СҚО-да жағдай тұрақталды: Алматы мен жеті облыстың құтқарушылары өз өңіріне қайтты

Сырым Қаржас

Төтенше жағдайлар министрлігі елдегі су тасқыны жағдайына байланысты кейінгі ақпараттарды жария етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚР ТЖМ

Солтүстік Қазақстан

Петропавл қаласында қалған су басқан 29 аула аумағынан су сору жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен тәулікте 153 320 текше метр су сорылған. Өңірде су тасқыны жағдайы тұрақталуына байланысты Алматы қаласы, Абай, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Түркістан облыстарынан қосымша жұмылдырылған құтқарушылар тұрақты жұмыс орындарына кеткен.

Атырау облысы

Өткен тәулікте Атырау облысында су басқан аумақтардан 66 770 текше метр су сорылып, 10 200 қап төселген. Жайық өзенінің су деңгейіне  тәулік бойы мониторинг, Атырау қаласы мен Махамбет ауданында қосымша бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ақтөбе облысы

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарында бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғасуда. Өткен тәулікте 2 900 қапшық пен 1 570 тонна инертті материал төселді.

Құрғатылған үйлер мен аумақтарда дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде.Соңғы алты күн ішінде ТЖМ радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелері Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Тепличное, Ольшанка, Соколовка, Вишневка, Бесколь, Прибрежное ауылдарында 307 үйде, Атырау облысының Құлсары қаласында ауданы 165 мың шаршы метр аумақтарда дезинфекциялау жүргізген.

Жалпы ақпарат

Республика бойынша эвакуацияланған 61 348 адам өз үйлеріне оралды. 5 460 адам уақытша орналасу пункттерінде қалуда. 22,4 млн артық еріген қар суы сорлып, 11 319 жеке тұрғын үй мен 3 593 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. 7,9 млн артық қапшық және 1,5 млн тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 6 086 адам, 945 техника, 344 су сору құралы және 63 жүзу құралы, 7 әуе кемесі жұмылдырылды.

Қазақстандағы су тасқыны

Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.

Ал, су тасқынынан қатты зардап шеккен өңірлердің бірі Құлсары халқы бірнеше рет наразылыққа шыққанын хабарлаған едік. 

Әлеуметтік желіде тараған видеодан алаңға жиналған бір топ азаматты көруге болады. Бейнежазбадан олардың өте көп екендігі байқалады. Бұлар өз талабын айтып шыққан азаматтар. Олардың барлығының баспаналары су тасқыны кезінде жарамсыз болып қалған. 

“Біз сауатсыз емеспіз. Қанағат қылып 400 мыңнан есептеп отырмыз. Соның ісіне сарайы да, қорасы да кіреді,” - деп өз талаптарын жеткізді.  

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсары тұрғындарына барып, су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу тәртібін түсіндірді.