Бұл сұрақты бүгін мәжіліс депутаты Марат Бәшімов Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаевқа қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Сарбаздар мен офицерлер шешім қабылдауға қорықпауы керектігін таяуда президент атап өткен еді. Алайда былтыр қаңтар айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің көптеген қызметкерлері, соның ішінде басқарушы звенодағылар бастамашылдық пен жауапкершілікті таныта алмады. Тіпті аз десеңіз, олардың кейбірінің бірқатар қылмысқа қатысы бары анықталды. Сіздер өз қатарыңызды сенімсіздерден тазартыңыздар ма? Екіншіден, сіздің ведомство осындай оқиғаларға жол бермес үшін қандай шара қабылдап жатыр», - деп сұрады Марат Қалқабаевтан депутат Марат Бәшімов.
Бұл сұраққа жауап берген Марат Қалқабаев бұл сұрақтың өте маңызды әрі дұрыс екенін атап өтті. Оның сөзінше, бүгінге дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінде 11 қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Кейбірі бойынша іс аяқталған.
«ҰҚК қаңтар оқиғасы бойынша үлкен кешенді тексеру жұмыстарын жүргізді. Бұйрық талаптарына және қызмет атқаруы тәртібіне, сонымен қатар лауазымды тұлғаларға жауаптылықты арту жағынан үлкен, өзгерістер енгізілді.
Осы заңда белгілі бір өзгерістер енгізілгелі жатыр. Депутаттарға рахмет. Олар осы заң арқылы жаңа буынға патриотизмді сіңіруді мақсат тұтады. Біздің қызмет үлкен. Әскери қызметкерлер де бізде. Арнайы меморгандардың да. Әрбірінің іс-әрекет алгоритмі бар», - деді ол.
Еске сала кетсек, бүгін мәжіліс депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ҚР арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.