2.2 млрд теңге табысын жасырды деп күдікке ілінген блогерлер тексеріліп жатыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Салықшылар 2.2 млрд теңге табысын жасырды деп күдікке ілінген төрт блогерді тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мемлекеттік кірістер комитеті салық талаптарын орындамаған блогерлер саны туралы мәлімет берді.

ҚазАқпарат агенттігінің ресми сұранысына жауап берген Мемлекеттік кірістер комитеті қазіргі таңда төрт блогерге қатысты тексеру шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Бүгінгі күні камералдық бақылау нәтижелері бойынша жолданған хабарламалардың орындалмауына немесе толық орындалмауына байланысты блогерлерге қатысты салықтық тексерулер тағайындау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Соның ішінде, төрт блогерге қатысты табыс сомасын 2,2 млрд теңгеге төмендету фактісі бойынша тексеру жүргізу туралы бұйрықтар шығарылды, — делінген комитеттің ресми мәліметінде.

Еске салайық, осы жылы Мемлекеттік кірістер комитеті 2022–2023 жылдар аралығындағы кезеңге байланысты камералдық бақылау нәтижесінде табысты төмендету фактісі бойынша 854 блогерге қатысты жалпы сомасы 71,9 млрд теңгені құрайтын 1 586 хабарлама жолдаған.

2025 жылғы 4 маусымдағы жағдай бойынша 394 блогер қосымша декларациялар тапсырып, 11,8 млрд теңге көлемінде табыстарын жариялаған. Осыған сәйкес, 0,64 млрд теңге салық есептелген.