Айлығыңыз қанша, әкім мырза? Облыс басшылары сұраққа қалай жауап берді

Аян Өрібай

Ulysmedia.kz редакциясы 17 облыстың әкіміне ресми сауал жолдап, айлық мөлшері қанша екенін біліп көруге тырысты.

Ulysmedia коллажы

БЮДЖЕТ ДЕФИЦИТІ

Қазір бюджет дефициті мәселесі күн тәртібінде қызу талқыланып жатыр. Былтыр үкімет жетпей жатқан ақшаны әдеттегідей Ұлттық қормен әупірімдеп жапқан соң, биыл бюджет толтырудың сан түрлі амалы айтыла бастады. Қосымша құн салығын өсірудің өзі кейінгі күндерде талқы жағынан күн тәртібінен түспей тұр. Сарапшылар бюджетті толтырудың сан түрлі амалын айтып, соның бірі – мемлекеттік қызметшілердің санын қысқарту керек дескен. Әзірге олардың осы және өзге де ұсыныстары төңірегінде билік тарапынан нақты жауаптар айтылған жоқ.

Ulysmedia.kz редакциясы бюджеттен тікелей айлық алып отырған облыс әкімдерінің айлығын білу үшін 17 облысқа ресми сауал жолдады.

ТЕК ҮШ ӘКІМ АЙЛЫҒЫН АЙТТЫ

17 облысты басқаратын әкімдердің көбі айлығын айтуға құлықсыз болып шықты. 17-нің ішіндегі 14-і жауабында жалақы мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес анықталатынын, мөлшері мемлекеттік сектордағы қызметкерлердің барлық санатына қатысты бекітілген нормалар мен қағидаттар негізінде қалыптастырылатынын атап өтеді. Баспасөз хатшылары бірінің аузына бірі салып бергендей осылай бірдей жауап берген. Келген мәліметке қанағаттанбаған жағдайда жауапқа шағымдануға болатынын да атап өткен (жауапқа шағымдану жоспарда жоқ).

Айлығын жасырмай айтып, ашықтық танытқан үш әкімді атап өтейік. Олар Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай. Алматы өңіріне жетекшілік ететін Марат Сұлтанғазиев 26 жылдық еңбек өтілімен, міндетті төлемдерді алып тастағанда қолына 2,4 млн теңге алады. Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айлығы одан аз – 1,7 млн теңге. Мұнайшылар аймағының басшысы Нұрдәулет Қилыбай міндетті аударымдарды алып тастағанда қолға алатын айлығының мөлшері 1 849 550 теңгеден 1 945 423 теңге аралығында екенін хабарлайды.

Аян Өрібай, Ділназ Бишер