Семей тұрғыны 17 жылдан астам уақыт бойы қос азаматтықпен өмір сүрген және екі елден зейнетақы алып тұрған, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
ШҚО полиция департаментінің мәліметінше, көші-қон қызметкерлері жыл басынан бері Шығыс Қазақстан аумағында қос азаматтығы бар адамдарды анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Тәртіп сақшылары 9 ай ішінде 60-тан астам «қос азаматтығы» бар адамды анықтады.
Полицейлер 17 жыл бұрын Новосибирск қаласында Ресей Федерациясының азаматтығын алған Семей қаласының тұрғынын анықтады. Алайда ол осы жылдар бойы Семейде тұрып, Қазақстан азаматының құжаттарын пайдаланып, елімізде де, Ресейде де зейнетақы алып келген. Осылайша, заң бұзған.
«Құқық бұзғандарға ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы, 1-бөлігі бойынша 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Шетелдіктерден Қазақстан азаматының жеке куәлігі мен паспорты алынып, еліміздің азаматтығынан айырылды», - деді көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.