Астанада ереуілдеткен Жаңаөзен мұнайшыларымен келіссөздің нәтижесі айтылды

Ғалиасқар Думан

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Астанада ереуілге шыққан мұнайшылар мәселесі қалай шешілгенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Министр бұл мәселе бойынша арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

"Өзенмұнайгаз" мемлекеттік сатып алуларына байланысты мәселе тергелуде,келісімшарттарды орындау шарттары мен еңбек қатынастарына байланысты мәселелер зерделеніп жатыр. Бұл мәселе мемлекеттік органдар мен жергілікті билік органдарының бақылауында, тұрақты диалог жүріп жатыр", - деп толықтырды Сәтқалиев Үкімет кулуарында.

Ол сондай-ақ мұнай сервисі компаниясының ереуілге шыққан қызметкерлерінің бір бөлігі жұмысқа орналастырылғанын атап өтті. 

"3 жылға дейінгі ұзақ мерзімді конкурстар жарияланды. Келіссөздер қорытындысы бойынша мұнай-сервистік компаниялардың қызметкерлері үшін жеңілдікті жұмыс жағдайларын белгілеу туралы уағдаласты. Конкурстық рәсімдер аясында жеңіске жететін компаниялар осы қызметкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша міндеттемелер алады. Қызметкерлердің бір бөлігі "Өзенмұнайгазға" орналастыруды талап етіп отыр", - деді Энергетика министрі.

Еске салайық, 10 сәуірде Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының жанына «Берәлі Маңғыстау компаниясы» мұнай кәсіпшілігіне қызмет көрсететін мердігер компанияның 70-ке жуық бұрынғы жұмысшысы жиналды. Бұған дейін «Берәлі Маңғыстау» серіктестігі тендерде жеңіліп, жұмысшылардың барлығы жұмыссыз қалған болатын.

Сәуірдің 11-і күні Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының жанында пикетке шыққан жаңаөзендік мұнайшыларды тәртіп сақшылары ұстады. Жалпы, полицейлер Астанада жаңаөзендік 126 жұмысшыны қамауға алған. Алайда кейін босатты. Жаңаөзендіктер Маңғыстауға қайтып, өкілдерін осында қалдырған. Алайда мәселе әлі күнге дейін толық шешілмей келеді.