Зайсан халқы қарызға тамақ ішіп отыр - Әлібек Кәрімұлы

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Ұлыстың бүгінгі қонағы – Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының тұрғыны, қарапайым шаруа Әлібек Кәрімұлы. Бұл сұқбатта ол Зайсан өңіріндегі ауылдардың бүгінгі ауыр ахуалын ашық әрі бүкпесіз баяндайды.

Халық қарызға тамақ ішіп отыр, жастар жұмыссыз, бос сенделіп жүр, ауылда инфрақұрылым жоқ, ал мемлекеттік қолдау – қарапайым шаруаға жетпейді.

Соған қарамастан, кейіпкеріміздің айтары біреу:

“Егер мемлекет субсидия мен несие берсе – біз қолымызға күрек алып, өз аймағымызды өзіміз дамытамыз”.

Бұл – жай шағым емес, бұл – елдің болашағына немқұрай қарай алмайтын азаматтың жанайқайы.

ҰЛЫСТЫҢ АШЫҚ АЛАҢЫ

Бұл подкаст Ulysmedia-ның “Ашық микрофон” жобасы аясында өтті. Жобаның басты мақсаты – айтарым бар, мәселе бар деген қазақстандыққа ашық алаң беру, елдің көкейіндегі өткір мәселелерді билікке жеткізу.

Сұқбатта көтерілген негізгі мәселелер:

– Ауылдың бүгінгі ахуалы.

Зайсан өңіріндегі ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, халықтың күнкөрісі, инфрақұрылымның жоқтығы, жұмыссыздық пен кедейшіліктің тереңдеуі.

– Аймақтың құлдырауына кім жауапты?

Әлібек Кәрімұлының айтуынша, бұрынғы облыс басшылығы кезеңінде ауыл тозып, даму тоқтаған. Жергілікті басқарудың салдары ашық айтылады.

– Субсидия мен мемлекеттік қолдаудың әділетсіздігі.

Мемлекеттік субсидиялардың қарапайым шаруаларға емес, ірі байларға, олигархтар мен миллионерлерге бағытталуы. Ауыл адамының бұл жүйеден тыс қалуы.

– Ауыл субсидия көрді ме, көрмеді ме?

Қарапайым шаруалардың ешқашан нақты қолдау ала алмағаны, несие мен субсидияға қол жеткізу мүмкін еместігі.

– Зайсаннан сайланған Мәжіліс депутаты туралы сұрақ.

Аймақ атынан сайланған депутаттың кім екені, оның кәсібі, бизнесте болуы және халықпен байланысының әлсіздігі.

– Депутаттың ауылға қатынасы.

Халық қалаулысы Лұқбек Тумашиновтың екі жылда бір рет қана келуі, өңір проблемаларына шынайы араласпауы.

– Ресми есеп пен шынайы өмір арасындағы алшақтық.

«Бәрін көтеріп жатырмыз, бәрін қатырып жатырмыз» деген есептер мен ауылдағы нақты жағдайдың бір-біріне мүлде сәйкес келмеуі.

– Жер бар, жұмыс жоқ – парадокс.

Егер 2 мың гектар жер игерілсе, 500–600 адамды жұмыспен қамтуға болатыны, бірақ жердің бос жатқаны.

– Қартайып бара жатқан аудан.

Зайсан ауданында халықтың 50–60 пайызы – қарттар. Жастардың кетуі, демографиялық дағдарыс және ауылдың болашағы.

– Аймақты дамыту үшін қажет нақты қаражат.

Есеп бойынша Зайсанды дамытуға шамамен 4,5 млрд теңге қажет екені және бұл қаражаттың неге табылмай отырғаны.

– Зиялы қауым мәселесі.

Қазақстанда шын мәнінде елге жауап беретін зиялы қауым бар ма деген өткір сұрақ. «Зиялы қауым зиянды қауымға айналды» деген ауыр пікір.

– Газ мәселесі – адамдық арман деңгейінде.

Кейбір ауыл тұрғындарының «бір күн болса да газ жағып, қызуын көріп өлсек» деп армандауы – әлеуметтік саясаттың күйін көрсететін трагедиялық көрініс.

– Шетелдік ықпал және ұлттық мүдде.

Казино, туризм, егін – бәрін шетелдіктер, әсіресе Қытай компаниялары салып, игеріп жатқанда, жергілікті халықтың шетте қалуы.

– Әлеуметтік жарылыс қаупі.

Мәселелер шешілмесе, Шығыс өңірінде ашу-ыза жиналып келе жатқаны, оның түбі тұрақсыздыққа апаруы мүмкін деген ескерту.

Сұқбатты Ulysmedia.kz-тің YouTube-арнасынан көре аласыздар.