Қазақстан қытайлық туристерді тартудың жолын тапты

Сырым Қаржас
фото: depositphotos

Қазақстан мен Қытай арасында туризмді дамытуда жаңа бағыт пайда болды. Енді екі ел цифрлық платформалар арқылы өзара ынтымақтастықты арттырмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Меморандум аясындағы серіктестік

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен Қытайдың Zowoyoo цифрлық платформасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, тараптар Қытай азаматтарына арналған цифрлық туризм экожүйесін бірлесіп дамытпақ. Яғни, Қазақстан туралы ақпарат Қытайдағы танымал платформаларда орналастырылады және қолданушылар туристік маршруттарды таңдай алады. Бұл – Қазақстан ішінде көлік бағасына дейін көрсетілген, тексерілген туроператорлар ұсынатын нақты турларды алдын ала көру мүмкіндігін білдіреді.

– Zowoyoo қытайлық интернет-пайдаланушылардың цифрлық әдеттерін жақсы түсінеді. Бұл бізге жаңа буын туристерінің қызығушылығы қалыптасатын негізгі платформаларда нақты әрі тиімді коммуникациялық стратегия жүргізуге мүмкіндік береді. Осылайша, біз Қытай туристеріне жекелендірілген сапар тәжірибесін ұсынып, жоспарлауды анағұрлым жеңілдетеміз. Айта кетерлігі, бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттен қаржылық қолдау талап етілмейді, – деді «Kazakh Tourism» басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы Kazpravda басылымына берген сұхбатында.

Қытайлық туристер Қазақстанға қызыға бастады

Компанияның мәліметінше, Қытайдан Қазақстанға әуе рейстері 40 пайызға артқан. Туристер ағыны жыл сайын өсіп келеді: былтыр Қазақстанға 650 мыңнан астам ҚХР азаматы келген. Сонымен қатар, Қазақстан туралы видеолар Қытайдың әлеуметтік желілерінде жалпы 5 миллиардтан астам қаралым жинаған.

Мақсат – 1 миллион турист

Жоба авторлары жыл сайынғы турпотокты 1 миллион адамға жеткізуді көздейді. Бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін. Сарапшылардың болжамынша, бұл Қазақстан туризм саласына жылына 2–3 миллиард доллар табыс әкелуі ықтимал.