Астана әкімдігі Кіші Талдыкөлді көгалдандыруға неге асықпай отыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Кіші Талдыкөлдегі экопарк астаналықтарға 2022 жылы салынып бітеді деп уәде етілген еді. Алайда үш жыл өтсе де, ішінара көміліп қалған көлдердің орнында іс жүзінде ештеңе жоқ. Ал Жеңіс Қасымбектің жауабына қарағанда, Кіші Талдыкөл осы күйінде кемінде тағы бір жыл тұруы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Журналистер Астана әкіміне 2022 жылы уәде етілген Кіші Талдыкөлдегі экопарктің тағдыры қандай екенін сұрады. БАҚ-та бұл жобаның жобалау-сметалық құжаттамасының өзі шамамен бір миллиард теңгеге түскені туралы ақпарат тараған. Алайда парктың орнына қала тұрғындары қазір бос жатқан алаңды ғана көріп отыр. Астана әкімі жауап ретінде елорданың Қазақстандағы ең «көгалдандырылып жатқан» өңірлердің бірі екенін еске салды. Дегенмен, оның айтуынша, 2025 жылы экопаркке қаржы жетпеген.

— Өткен жылға қарастырылған бюджет бұл жоба үшін жеткіліксіз болды. Сондықтан қаладағы Нұра ауданы тұрғындарының пікірін ескере отырып (Талдыкөл осы ауданда орналасқан), «GreenLine» жобасын аяқтау өзектірек деп шештік. Бұл нысан тұрғындарға бұрыннан уәде етілген. Келесі жылы толық аяқталады, — деді Жеңіс Қасымбек.

Алайда экопарктың болашағы әзірге бұлыңғыр күйінде қалып отыр.

— Тұрғындардың талаптарын ескере отырып, бұл жоба бойынша негізгі жұмыстарды келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Кейбір өтпелі жұмыстар 2027 жылға қалуы мүмкін, — деп экопарк құрылысының нақты мерзімін атаған жоқ қала әкімі.

Экопарктың жалпы құнын да әкім жарияламады.

ТАЛДЫКӨЛ

Талдыкөл көлдер жүйесі мен оған іргелес жатқан жерлердің айналасында дау-дамай ұзақ уақыттан бері басылмай келеді. Астаналық көл төңірегіндегі тартыс қала тұрғындары мен әкімдік арасындағы қарсыласу деңгейіне жетіп, мәселе Ақорданың назарын да аударған. Қоғам белсенділері су айдынын сақтап қалуға тырысқан кезде, құрылысшылар көлді көму жұмыстарын жалғастырды. 2021 жылдың желтоқсанында әкімдік белсенділерге митинг өткізуге рұқсат бермеу үшін көл маңында цирк қойылымын ұйымдастыруға уәде еткен.

Тек 2022 жылғы ақпандағы жанжалдан кейін сот Кіші Талдыкөлдің бірнеше учаскесінде құрылысты уақытша тоқтатты, ал наурыз айында бүкіл аумақ бойынша құрылыс жүргізуге тыйым салды. Соған қарамастан, 2023 жылдың шілдесінде Жоғарғы сот Кіші Талдыкөл аумағында су қорғау аймағын белгілеу туралы талапты қанағаттандырмады.