Ең көбі террористер - шетелде қанша қылмыскер қашып жүр

Аян Өрібай

Террористер, кісі өлтірген қылмыскерлер, ұрылар мен алаяқтар... Бас прокуратура Қазақстанда қылмыс жасап, шет елдерде қашып жүргендер туралы мәліметті жария етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.

Фото: Ашық дереккөзден

«Осы жылдың 2 қарашасындағы жағдай бойынша шет елдерде іздеуде 628 қылмыскер жүр: оның ішінде ҚР ҚК-нің 257-бабы бойынша – 185 (террористiк топ құру, оған басшылық ету және  оның әрекетіне қатысу), ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша – 93 (алаяқтық), ҚР ҚК-нің 189-бабы бойынша – 56 (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi имденiп алу  немесе талан-таражға салу), ҚР ҚК-нің 256-бабы бойынша – 42 (терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру), ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша – 19 (ұрлық жасау), ҚР ҚК 99-бабы бойынша – 18 (кісі өлтіру) адам шет елдерге қашып кеткен», - деп жауап берді Ulysmedia.kz порталының ресми сауалына комитет төрағасының орынбасары Р.Әлкенов.

ҚР ҚПК-нің 559-бабы 1-бөлігіне сәйкес ҚР Бас прокуратурасы Қазақстаннан тыс ұсталған адамдарды экстрадициялау сұрақтары бойынша орталық құзыретті орган саналады. ҚР ҚПК-нің 580-бабына сәйкес қылмыстық процесті жүргізетін орган Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасаған және оның аумағын тастап кеткен адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы өтінішхатқа қажетті құжаттарды қоса бере отырып, осы өтінішхатпен Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына өтініш жасайды. Бас прокуратура Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген негіздер болған кезде, ал ол болмаса, өзара түсіністік қағидатында, шет мемлекеттің құзыретті органына Қазақстанға адамды ұстап беру туралы сұрау салумен жүгінеді.

«2017-2021 жылдар аралығында кезеңінде Бас прокуратураның сұрау салулары бойынша шет мемлекеттерден Қазақстанға 276 қылмыскер экстрадицияланғанын хабарлаймыз», - делінген жауапта.

Еске сала кетсек бұған дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдік бойынша 48 азаматты іздестіріп жатқанын, оның ішінде 41-і шет елдерде қашып жүргенін хабарлаған еді.