Екібастұз әкімдігі қаланы жылусыз қалдырған монополистен 22 млн теңге өндіріп алды

Ғалиасқар Думан

Павлодар облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Екібастұз қаласы әкімінің «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-не келтірілген шығынды өндіру туралы талабы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

“Жауапкердің кінәсінен қалаға жылу беру тоқтатылып, тұрғындар мен мекемелер қыс кезеңінде жылусыз қалғаны анықталды. Салдарын жою және жылумен жабдықтауды қалпына келтіру үшін қалаға коммуналдық кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмыскерлері, оның ішінде еліміздің басқа өңірлерінен де жіберілді. Қала бюджетінен 22 171 000 теңге бөлінді. Көрсетілген сома апатты жоюға қатысқан жұмысшылардың тамақтануына, тұруына және жанар-жағармайға жұмсалды”, – делінген облыстық сот хабарламасында.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаментімен жауапкердің кінәсі анықталдықтан, қолданыстағы заңнаманың талаптарын ескере отырып, одан мемлекет пайдасына 22 170 308 теңге көлеміндегі шығын сомасы өндірілді.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қарашасында Екібастұздағы жылу желілерінде апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары созбаққа салынды.

8 ақпанда «Павлодарэнерго» АҚ бұрынғы бас директоры Вадим Лесин Екібастұз қаласын жылумен  қамту проблемасын жылыту маусымы аяқталғанға дейін шеше алмайтынын мәлімдеді.

Ақпан айының басында өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Вадим Лесиннің жұмысын қатаң сынға алып, оның қызметінен босатылуын талап етті.

15 ақпанда компанияға жаңа басшы тағайындалды

Жуырда өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда Екібастұздағы жылу мәселесі көтеріліп, сенатор Алтынбек Нұхұлы қаладағы жылумен жабдықтау жүйесіне жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткенін сынға алған болатын.

11 сәуірде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр аудит аяқталғанын мәлім етті. Оның сөзінше, Екібастұз тұрғындары келесі жылыту маусымында жылудан таршылық көрмейді. Скляр ЖЭО-ның бір бөлігі мемлекет есебінен жөнделетінін жеткізді. Ал "Екібастұзжылуэнерго" өздеріне тиесілі қондырғыларды қаржыландырады. Екі жақтап қаржы көлемін арттырып, жылумен жабдықтау мәселесін шешу уәде етілді.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, Екібастұз билігі өткен жылдың 28 қараша мен 8 желтоқсаны аралығында қаладағы жылу желілерінен шыққан апат салдарынан төтенше жағдай режимі жарияланған уақытта жұмсалған шығынды өндіріп алу үшін монополисті сотқа берген.