Қаржы министрлігі қазақстандықтардың шетелден алатын қаржысын бақылауға алды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда шетелден қаржы алатын қазақстандықтар бойынша деректер базасын қалыптастыру ережелері бекітілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қаржы министрінің бұйрығына сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар субъектілер мемлекеттік кірістер органдарына 1 теңгеден басталатын мөлшерде ақша немесе мүлік алғаны туралы хабарлауға міндетті. Егер олардың қызметі төмендегідей бағыттарға арналса:

  • заң көмегін көрсету (кеңес беру, қорғау, өкілдік ету);

  • коммерциялық емес мақсатта әлеуметтік және қоғамдық сауалнамалар жүргізу және нәтижелерін жариялау;

  • коммерциялық емес мақсатта ақпарат жинау, талдау және тарату.

Мемлекеттік органға хабар беру үшін 10 күн мерзім белгіленген.

ЕСЕПТЕР

Шетелден алынған ақша мен мүлікті қабылдау және жұмсау туралы мәліметті ұсыну тәртібі де бекітілді.

– Есептік кезең — қаржы немесе мүлік алынған не жұмсалған жартыжылдық. Мәліметтер есептік жартыжылдықтан кейінгі екінші айдың 15-іне дейін ұсынылады. Егер операция жүргізілмесе, нөлдік есеп тапсырылады. Салықтық тексерістер жүргізіліп жатқан кезеңде бұрын ұсынылған мәліметтерге өзгеріс енгізуге немесе толықтыру жасауға рұқсат етілмейді,  – делінген құжатта.