Архимед Мұхамбетов зейнетақы қорындағы ақшасын әлі пайдаға жаратпаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Қостанай облысының басшысы бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есептік кездесу барысында мәлімдеді.
2022 жылы зейнетақы жинағы бойынша артық соманы алуға мүмкіндік беретін шекті мөлшердің екі есеге жуық өсетіндігі жұртшылық наразылығын туғызып отыр. Бұған дейін халыққа зейнетақының бір бөлігін үй сатып алуға, емделу үшін алуға рұқсат берілген болатын. Осы орайда «Зейнетақыңыздағы қаражатты алып үлгердіңіз бе? Жалпы, қанша сома бар екенін білесіз бе?», деген журналист сауалына облыс басшысы Архимед Мұхамбетов былай деп жауап берді.
«Өзім қанша сома барын білемін. Әлі алған жоқпын. Онымен жұбайым айналысып жатыр. Ол отбасымның құпиясы, оны айтпай-ақ қояйын».
Қостанай өңірі басшысының жауабына қарағанда, оның зейнетақы жинағы қажетті шектік сомадан асып тұрғанын болжауға болады. 2022 жылы 49 жастағы әкімнің шотында артығын алса, кем дегенде 7 млн теңгеден астам қаржы қалуы тиіс.