«Мәжбүрміз»: Смайылов бензин бағасының қымбаттауы жайлы

Аян Өрібай

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша премьер-министрі Әлихан Смайылов БАҚ алдында мәлімдеме жасап, жанар-жағармай материалдары бағасының көтерілу себебін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Бұл оңай шешім емес, бірақ оны қабылдауға мәжбүрміз. Егер қазір мұндай шешімді қабылдамасақ, онда жақын арада жанармай тапшылығына тап боламыз», — деді үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов Қазақстанда дизель мен бензиннің тұтыну деңгейі ең жоғары екенін айтты, жылына 1 адамға дизель 370 литрден келеді. Мысалы, Ресейде – 225 литр, Қырғызстанда – 98 литр, Өзбекстанда – 44 литр. Сонымен бірге тұтыну деңгейі жоғары қарқынмен өсіп келеді.

«Мұндай жағдай жанар-жағармайдың көрші елдерге транзиттік көліктермен және “сұр” экспорт түрінде шығарылуының артуына байланысты. Ал экономиканың негізгі салаларында нақты тұтыну көлемі айтарлықтай өзгерген жоқ», — деді премьер-Министр.

Үкімет басшысының айтуынша, мемлекет жанармай өндірісін ұлғайту үшін «барлық шараны қабылдауда». Мысалы, өткен жылы дизель отынын өндіру 5,2 млн тоннаны құрап, рекордтық деңгейге жетті. Жалпы соңғы 5 жылда бензин өндірісі 70%-ға, дизель өндірісі 33%-ға өсті.

«Біздің отандық мұнай өңдеу зауыттары өз мүмкіндіктерінің ең жоғары шегінде жұмыс істеуде. Алайда жанармай тапшылығының қаупі азаяр емес. Сыртқа тасып әкету мен тапшылықтың негізгі себебі – Қазақстандағы жанар-жағармай бағасының төмендігі болып отыр. Мысалы, Ресейде дизель отыны 45%-ға, Қырғызстанда 64%-ға, Өзбекстанда 2 есе қымбат. Нәтижесінде арзан отын әртүрлі жолдармен көрші елдерге әкетіліп жатыр», — деді үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов наурыз айының өзінде жанар-жағармай материалдарын тұтыну көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға өскенін айтты. Егер республика баға айырмашылығын қысқартпаса, онда биыл 850 мың тоннаға дейін көлемде жанармай тапшылығына ұрынады.

«Біздің арзан отын өзіміздің ұлттық мүдделерімізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп отыр. Сондықтан жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін баға айырмашылығын төмендету керек. Бұл елден мұнай өнімдерінің жаппай шығарылуын азайтуға және ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бізде бұдан басқа жол жоқ», — деді премьер-министр.

Оған қоса Үкімет басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арзандатылған дизель толығымен бөлінді. Оларға баға 204 теңге болып қала бермек.

«Үкімет отынның ішкі нарығын қолдау және заңсыз әкетудің жолын кесу үшін басқа да тиісті шараларды қабылдайтын болады», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.