Ақтау тұрғындарына балабақшаға барудан бас тартуға кеңес беріледі. Сондай-ақ, қала тұрғындары митингілерге байланысты жұмыс берушілерге жұмысқа шықпау туралы ұсынысын айтып отыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
lada.kz-ның мәліметінше, Ақтау тұрғыны балаларының 27-ықшамаудандағы балабақшаға баратынын айтты. Оның айтуынша, тәрбиеші ата-аналар чатына 5 қаңтарда балаларды балабақшаға әкелмеу туралы өтінішпен хабарлама жолдаған.
Дәл осындай хабарлама балалары 11-ықшамаудандағы балабақшаға баратын ата-аналарға да жолданған.
Қаланың жоғарғы жағында – «Ынтымақ» алаңының маңында жұмыс істейтін басқа қала тұрғындары жұмысқа келмеуге кеңес берілгенін айтуда.Әңгіме «Тамшалы» тұрғын үй кешенінде орналасқан «Нұрбанк», дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындары орналасқан нысандар туралы болып отыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Маңғыстаулықтардың ереуіліне басқа облыстар да қосыла бастағаны туралы жаздық.
Ақтаудағы орталық алаңға шыққан халықты қолдау үшін «Қаламқас» кен орнындағы жұмысшылар жұмысын тастап, 300 шақырым жердегі Маңғыстау облысының орталығына жаяу шығып кеткен. Оларды Ақтауға жеткізу үшін осы қаладан көліктер шыққаны хабарланды.