Түркістандағы колледжде қыздарды жатақхананың едені мен дәретханасын жууға мәжбүрлеген

Сырым Қаржас
Видео кадры

Түркістандағы колледжде қыздарды жатақхананың едені мен дәретханасын жууға мәжбүрлеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл туралы қоғам белсендісі Құрал Сейітханұлы жазды. Оқиға Түркістан қаласындағы Көпсалалы индустриялды техникалық колледж жатақханасында болған. 

- Мынау не масқара? Кішкентай қыздарды көшеге қуғаны қалай? Түркістан қаласы, Абай көшесі 81/5 мекенжайында орналасқан Көп салалы индустриялды техникалық колледж студенттері бізден көмек сұрап отыр. Айтуларынша студенттерге жатақхананың полы мен дәретханасын жудырып, тазалауға мәжбүрлейтін көрінеді. Ұл балдар жататын бөлмелерді де мәжбүрлеп тазалатады екен. Егер тазаламасаңдар жатақхананы босатыңдар дейді. Ол қыздар көшеде бір жағдайға ұшырап қалмасына кім кепіл?, – дейді ол. 

Құрал Сейітханұлы дәлел ретінде парақшасында видео жариялаған. 

- Дәретхана мен дәлізді тазалайтын арнайы жұмысшылар неге алмайды? Студент қыздар әбден шаршадық деп таусылып отыр. Мына айқайлап тұрған тәрбиешілерге қоңырау шалсам, дұрыстап сөйлеспейді. Телефонды қоя салады. Амал жоқ әлеуметтік желіге шығаруға тура келді. Мына екі минуттық видеоны қараңыз. Барлық дәлелдер тұр, – дейді белсенді. 

БАСҚАРМА НЕ ДЕЙДІ

Бұл жайтқа қатысты Түркістан облыстық білім басқармасынан түсініктеме беруін сұрадық. Түркістан облысы білім басқармасы аталған жағдайды бақылауға алып, арнайы комиссия құрып, тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізген. 

- Колледжде бүгінде 1072 студент білім алады, оның 80-і жатақханамен қамтылған. 2026 жылғы 23-25 ақпан күндері өтетін облыстық спартакиадаға байланысты жатақханаға қатысушыларды орналастыру қажеттілігі туындаған. Осыған орай тәрбиеші мен вахта қызметкерлері студенттерге ауызша түрде ұсыныс білдірген. Жатақханада студент жігіттердің уақытша болмауына байланысты қыздардан бос бөлмелерде тазалыққа көмек көрсету сұралған. Алайда кейбір студенттердің бас тартуына байланысты түсініспеушілік орын алған, – дейді басқарма өкілдері.  

Басқарма мәліметінше, қазіргі уақытта студенттермен және ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

- Білім басқармасы білім алушылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты назарда ұстайды. Ішкі тәртіп талаптарын күшейту және осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында қосымша шаралар қабылданды. Жауаптыларға қатысты заңға сәйкес тиісті шешім қабылданады, – делінген жауапта.