"ӨКМ Операторы" ісі: сотталушылар Украина консулын сотқа шақыруды талап етті

Ғалиасқар Думан

Астанада экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланыстырылатын атышулы "ӨКМ Операторы" компаниясының ісі бойынша негізгі сот талқылауы өтіп жатыр. Қорғаушы тарап Украинаның Қазақстандағы консулын іске тартуды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Сотталушылар орындығында 4 адам отыр: экс-экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев, бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек және "ӨКМ Операторы" экс-Бас директоры Светлана Коротенко.

Адвокатының айтуынша, бұған дейін Коротенко Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевскийге жүгініп, өзінің заңсыз ұсталғанын мәлімдеген.

Енді "ӨКМ Операторы" экс-Бас директоры соттан Украина консулы Алмаши Иван Николаевичті оның құқықтарының сақталуын қадағалау үшін сотқа тартуды сұрайды.

Еске салайық, қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланыстырылатын компания дау ошағына айналды.

"ӨКМ Операторы" бірнеше рет сынға ұшырады. Алдымен компанияның басқарушы директоры Руслан Шамшиевтің қайтыс болғаны, дәлірек айтсақ, өз-өзіне қол жұмсағаны туралы белгілі болды, содан кейін сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысты күдікпен экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "ӨКМ Операторы" Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев қамауға алынды.

Кейінірек компанияның бұрынғы бас директоры Светлана Коротенко да тергеу изоляторына жіберілді.

6 сәуірде іс бойынша алдын-ала тыңдаулар өткен. Сол кезде адвокаттар 2015 жылы компанияны құру туралы шешім қабылдаған бірден-бір адам – экс-президенттің қызы екенін айтып,  одан да жауап алуды сұраған.

Алайда 17 сәуірдегі отырыста судья қорғаушылардың өтініші қанағаттандырылмайтынын мәлім етті.