Түркістандық вундеркинд 4 жасында бірінші сыныпта оқып жүр

Сырым Қаржас
Видео кадры

Түркістан облысында небәрі төрт жастағы бала бірінші сыныпқа қабылданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

24.kz мәліметінше, Әли Адамбек қазір өзінен ересек балалармен бірге партада отырып, көпшілікке бірден оңай бола бермейтін тапсырмаларды сенімді орындап жүр. Сыныптағы ең кішкентай оқушы — тақтаға әрең жетеді. Алайда математикаға келгенде, көп жағдайда өзгелерден жылдамырақ жауап береді. Мұғалімдердің айтуынша, Әлидің есте сақтау қабілеті өте жоғары, дайындығы мықты. Ол есептерді ойша қосып-азайтады, күрделірек тапсырмаларды шешеді әрі еркін оқиды. Педагогтар оның әліпбиді мүдірмей айтып шығатынын да атап өтті.

Баласының қабілетін ата-анасы екі жасынан байқаған. Сол кезде ол әріптерді жаттай бастаған, ал үш жасында көбейту кестесін меңгеріп, екі амалдан тұратын есептерді шығара алған. Анасының айтуынша, Әли ұйықтар алдында өзі есеп шығаруды сұрайды, тіпті ағасына үй тапсырмасын орындауға көмектескен кездері де болған. Қазір оның қолында үшінші сыныпқа арналған математика жинақтары бар, тапсырмаларды өз бетінше орындайды.

Ата-анасы ұлының оқуға деген қызығушылығын қолдап отыр: күн сайын бірге кітап оқып, тапсырмаларды біртіндеп күрделендіреді. Мұғалімдер де баланың көбейту кестесі бойынша сұрақтарға сенімді жауап беретінін, жиі бірінші болып дұрыс нәтиже айтатынын растайды. Сыныптастары есепті баған түрінде шығарған кезде, Әли оны ауызша орындайды. Математикадан бөлек, ол қазақ әліпбиін толық меңгеріп, ағылшын тілін үйрене бастаған.