Заңгер Бақытжан Базарбек өз округінде көш бастап тұрғанын айтты

Ғалиасқар Думан

Тәуелсіз кандидат Бақытжан Базарбек баспасөз мәслихатында дауыс беру нәтижелері бойынша өзге үміткерлерден алда тұрғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Депутаттыққа үміткер Алматыдағы бесінші округ бойынша сайлауға түскен. Айта кетерлігі, дауыс берудің нақты қорытындысы әлі белгісіз.

"Қорытынды деректерді алғанға дейін біз түні бойы ұйықтамадық, күттік, бірақ соңғы нәтижелерді күткен жоқпыз. Бақылаушыларымыздан алған нәтижелер бойынша біз осы сайлауда көшбасшымыз", - деді Базарбек.

Бұдан бұрын Бақытжан Базарбек сайлауда жеңіске жеткен жағдайда немен айналысатынын айтқан. Мәжілістен орын бұйырса, ол Назарбаев әулетінің елден тартып алғанының бәрін қайтарып, заң үстемдігін орнатуға, зауыттарды мемлекетке, жерді шаруаларға беруге күш салмақ.

Айта кетсек, Алматыда тәуелсіз кандидаттар баспасөз мәслихатын өткізді. Олар хаттамаларға қол жеткізе алмай отырғанын айтып шағымданды.

Сондай-ақ, бұдан бұрын Санжар Боқаев бастаған бір топ белсенді Тоқаевқа жүгініп, сайлау нәтижелерін жоюды талап еткен.