшін жалпыхалықтық науқан жариялаймын. Барлық салаларда дайындықты бастаймын. Бізге болашақ Қазақстанның демократиялық Конституциясының жаңа мәтіні қажет. Егер мәтінді бүкіл халық қолдаса, билік бұл ұсынысты елемеуге тырысып көрсін", - деді Тайжан.

Қазақстандықтардың өмірі қашан жақсарады?

"Ескі жүйенің барлық адамдары кетіп, жаңа, азат ойлы адамдар келгенде ел өмірі жақсарады. Сол кезде Қазақстанның жандануы басталады", - деп түйіндеді кандидат.

Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Алматы сайлаушыларының белсенділігі өте төмен.