Жылуға жарымаған Риддер: қалада төтенше жағдай режимі қашан алынады

Ғалиасқар Думан

Бұл туралы Үкімет кулуарында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Тілшілер Ахметовтен Риддердегі төтенше жағдай режимі қашан алынатынын сұрады.

"Төтенше жағдай режимі алынбайды, соның арқасында ғана біз бүгін барлық қажеттіліктермен қамтылдық. Режимді алатын болсақ, меншік иесі ештеңемен қамтамасыз етпейді", - деді аймақ басшысы.

Ол сонымен қатар Риддер тұрғындарының пәтерлердегі суыққа қатысты шағымдарына түсініктеме берді.

"Әрине, шағымданады. 6 қазандықтың орнына 3 жұмыс істесе, шағымданбағанда қайтсін? Егер біз кәсіпорынды коммуналдық меншікке алсақ, тұрғындар мұндай жағдайда өмір сүрмес еді. Бүгінде бізде мұндай өкілеттік жоқ", - деді Ахметов.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Риддердегі жылу электр орталығында екі қазандықтан өрт шыққанын хабарлаған болатын. Даниал Ахметов стансаның жаңа иелерін технологиялық бұзушылықтар жасады деп айыптады.

Сондай-ақ, 23 наурызда Риддер ЖЭО №6 қазандық аймағындағы жанармай беру галереясында көмір шаңы жарылды. Жарылыс толқыны шамамен 80 шаршы метр қоршау құрылымдарын қиратты.

24 наурызда қалада өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

ШҚО прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижесін Риддер ЖЭО-ның техникалық жай-күйі көңіл көншітпейтінін көрсетті. Жылу электр орталығының басшылығына 11 млн теңгеден астам айыппұл салынды.