16 қарашада Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы бұзылады. Елдің батысы мен солтүстігінде жаңбыр аралас қар жауып, кей жерлерде көктайғақ болады. Оңтүстікте желдің екпіні секундына 25 метрге дейін күшейеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Астанада түнде жол беті көктайғақ болуы мүмкін. Түнде және таңертең тұман түсіп, жолдағы көріну қашықтығы қысқарады.
Ақмола облысының батысында, солтүстігінде және шығысында түнде қар жауып, көктайғақ болады. Кей аудандарда тұман түсіп, желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.
Көкшетауда түнде жел секундына 15 метрге дейін күшейеді.
Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Өңірдің оңтүстігінде күндіз желдің жылдамдығы секундына 15 метрге жетеді. Қарағанды қаласында да тұман түседі.
Ұлытау облысының кей жерлерінде түнде және таңертең тұман болады. Күндіз жел секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
Ақтөбе облысында жауын-шашын, негізінен жаңбыр күтіледі. Түнде өңірдің солтүстік-батысында кей уақытта қатты жаңбыр жауады. Ал солтүстігі мен шығысында көктайғақ болуы мүмкін.
Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр аралас қар жауып, кей жерлерде көктайғақ болады. Түнде және таңертең тұман түседі. Желдің екпіні секундына 20 метрге дейін күшейеді.
Орал қаласында да түнде жаңбыр аралас қар жауып, тұман мен көктайғақ күтіледі.
Атырау облысының батысында түнде және таңертең тұман түседі. Жел секундына 15–18 метрге дейін күшейеді.
Маңғыстау облысының солтүстігінде тұман болады. Батысы мен солтүстігінде желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Ақтау қаласында да жел күшейеді.
Қостанай облысының батысында, солтүстігінде және шығысында негізінен жаңбыр жауады. Кей жерлерде көктайғақ болады. Түнде және таңертең бірқатар ауданды тұман басып, жел секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
Қостанай қаласында да жауын-шашын түсіп, жолдар тайғақ болады.
Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ күтіледі. Өңірдің солтүстігі мен шығысында тұман болуы мүмкін. Түнде желдің екпіні секундына 20 метрге жетеді.
Петропавлда тұман түсіп, екпінді жел соғады.
16 қарашада Алматы мен Қонаев қалаларында түнде және таңертең тұман күтіледі.
Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аймақтарын да тұман басады. Тауда желдің екпіні кей уақытта секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Облыстың солтүстігі мен шығысында өрт қаупі жоғары күйінде сақталады.
Жетісу облысының солтүстігінде, орталығында және таулы аудандарында түнде және таңертең тұман болады. Алакөл маңында желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.
Талдықорғанда да түнде және таңертең тұман күтіледі.
16 қарашада ең қатты жел Жамбыл облысында соғады. Өңірдің кей аудандарында, соның ішінде таулы жерлерде желдің екпіні секундына 15–20 метрге, ал күндіз 25 метрге дейін жетеді.
Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде және таулы аймақтарында тұман түседі. Таразда тұман түнде және таңертең болуы мүмкін.
Түркістан облысының батысында, оңтүстігінде, таулы және тау бөктеріндегі аудандарында тұман күтіледі. Күндіз өңірдің солтүстігінде жел секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
Қызылорда облысында түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз облыстың орталығы мен шығысында желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Ал оңтүстік-батысы мен солтүстігінде өрт қаупі жоғары болып қала береді.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Өскемен қаласында да тұман салдарынан көріну қашықтығы қысқаруы мүмкін.
Абай облысының солтүстігі мен орталық аудандарында түнде және таңертең тұман күтіледі.
Павлодар облысының батысында, шығысында және орталығында тұман болады. Павлодар қаласында да тұман түсуі мүмкін.