Атырау облысының мәдениет саласына қатысты 15 мекемеде миллиард теңгеден астам сомаға байланысты заңбұзушылықтар анықталды деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Аудиторлық тексеріс қорытындысы осылай дейді.
Комиссияның мәліметінше, 903 миллион теңге нормадан артық, 370 миллион теңге тиімсіз жұмсалған. Мысалы, 2 жыл бұрын облыстық филармония 130 миллион теңгеге 20 мың кітап сатып алған. Сонымен қатар, әр көшірме оның нақты құнынан 2 есе қымбат сатып алынған.
Түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу шығыстары да заңсыз деп танылып отыр. Ал бұл 860 миллион теңгеден асады. Жалпы сатып алу бағасы асыра сілтенген және бюджет кодексі жүйелі түрде бұзылған.
«Тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы шарттарда, сондай-ақ жыл басында бекітілген жоспарларда көрсетілген сомаларда елеулі айырмашылық анықталды. Мысалы, осындай қателіктер салдарынан 2019 жылы Атырау облысының әкімдігі 152 миллион теңгені тиімсіз пайдаланған», – дейді Атырау облысы бойынша тексеру (ревизиялық) комиссиясының мүшесі Нұрбол Қонысов.
Еске сала кетсек, бұған дейін Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Атырауда Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасау үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.