Үш жылда 1,7 млрд теңге: Алматы әкімдігі «асырап» келе жатқан миллионер компания

Мият Кәшібай

Алматы әкімдігі Qazaq Sport деген жеке компанияға 2018 бері бір көзден тендер беріп келеді. Аталған компания үш жарым жыл ішінде қалалық спорт басқармасынан 1,7 млрд теңгеге жуық мемтапсырыс алған. Ulysmedia тілшісі қос тарап арасындағы «тығыз байланыстың» тереңіне үңіліп көрді.

Коллаж: ulysmedia.kz

ҰЗАҚ КҮТТІРМЕГЕН АЛҒАШҚЫ ТЕНДЕР

Qazaq Sport – 2018 жылы 13 ақпанда құрылған компания. Мемлекеттік сатып алу порталына сол жылдың 3 сәуірінде тіркелген. Ал 12 cәуірде компания 612 млн теңгенің тендерін алған.  Тапсырыс беруші – Алматы қаласы спорт басқармасы.

Бұл тендер бір көзден сатып алу тәсілі бойынша өткен. Яғни, спорт басқармасы ашық конкурс жарияламаған, тікелей Qazaq Sport компаниясымен келісімшарт жасасқан. Әкімдік басқармасы компанияға қала аумағында жыл бойы өтетін спорттық іс шараларды ұйымдастыру қызметін тапсырған.

2018 жылы Алматыда өткен спорттық іс-шаралардың бірі. Фото: Tengrinews.kz

Осылайша Qazaq Sport ЖШС құрыла сала жарты миллиардттан астам қаржыға мемтапсырыс алып, бір жыл ішінде қыруар пайдаға кенелді. Мәселен, компания 2018 жылы мемлекетке 55 370 890 теңге салық төлеген.

Алайда 2019 жылы бұл компанияның пайдасы бірден алты есеге азайды. Оны төлеген салығының мөлшерінен аңғаруға болады. Салық комитетінің дерегінше, 2019 жылы Qazaq Sport ЖШС-ның қазынаға құйған салық мөлшері – 8 784 453 теңге. Компания пайдасының бір жыл ішінде алты есеге азаюының бір ғана себебі бар. Өйткені 2019 жылы  Qazaq Sport ЖШС ешқандай мемтапсырыс алған жоқ.

КАРАНТИН ӘСЕР ЕТПЕГЕН ЕКІНШІ ТАПСЫРЫС

Бірақ бұл компанияның «тоқырау кезеңі» ұазаққа созылмады. 2020 жылы Алматы спорт басқармасы қаладағы спорттық іс-шараларды өткізуді қайтадан Qazaq Sport-қа тапсырды. Сол жылы Алматы қаласы коронавирусқа байланысты екі рет карантинге жабылып, шаһарда бірнеше мәрте локдаун болғанына қарамастан, спорттық іс-шараларға жарты миллиардқа жуық қаржы жұмсалған. Біз мұны Алматы спорт басқармасы мен Qazaq Sport ЖШС жасасқан келісімшарттан байқадық.

Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов. Фото: Prosports.kz

Қос тарап 2020 жылдың 23 қаңтарында спорттық іс-шаралар үшін 618 млн теңгеге келісімшарт жасасқан. Бірақ жыл соңында көрсетілген қызметке қарай Qazaq Sport компаниясына 485 млн теңге төленген. Әдеттегідей бір көзден сатып алу тәсілі бойынша жасалған бұл келісімшарттың техникалық сипаттамасында компанияға нақты қандай спорттық іс-шаралар өткізу тапсырылғаны көрсетілмеген.

БИЫЛҒЫ ЕКІ ТЕНДЕР

Бұл компания биыл да Алматы спорт басқармасынан екі рет мемтапсырыс алды. Біріншісі «2021 жылға арналған «Спорттық Алматы» бұқаралық спорттың кешенді қалалық бағдарламасын іске асыру бойынша қызметтер» деп аталады. Келісімшарт құны – 501 млн. Жыл басынан бері аталған сомманың 308 млн теңгесі компания шотына аударылып қойды. Бірақ мемсатып алу порталында компания жыл басынан бері нақты қандай спорттық іс-шара өткізгені жайлы дерек жоқ.

Ал биыл жасасқан екінші келісімшарты «Халықаралық, республикалық және қалалық ауқымдағы өтетін Алматы қаласының аумағында спорттық іс-шаралар даярлау жөніндегі қызметтерді ұйымдастыру және өткізу» деп аталады. Оның құны – 90 млн.

QAZAQ SPORT КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

Qazaq Sport ЖШС құрылғалы бері мемсатып алу порталында жалпы саны төрт келісімшарт жасасқан. Оның барлығында тапсырыс беруші – Алматы қаласы спорт басқармасы. Оның үстіне компания барылық тендерді конкурссыз алған.

Алматы қаласы әкімдігінің ғимараты. Фото: 2gis.kz

Негізі бір көзден сатып алу тәсілімен тендер өткізу заңға қайшы емес. Алайда сарапшылар бұл тәсіл жемқорлық қатерін арттырады деп есептейді. Өйткені тапсырыс беруші мекеме тендер жеңімпазын анықтау үшін ашық конкурс жарияламайды. Өзіне ыңғайлы компанияны таңдап алып, сонымен келісімшарт жасасады.

Әдетте тапсырыс беруші бір көзден сатып алу тәсіліне жүгінгенде, тәжірибелі, өз саласында өнімді жұмыс атқарып отырған компанияны таңдап алады. Ал Алматы қаласы спорт басқармасы жоғарыда жазғанымыздай 2018 жылы 612 млн теңгенің тендерін құрылғанына екі-ақ ай болған әрі сол уақыт аралығында қазынаға бір тиын да салық төлемеген Qazaq Sport компаниясына тапсырды. Бұған қоса, сол компанияға жыл сайын бір көзден тендер беріп келе жатыр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, құрылғалы бері тек Алматы спорт басқармасының  тендерін алып келе жатқан Qazaq Sport құрамында бес адамға дейін ғана жұмыс істейтін шағын кәсіпорын. Директоры – 33 жастағы Ержан Мухаманов. Ол бұл компанияны құрылғалы бері басқарады. Ал Qazaq Sport ЖШС-ның бір ғана құрылтайшысы бар. Ол – Әлібек Шауменов. Бұл азамат – 2019 жылдың 6 шілдесінен бері ғана компания құрылтайшысы. Ал оған дейін Qazaq Sport ЖШС-ның жалғыз құрылтайшысы Әшім Түйебаев деген адам болған. Ашық дереккөзден компанияның директоры Мухаманов пен қазіргі құрылтайшысы Шауменов жайлы да және бұрынғы құрылтайшысы Түйебаев жайлы да ақпарат таппадық.