Түркістан облысында 100 мың балаға балабақшасыз қалу қаупі төніп тұр – депутат

Аян Өрібай

Депутат Фахриддин Қаратаев Мәжілістің бүгінгі отырысында осындай мәселе көтерді. Оның айтуынша, Үкімет жағдайды түземесе, 100 мың баланың балабақшасыз қалу қаупі төніп тұр, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.

балабақша

Депутат келтірген мәліметке сәйкес, Түркістан облысындағы жекеменшік балабақшалардағы жан басына қаржыландыру мәселесі республика бойынша ең төменгі мөлшерде – 25 582 теңгені құрайды. Ал бұл көрсеткіш Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес, ауылды жерде 41 053 теңгені, қалалық жерде 37 527 теңгені құрауы тиіс.

«Түркістан облысы бойынша бүгінгі таңда 1024 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Яғни облыс бойынша 72% қамтиды. Осы балабақшаларда – 115 мыңнан астам (74%) бала тәрбиеленуде. 50 мың бала аз қамтылған, 25 100 бала көп балалы отбасынан келеді. Жекеменшік балабақшаларда 36 840 адам тұрғылықты жұмыспен қамтылған. Оның 19 004-і  педагог қызметкерлері мен тәрбиешілері қызмет етуде. Балабақша қызметкерлерінің айлық жалақысы 42 500-70 000 аралығында. Қызметкерлердің жартысынан көбі көп балалы және аз қамтылған отбасылар. 10 000-нан астам адам ең төменгі айлық жалақыға жұмыс істеп жатыр», - дейді ол.

Осыған орай, Түркістан облысы бойынша, жергілікті бюджеттен қаржы тапшылығына байланысты, соңғы 3 жылдағы инфляцияны, педагог кадрлардың айлық жалақысының өсуіне қарамастан жан басына қаржыландырудың мөлшеріне қосымша қаржы қарастырылмаған. Осының салдарынан бүгінгі таңда облыс бойынша 23,5 млрд теңге қаржы тапшылығы туындап отыр. Жергілікті атқарушы органдар облыс әкімі бұл қаржыны жергілікті бюджеттен төлеу мүлде мүмкіндігі жоқ екендігін жеткізуде.

«Бұл мәселені жекеменшік балабақшалары басшылары 3 жылдан бері көтеріп, барлық атқарушы мемлекеттік органдарға хат жолдаған болатын. Алайда осы күнге дейін мәселенің шешімі табылмады. Жан басына қаржыландыру мемлекеттік білім тапсырмасын орындау үшін Түркістан облысы бойынша 23,5 млрд тенге тапсырыс берілген. Бір-ақ республикалық бюджеттік комиссияның 2021 жылғы 20 сәуірдегі №9 шешімімен бұл шығыстар қолдау таппады. Егер бұл мәселе биылғы жылыда шешімін таппаса, кәсіпкерлер қыркүйек айында жаппай жұмыстарын амалсыз тоқтататынын білдіруде. Ол кезде тағыда 100 мың бала балабақшасыз, 20 мың адам жұмыссыз қалу ықтималдығы бар», - дейді ол.

Бұл мәселеге байланысты депутат Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.

«Осыған байланысты, қандай шешімдер қабылданатынын, тиісті қаржыландыру қалай жүзеге асырылатынын түсіндіруді сұраймыз», - дейді депутат.