Өңірлерде картоп пен сәбіз қат: министрлік мәселені қалай шешпек

Ulysmedia

Өңірлерде көкөніс қорларын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілгенімен, кейбір аймақтарда сәбіз, картоп, қырыққабат тапшы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің мәліметінше, бүкіл өңір 85,8 мың тонна картопқа келісімшарт жасаған. Оның ішінде келісімшарт көлемі 50-100% аралығында, яғни сары аймақта 7 өңір: СҚО, Ақтөбе, Алматы, Маңғыстау, Павлодар, Ұлытау облыстары және Шымкент қаласы бар.

Бірқатар өңірлерде сәбіз де қат өнімге айналмақ. Жалпы, өңірлер келісімшарттарының көлемі 28,8 мың тоннаны құраған. Ондағы көлемі 50%-дан 100%-ға дейінгі сары аймақта 8 өңір: Ақтөбе, Жамбыл, Алматы, Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары, Астана, Шымкент қалалары кіріп тұр. Ал Павлодар облысы тіпті қызыл аймақта, онда келісімшарт көлемі 50%-дан да төмен. 

Қырыққабат қорына келсек, өңірлердегі келісімшарт көлемі – 19,1 мың тонна. Оның ішінде келісімшарты 50%-дан 100%-ға дейінгі сары аймақта 9 өңір тұр. Олар: Атырау, Ақтөбе, Ақмола, БҚО, Павлодар облыстары, Абай облысы, Астана, Алматы және Шымкент қалалары. Бес өңір қызыл аймақта: Маңғыстау, Алматы, Жамбыл, Жетісу және Ұлытау облыстарындағы жағдай.

Қат өнімдер көкөніс қоры асып тұрған өңірлерден тасымалданбақ, сондай-ақ, жергілікті өндірушілермен қосымша келісімшарт жасау көзделген.