Қостанайда ер адам операциядан шыққан дәрігерді аяусыз соққыға жыққан

Сырым Қаржас
Фото: "Наша газета"

Қостанай облыстық ауруханасында ер адам операциядан шыққан дәрігерді аяусыз соққыға жыққан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ

Оқиға 17 шілде күні Қостанай облыстық ауруханасында болған. Бұл ақпаратты “Наша газета” оқырмандары хабарлап, кейінірек аурухананың баспасөз қызметі растаған. Олардың мәліметінше, операцияны енді аяқтаған хирург қабылдау бөліміне түсетін науқастарды қарауға келген. Сол кезде кезекте үшінші тұрған ер адам ашуланып, дәрігерге шабуыл жасаған. Дәрігер есінен танып қалған. 

– Пациент дәрігерді ұрып жіберді, соның салдарынан дәрігер есінен танып қалды. Қазір ол жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр. Оқиға орнына полиция шақырылып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады аурухана баспасөз қызметі.

– Бұл жай ғана оқиға емес деп есептейміз. Бұл күн сайын адам өмірін құтқарып жүрген жандарға қарсы жасалған қылмыс. Біз әділ тергеу жүргізуді талап етеміз және медицина қызметкерлеріне құрметпен қарауға шақырамыз. Дәрігерге тиген әр соққы – денсаулық сақтау жүйесіне тиген соққы. Дәрігерлердің қолында қару жоқ. Олардың жалғыз "қаруы" білім, шипалы қолы мен мейірімді жүрегі. Оларды да үйінде отбасы күтіп отыр. Тірі әрі аман күйінде.

Облыстық аурухананың баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

– Дәрігердің жағдайы ауыр болғандықтан, ол өзі туралы мәліметтерді жариялауға, соның ішінде диагнозы мен фото/видео материалдарға рұқсат бере алмайды. Ол қазір қандай да бір шешім қабылдай алмайтын жағдайда, – деді.

СОҚҚЫ ЖАСАҒАН АДАМ ШҰҒЫЛ КӨМЕККЕ МҰҚТАЖ БОЛМАҒАН

Жылқыбаеваның айтуынша, шабуыл жасаған адам ауруханаға жедел жәрдеммен түспеген. Ол өзі келген және диагноз қою үшін кезекте тұрған. Қабылдау бөлімінде науқастардың жағдайы іріктеліп, сарапталады, ал бұл адам шұғыл көмекке зәру болмаған.

– Дәрігер операцияны енді ғана аяқтап, қабылдауға шыққан. Кезекте бірнеше адам болды, оның ішінде әйел де бар. Шабуыл жасаған адам үшінші болып тұрған, бірақ дәрігер ең бірінші мені қарау керек деп шешкен. Сөйтіп, дәрігерді ұрып жіберген. Дәрігер жерге құлап, есінен танды. Бір минут бұрын ол дәрігер еді, ал енді өзі науқас, – деді Жылқыбаева.

КАМЕРА ЖОҚ, КУӘГЕР БАР

Оның айтуынша, қабылдау жүргізілетін кабинетте бейнебақылау камерасы жоқ, себебі бұл пациенттердің құқықтарын қорғау үшін жасалған. Бірақ кіреберісте камера бар. Сонымен қатар, кабинетте ауруханаға жатқызуды күтіп отырған басқа науқастар болған, олар куәгер ретінде тіркелді.

Полиция оқиға орнына келіп, куәгерлерден, оның ішінде қабылдау бөлімінде жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінен жауап алған. Айта кетейік, сол сәтте сол жерде болған кейбір пациенттер оқиғаны видеоға түсіріп үлгерген, ал ол бейнематериалдар қазір әлеуметтік желілерде тарап жатыр.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

– 17 шілде күні Қостанай облыстық ауруханасында болған оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы, 1-бөлігі ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда осы қылмысты жасады деген күдікпен облыстың 34 жастағы тұрғыны ұсталды.

- Қажетті тергеу және сараптамалық шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.