Жанболат Мамай ісі: прокурор қандай жаза сұрағаны белгілі болды

Ғалиасқар Думан

Прокурор Жанболат Мамайды 6,6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы тіркелмеген Демпартия жетекшісінің жары, журналист Инга Иманбай мәлім етті.

Оның сөзінше, мемлекеттік айыптау ҚР ҚК 63-бабын қолдануды және осы мерзімді шартты деп санауды сұраған.

“Сондай-ақ, прокурор Мамайға 6 жыл бойы әлеуметтік желілерде сөйлеуді қоса алғанда, қоғамдық-саяси, журналистік және публицистикалық қызметпен айналысуға тыйым салуды сұрайды”, – деп жазды журналист.

Еске салайық, 27 наурызда өткен сот отырысында сөйлеген сөзінде Жанболат Мамай өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеген.

Оған Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша, атап айтқанда полиция қызметкерлерін қорлады, қасақана жалған ақпарат таратты және жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген айыптар тағылып отыр.

Соңғы айыптың қайта тағылғаны 2023 жылдың 26 қаңтарында белгілі болды.

Бұдан бұрын Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы прокуратураның Мамайға жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды айып тағуын негізсіз деп есептейтінін мәлімдеген.

10 ақпанда өткен сот отырысында Жанболат Мамайдың қорғаушысы судьяға сенімсіздік танытқан. Себебі, ол бұрын процесте бақылаушы болған адамдарды куә ретінде сұраудан бас тартты. Ал олардың арасында белгілі саясаткер Төлеген Жүкеев пен Демпартия бастамашыл тобының мүшесі Дәурен Достияров та бар. Олар өте маңызды мәлімет бере алатын куәгерлер. Себебі, дәл сол «Алматы Арена» маңында болған оқиғаларды бастан аяқ көзімен көрген, құлағымен естіген.

Жуырда халықаралық Freedom Now ұйымының өкілдері Жанболат Мамайдың ісін жіті қадағалап отырғандарын мәлімдеп, қажет болған жағдайда оның мүддесін халықаралық сотта қорғауға дайын екендерін жеткізген.